Қазіргі жаһандану жағдайында түркі халықтарының рухани байланысын нығайту, әдеби-мәдени, ғылыми ықпалдастықты дамыту – өзекті мәселелердің бірі. Осы тұрғыда Түркиялық ғалым, жазушы, аудармашы Ашур Өздемирмен ұйымдастырылған кездесу айрықша маңызға ие болды. Кездесу ZOOM платформасы арқылы онлайн түрде өтіп, қазақ әдебиетін шетелде насихаттау, түркі дүниесінің ортақ рухани құндылықтарын дәріптеу мәселелерін кеңінен қамтыды.

Аталған ғылыми-танымдық іс-шараға М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультетінің МҚТӘ-11 магистранттар тобы, қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының студенттері ҚТӘ-17, сондай-ақ «Филология: түрік тілі» (Филтүрік) тобы қатысты. Кездесу филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рита Сұлтанғалиеваның жетекшілігімен өтті.
Кездесу барысында ғалым өзінің ғылыми жолы, шығармашылық ізденістері мен аудармашылық тәжірибесі жөнінде мазмұнды ой қозғап, студенттер мен магистранттардың сұрақтарына жауап берді.
Қазіргі таңда Түркияның Ерзурум қаласында тұрып жатқанымен, жүрегі қазақ әдебиетімен тығыз байланыстағы Ашур Өздемир 1992 жылы Түркістан қаласына келіп, Қожа-Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде түрік тілі мен әдебиетінен дәріс берген. Осы кезеңнен бастап ол қазақ халқының рухани мұрасын терең зерделеп, ғылыми зерттеулер жүргізген. 2014 жылы профессор Ауни Гөзүтоктың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі септік категориясы» тақырыбында докторлық диссертация қорғауы – соның айғағы.

Ашур Өздемир қазақ әдебиетінің озық үлгілерін түрік тіліне аударып, түркі әлеміне кеңінен танытып келеді. Атап айтқанда, Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Спандияр Көбейұлының «Қалың мал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Дулат Исабековтің «Дермене», «Гауһар тас», «Сүйекші» және басқа да туындыларын, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» түрік тіліне тәржімалаған. Бұл еңбектер қазақ әдебиетінің көркемдік қуатын, құндылығын халықаралық деңгейде танытуда ерекше рөл атқарып отыр.
Іс-шара соңында филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Рита Сұлтанғалиева қазақ әдебиетін әлемге танытып жүрген ғалымдардың еңбегіне жоғары баға беріп, қазақ елін әдебиеті арқылы түркі жұртына танытып жүрген ғалымдар мен жазушы, әдеби аудармашыларға алғысын білдірді.
Жадыра Құмарова,
М. Өтемісов атындағы БҚУ магистранты