18.11.2025, 13:00
Оқылды: 38

Түркиялық Iskefe Holding Қазақстанда тағамдық желатин өндіретін зауыт салады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Iskefe Holding компаниясының басқарма төрағасы Билал Алкочпен кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар тағамдық желатин өндіру жобасын іске асырудың инвестициялық әлеуетін талқылады, - деп жазады Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі

_gluster_2025_11_18_f51d228e11a38a12672a37e7612c3d5c_1280x720

Iskefe Holding компаниясы келесі жылы қуаты 7 000 тонна болатын жоғары технологиялық кәсіпорынның құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Жобаның жалпы құны 22,5 млрд теңгені құрайды.

Министрдің айтуынша, бұл жоба өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие және тері-шикізатты өңдеуге тереңірек тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда жыл сайын 3,3 млн ірі қара малдың терісін және 3,1 млн ұсақ малдың терісін өңдейтін 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, көрсеткіш деңгейі төмен. Мәселен, былтыр тері-шикізаттың 5,9%-ы ғана өңделген, 7,7%-ы экспортталған, ал 86,4%-на сұраныс болмаған.

«Жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін маңызды. Жаңа зауыт өңдеуге айтарлықтай көлемде шикізат тартуға, саланың тиімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді Айдарбек Сапаров.

Министр сондай-ақ тері және жүн өңдеуді дамытуға мемлекет тарапынан инвестициялық субсидиялар, жүн қырқу бекеттерін, мобильді кешендерді және жабдықты субсидиялау,
жүнді өңдеуге тапсыратын фермерлерге төлемдер, салықтық жеңілдіктер сияқты басқа да көптеген қолдау шаралары туралы айтып өтті.

2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында 70-тен астам жүн қабылдау және 200-ге жуық тері қабылдау пунктін ашу жоспарланған. Бұл өңдеу кәсіпорындары үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Iskefe Holding өкілдері жоба Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің ұзақ мерзімді дамуына оң әсер ететініне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қосылған құны жоғары өнім экспортын арттыруға серпін беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия арасындағы бизнестік ынтымақтастық белсенді дамуда.
Бүгінде құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын 14 бірлескен жоба бойынша жұмыстар қолға алынуда, оның ішінде 7 жоба табысты жүзеге асырылған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале