19.12.2025, 9:00
Оқылды: 8

Тұрмыстық құқықбұзушылық жиіледі

Оралда гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік акция қорытындыланды. Достық үйінің  кіші  мәжіліс  залында «Гендерлік  зорлық-зомбылыққа  қарсы 16 күндік  белсенді  әрекет»  халықаралық  акциясының  қорытынды  шарасы  –  «Адал  азамат  – қоғам  тірегі»  атты дөңгелек үстел  өтті. Жиынға зиялы қауым  өкілдері,  колледж  оқытушылары,  қоғамдық  ұйымдар  мен  дағдарыс  орталықтарының  жетекшілері  қатысты. Шараны «Ақ отау» отбасы орталығы қоғамдық бірлестігінің  төрайымы  Алтынай Есқалиева жүргізді.

DSC03239

Халықаралық акция Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында облыс бойынша әртүрлі сипаттағы кездесулер, түсіндіру жұмыстары, қоғамдық бастамалар іске асқан болатын. Дөңгелек үстел осы ауқымды науқанның түйінді шарасы ретінде өткізілді.

Жиында алғашқы болып сөз алған облыс прокурорының аға көмекшісі Шахзада Әлібекова өңірдегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деректеріне қатысты құқықтық статистикаға тоқталып, алдын алу шараларының маңызын атап өтті. Ол прокуратура құрылымдарының жүйелі жұмыстарын, зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық қорғау тетіктерін жан-жақты түсіндірді.

– Биылғы 11 айда облыс көлемінде 152 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,3 пайызға көп. 2024 жылдың дәл осы кезеңінде 133 дерек болған еді. Қылмыстың өсуінің негізгі себебі – денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚК, 108-1-бабы) және «ұрып-соғу» деректері бойынша (ҚК, 109-1-бабы) қылмыстық жауаптылықтың енгізілуі. Яғни бұрын әкімшілік деңгейде қалып келген әрекеттер қазір қылмыстық сипат алып, есепке алынып отыр. Талдау көрсеткендей, тіркелген оқиғалардың басым бөлігі отбасылық-неке қатынастарының ішінде орын алады. Ең осал топ – әйелдер. Сонымен қатар жәбірленушілер қатарында балалар да бар, бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін дәлелдейді. Біздің талдауымыз көрсеткен маңызды тұстардың бірі – құқықбұзушылықтардың едәуір бөлігі отбасылық жанжал кезінде алкогольдік ішімдік әсерімен жасалады. Яғни бұл – әлеуметтік, профилактикалық және құқықтық жұмысты қатар күшейту қажет екенін білдіретін фактор. Енді әкімшілік құқықбұзушылықтарға тоқталсам: биылғы 11 айда 1865 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салыстыру үшін: 2024 жылдың осы кезеңінде – 1924 адам, ал жыл қорытындысында 2092 адам болған. 2023 жылға дейін бұл бағыттағы статистика салыстырмалы түрде жылына 1000-1300 іс болатын. Алайда 2023 жылдан бастап құқық қорғау құрылымдары арыздануды тек жәбірленушінің өзінен емес, куәгерлерден, көршілерден, кез келген азаматтан қабылдай бастады. Осы өзгеріс нәтижесінде көрсеткіштер күрт өсті. Бұл қоғамның немқұрайлы еместігінің бір көрінісі, – деді Шахзада Әлібекқызы.

Келесі кезекте облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Диляра Сатарова сөз алып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында дағдарыс сигналдарына дер кезінде назар аударудың маңыздылығын айтты. Ол құқық қорғау құрылымдарының профилактикалық шараларын, қорғау нұсқамалары мен есепке алу тәртібін түсіндірді.

Дөңгелек үстелде қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері де өз пікірлерін ортаға салды. Білім және менеджмент институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағам-
бетов зорлық-зомбылықтың тарихи-әлеуметтік себептерін талдаса, «Қазақстандағы әкелер» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік құрылтайшысы Серік Ихсанов ер-азаматтардың отбасы тәрбиесіндегі рөлін күшейту, әкелік жауапкершілікті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

Сонымен қатар шарада «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» өңірлік филиалының басшысы Павел Кочетков, облыстық аналар кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Тамара Сейтақова және «Stop Bullying» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айжан Сабурова сөз сөйлеп, адам құқықтарын қорғау, буллингтің алдын алу, әйелдер мен балаларды қолдау бағытындағы пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында қатысушылар қоғамдағы моралдық жауапкершілік, заң үстемдігі, отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелерін талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.

Жиынды қорытындылаған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева акция аясында атқарылған жұмыстардың маңызын айта келе, қоғамдағы әрбір азаматтың парасаттылығы мен заңға құрметі отбасындағы тыныштық пен ұрпақ тәрбиесінің кепілі екенін атап өтті.

Шара соңы еркін пікір алмасуға жалғасып, ұйымдастырушылар ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастық жалғаса  беретінін  жеткізді.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале