15.03.2024, 9:15
Оқылды: 82

Тұтынушы табанды болуы тиіс

15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні

 

 Наурыздың 15-і – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні. Тұтынушы деген - сіз, біз, бәріміз. Тұтынушының ақпарат алу, қауіпсіздігін қорғау, таңдау және хабардар болу құқықтары бар. Ал біздің құқықтарымызды кім қорғайды?  

 

«Самсунг» емес екен

Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылының тұрғыны Нұрзина Қабиева былтыр қазанда Ақжайық ауданының орталығындағы дүкеннен несиеге теледидар рәсімдеп алған. Сатушы құны 300 мың теңге Самсунг ныспылы теледидарды 150 мың теңгеге ұсынған.

– Мұндай тиімді бағаны көрген соң, сатып алуға келістім. Бірақ анау-мынау төлемдерді қосқанда құны 200 мың теңгеден асып кетті. Теледидарды үйге әкелген соң, Атырауда тұратын бала-келініме хабарластым. Бейнебайланыс арқылы тауарды көрген балам оның қымбат тұрмайтынын, пульті де арзан зат екенін айтты. Теледидарды қосып қарағаннан кейін, маркісі басқа екенін білдік. Себебі экранының төменгі жағындағы «Самсунг» жапсырма қағаз болып шықты. Сол кезде арзан теледидар алғанымды білдім. Көңілім түсіп кетті. Дәл осылай алданамын деп ойламаған едім. Құқығымды қорғауға бел будым. Ертеңіне дүкенге хабарласып, тауардың жай-жапсарын айттым. Ол жердегілер жеңілдікпен сатылған тауарды кері қабылдамайтындарын, басқа затқа ауыстырмайтындарын да айтты. Мен сонда да теледидарды оларға апардым. Дүкен иесімен көзбе-көз сөйлескім келгеніммен, онымен кездесе алмадым. Ұзын-сөздің қысқасы, бірнеше күн  ауыл мен аудан орталығының ортасында жүрдім. Достарым  БҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың телефон нөмірін беріп, жолығуымды ұсынды. Осы кісі маған заң тұрғысынан кеңес беріп, құқығымды қорғауыма көмектесті. Департамент өкілдері араласқан соң ғана дүкеннің иесі теледидарды кері алып, барлық төлеген ақшамды қайтарып берді. Ал департамент ол кәсіпкерге айыппұл салды. Осылайша тұтынушы ретінде құқығымды қорғадым, – деді Нұрзина апай.

Халықтың өмір сүру сапасы мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында 2019 жылы 17 маусымында Сауда және интеграция министрлігі құрылды. ҚР Үкіметінің сол жылғы 10 шілдедегі №497 қаулысымен аталған министрліктің жанынан Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бүгінде әр облыста комитеттің департаменттері қызмет көрсетеді. Былтыр осы комитеттің тапсырысымен «Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» ҚБ әр өңірде тұтынушы құқықтарының мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалық зерттеу жүргізген. Зерттеудің мақсаты – қазақстандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің жай-күйін, проблемаларын және даму перспективаларын айқындау.

Осы зерттеудің есебіне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне және аумақтық департаменттерге тұрғындардан 32 899 өтініш түскен. Ал 2022 жылы тоғыз айда 20 642 өтініш тіркелген. Бұл көрсеткіш тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті құрылым қызметінің тиімділігін көрсетеді. Іс-шаралар нәтижесінде тұтынушыларға 803,4 млн теңге қайтарылған (2022 жылы қайтарылғаны – 538,9 млн тг.).  Зерттеу барысында елімізде бөлшек сауда, электронды коммерция, тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылатыны анықталған. Мәселен, 12 079 шағым немесе олардың жалпы санының 36,7%-ы бөлшек саудаға қатысты жазылған. Ал бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 123%-ға өскен (9795 өтініш түскен). Өтініштер сапасыз, ақауы бар тауарларды айырбастаудан және қайтарудан бас тартуға қатысты жазылған. Электронды сауда-саттық бойынша 6438 шағым немесе шағымдардың жалпы санының 19,6%-ын құрайды. Ал 2022 жылы бұл салада небәрі 1701 өтініш түскен екен.

 

Тұтынушылардың сауаттылығы артқан

БҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың (суретте) айтуынша, 2023 жылы департаментке 538 жазбаша арыз түскен. Ал 110 шағым телеграм-ботқа тіркелген. Сонымен қатар 201 адам департамент мамандарынан кеңес алыпты. Сенім телефонына 460 адам хабарласқан. Жалпы 1309 тұтынушы көмекке жүгінген. Осылардың 906-сы бөлшек саудаға қатысты арызданған.

Эльмира

Фото: өңірлік коммуникациялар қызметінен

– Елімізде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң бар. Тауарды қайтару мерзімі, шарттары, тәртібі осы заңмен реттеледі. Заңға сәйкес, тұрғындардың сатып алған тауары сапасыз болса, түсі, пішіні, өлшемі ұнамай қалса, ақшасын алуға немесе басқасына ауыстыруға құқығы бар. Тек 14 күннен кешіктірмеуі керек. Сосын тауар қолданылмаған, бүлінбеген болуы тиіс. Заттың тауарлық немесе фискалды түбіртегі де керек. Осы ретте айта кету керек, егер тауарға қолма-қол ақша төлеген болса, ақшасы бірден кассада қайтарылады. Картамен төлем жасалса, қаражат белгілі бір уақыттан соң картаға түседі. Тұтынушылардың сауда орындарына кері қайтарылмайтын  тауарлардың да бар екенін білгендері жөн. Олар – дәрі-дәрмектер, шұлықтар, іш киімдер, метражбен сатылатын тауарлар, өсімдіктер мен жануарлар, ұялы телефондар, – деді  басқарма  басшысы.

Эльмира Нұрқызының айтуынша, департамент кәсіпкерлік нысандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша тексеріс жүргізе алады. Заң бұзушыға 190-баптың 4, 5-бөлімдері («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзу») және 193-баптың 1-бөлімі («Қазақ-стан Республикасының сауда қызметiн реттеу туралы заңнамасын бұзу») бойынша хаттама толтырып, айыппұл салады. Заңнамаға сәйкес, тұтынушы сатушының үстінен сотқа арыз бермес бұрын сотқа дейінгі талап-арыз жазуы керек. Мысалы, ол алдымен кәсіпкерге «тауар сапасыз болғандықтан, қаражатты кері қайтаруыңызды сұраймын» деп арыз жазады. Кәсіп иесі тұтынушыға «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-4-бабына («Тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) жүгінуі») сәйкес, 10 күннің ішінде жауап беруі тиіс. Егер жауап бермесе, департамент қызметкерлері тексеріс жүргізеді. Егер сотқа дейін тұтынушының мәселесі оң шешілмесе, ол құқықбұзушының үстінен сотқа арыз жазады. Департамент қызметкерлері үшінші тұлға ретінде сотқа қатысады.

– Жалпы тұтынушылардың сауаттылығы артып келеді. Себебі департамент алғаш құрылған жылдары (2019 ж. – авт.) тұрғындардан қазіргідей шағым түспейтін. Жыл санап бізге хабарласып, құқығын қорғауды сұрайтындардың саны көбеюде. Яғни тұрғындар заңнамалардан хабардар деген сөз. Бұл ретте әлеуметтік желінің, БАҚ-тың пайдасы бар. Өзім де әлеужеліде жариялаған біреулердің шағымдарын көріп қалсам, департаментке шақырамын. Байланыс нөмірімді беріп, кеңес алуды ұсынамын. Департаментке аудан-ауылдардан да хабарласатындар бар. Әсіресе, Бөрлі ауданынан көбірек қоңырау түседі. Былтыр Ақжайық ауданындағы кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Эльмира Нұрқызы.

Басқарма басшысы айтып өткендей, сауда орындарындағы тауарлардың бағасы жазулы тұруы тиіс. Егер бағасы көрсетілмесе, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Былтыр осындай бұзушылыққа қатысты 28 хаттама толтырылыпты. Кейде дүкен сөресіндегі тауарда басқа баға жазулы тұрса да тұтынушыға басқа құн төлететіндер бар. Биылдың өзінде осындай жайтқа байланысты үш құқықбұзушылық анықталған. Екеуінде тауардың бағасы жазылмаған болса, бірінде көрсетілген құны сәйкес келмеген. Мұндай жағдайда дүкен иелері «тауар қымбаттады, баға көрсеткішін ауыстырып үлгермедік» деген уәж айтады. Осы ретте фискалдық түбіртектің қаншалықты қажет екені анық көрінеді. Мәселен, сатып алған тауар жарамсыз болса, оны кері қайтару не алмастырып алу үшін түбіртек керек. Негізі әр сатушы чек беруге міндетті. Оны сұраған тұтынушыға да беруі тиіс.

Онлайн сауда да ойлантады

– Қазір онлайн сауда-саттық қарқынды дамып келеді. Әрине, бұл жақсы. Бірақ «әттеген-айлар» да жоқ емес. Мысалы, батысқазақстандықтар шалғайдағы Қарағанды, Түркістан секілді өзге де қалалардағы тауарларға тапсырыс береді. Алайда тапсырыс қабылдап, ақшасын алып, тауарды бермейтіндер көбейді. Көбінесе инстаграм парақша ашып, тауар туралы ақпарат жариялайды. Жұрттан ақша жинап алады да, «жоқ» боп кетеді. Сондықтан тұрғындар тауарға тапсырыс берерде кәсіпкердің жұмыс істейтінін тексеріп алулары керек. Тауардың сапалы екеніне көз жеткізген жөн. Тауарды және оның сертификатын фото-видеомен көрсетуді сұрау қажет. Яғни тауар мен сатушы жөнінде барлық мәліметті білуі тиіс. Қазір тұрғындар, әсіресе, жиһаздарға жиі тапсырыс береді. Тауардың шалғайдан өте нашар күйде жеткізілгеніне талай куә болдық. Олар облысқа жеткенше жыртылады, сырылады, сынады. Сондықтан тауарды жақын жерден алуға тырысқан жөн.

Жуырда ғана бір шағым бойынша сот шешімі шықты. Тұтынушы өзге облыстағы сауда орнынан 260 мың теңге тұратын диванды алуға тапсырыс берген. Оған алдын ала 180 мың теңге аударып жіберген. Жеті ай өткен, бірақ диван жоқ. Тұтынушы ақшасын сұраса, кәсіпкер әне-міне деп ақшасын қайтармаған. Сосын ол полицияның көмегіне жүгінген. Құқық қорғаушылар хабарласқаннан кейін ғана кәсіпкер 30 мың теңге аударып жіберген. Алайда қалған 150 мың теңгесін қайтармаған. Тауарын ала алмағаны өз алдына, қаражатынан қағылған тұтынушы біздің департаментке құқығын қорғау жөнінде арыз жазды. Кейін кәсіпкердің үстінен сотқа шағым түсірді. Сот кәсіпкерге
150 мың теңгені қайтаруға және моральдық шығын ретінде 50 мың теңге төлеуге шешім шығарды. Кәсіпкерлер өздеріне шағымданған тұтынушылардың мәселесін сотқа жеткізбей шешу керектігін түсінуі тиіс. Осы жерде айта кету керек, департаментке жү-гінген тұрғындарға арыз жазуға, басқа құжаттарын реттеуге көмек көрсетіледі. Ал құжаттарды реттеуге өзге заңгерлер көмектесетін болса, тұтынушы көбірек шығындалады, – деді Эльмира Нұрқызы.

Басқарма басшысы айтып өткендей, былтыр министрлік «Сапалы өнім» жобасын қолға алған. Мақсаты –  ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғау, жергілікті өнім шығарушыларға қолдау көрсету. Тағамның 60-70 пайызы облысқа шетелден әкелінеді.  Ол тауарлар жергілікті өнімдерге қарағанда арзан. Бір қызығы, шетелден әкелгенде шығын шығатын болса да бағасы төмен. Ал отандық тауар өндірушілер сапалы өнім шығаруға тырысады, сондықтан өнімі қымбат. Департамент Дарина Телағысова жетекшілік ететін «БҚО тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жұмыс істеуде. Олар шетелдік өнімді сатып алып, тексереді. Әсіресе, азық-түлік өнімдері қорабының сыртында мемлекеттік тілде ақпарат берілмейтіні қаптамасында көп анықталған. Ал Кеден одағының регламентіне сәйкес тауардың қазақша ақпарат болуы тиіс.

Эльмира Қиматова 2019 жылдан бері өңірде массаж жамылғыларын (массажные накидки) сататындармен күресіп келе жатқандарын да айтты.  2022 жылы үш компаниямен соттасып, 57 млн теңге қайтарып алынған. «Тұрғындарға массаж жамылғыларының таныстырылымына бармаңыздар, сатып алмаңыздар деп қаншама рет айтып жүрміз. Бірақ бәрібір барады, сатып алады. Ақшасы жоқтар оны алу үшін миллион теңгеге несие рәсімдейді. Шындығында, ол құрылғылардың құны – 70-80 мың теңге», – деп ол шарасыздығын білдірді.

Заң жобасы талқылануда

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа редакциядағы заң жобасын қарауда. Заң жобасында көптеген жаңалық бар. Ең бастысы, тұтынушы құқығы бұзылса, бірден сотқа шағым түсіре алады. Ал қазіргі қолданыстағы заң бойынша тұтынушы бірден сотқа жүгіне алмайды. Ол алдымен дауды сотқа дейін шешуге тырысады. Аталған заң жобасының 49-бабының 1-тармағы тұтынушыға өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды таңдау құқығын береді (https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-kzpp/press/region news/details/15792?lang=kk). Атап айтқанда, ол өз қалауы бойынша сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға), тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне, қауымдастықтарға (одақтарға), омбудсменге, уәкілетті және мемлекеттік органдарға, тұтынушылық дауды соттан тыс реттеу субъектісіне және сотқа жүгінуге құқылы. Яғни жаңа заң қабылданса, тұтынушы өз құқықтарын қорғау тәсілдерін еркін таңдай алады. Жаңа редакциядағы заңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылып отыр. Ол шағымдарды қараумен, кеңес берумен айналысады. Осы саладағы қоғамдық институттарды үйлестіреді және нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысады.

Сондай-ақ депутаттар тұтынушылардың құқықтарын қорғау ережелерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс, туризм, мәдениет, сауда, көлік салаларына қолдануды ұсынуда. Заң жобасында егер кәсіпкерге жүгіну кезінде тұтынушының құқықтары бұзылса және мәселесі сотқа дейінгі сатыда шешілмесе, кәсіпкердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін енгізу қарастырылған. Айыппұл мөлшері тұтынушының талап қою сомасының 10-нан 50%-на дейінгі мөлшерін құрайды. Талап-арыз сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл мөлшері соғұрлым жоғары болады. Сонымен қатар заң жобасында электронды сауда алаңдарының иелеріне келісімшарт жасасуға мүмкіндік беру ұсынылуда. Кәсіпкерлер тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарын сақтау туралы ережелерді қамтитын келісімшарттар жасайды. Бұл бизнес субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

 

Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале