15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні. Осы күнге орай ҚР СИМ БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті брифинг өткізді.
1983 жылы бұл күн халық-аралық мерекелер күнтізбесіне енгізіліп, сол кезде алғаш аталып өтілген. Қазақстанда 2014 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі құрылғаннан бері аталып өтіп келеді.
– Еліміздегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік құрылымдар бірнеше рет қайта құрылды. Бүгінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Соған сәйкес, мемлекеттік құрылымның және осы салада жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың да өкілеттіктері кеңейіп келеді, – деді аталмыш департамент басшысының орынбасары Эльмира Қиматова.
Былтыр департаментке тұтынушылардан 560 жазбаша өтініш түскен. Олардың 39-ы құзыреті шегінде қарау үшін өзге мемлекеттік құрылымдарға жолданған. Алтауы өтініш берушілердің қалауы бойынша кері қайтарылған. Қаралған 515 өтініштің 267-сі оң шешілген. Сондай-ақ 453 азамат кеңес алған. Мекемеде «Қауырт желі» телефоны да жұмыс істейді.
Департамент қызметкерлері заңнамаға сәйкес бизнес нысандарына тұтынушылардың құқықтарын бұзу деректері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізуге құқылы. Мұндай тексерулердің нәтижелері бойынша «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР кодексінің 190-бабының 5-бөлігі, 6-бөлігі, 193-бабының 1-бөлігі бойынша сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарта алады. Мәселен, былтыр ірі және орта бизнес нысандарына жоспардан тыс 11 тексеру жүргізген. Олардың қатарында «Sulpak», «Technodom» дүкендері, Орал қаласындағы «Мечта Маркет» ЖШС филиалы мен «Мобильный мир» ЖШС дүкендері, «Светофор» дүкені, «Торгсервис» ЖШС, «Қазпошта» АҚ және «VenOil» ЖШС бар. Аталған нысан иелеріне 4 ескерту беріліп, 6 айыппұл салынған және 3 ұйғарым шығарылған.
– Департамент қызметкерлері сотта талапкер болуға құқылы. Сонымен қатар оннан астам тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда сотқа сол мәселе бойынша талап-арыз жіберуге құқы бар. Осыған байланысты былтыр Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2 талап-арыз жолдадық. Талап-арыз Орал қаласына Алматыдан келіп, массаж жамылғысын сатқан «Akdeer» және «VipEvents» ЖШС-ларына қатысты жазылды. Бірінші талап бойынша сот сатушы мен тұтынушылар арасында жасалған сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану, сатушыдан тауардың құнын тұтынушылардың пайдасына өндіріп алу жөнінде шешім шығарды. Тұтынушыларға сатып алған тауарларының қаражаты қайтарылды. Екінші талап бойынша жауапкер дауды медиация тәртібімен реттеуді ұсынды. Барлық өтініш берушіге қаражаттарын қайтарып берді. Біздің массаж жамылғысын сататын сатушылармен «күресіміз» әлі жалғасып келеді. Биылдың өзінде департаментке осы мәселеге қатысты арыз түсе бастады. Аталған тауарды сататындардың үстінен сотқа шағымдансақ та, олар жұмысын тоқтатар
емес. Олардың тұтынушыларға қайтарып беретін ақшасынан тауып отырған пайдасы әлдеқайда көп болса керек. Массаж жамылғысын сататындардың компаниясы Алматыда тіркелгенмен, негізгі кеңселері Ресейде орналасқан. Мен, өз басым, олардың бұл әрекетін алаяқтық деп есептеймін. Мұндай тауар былтыр қаладағы «Технодомда» 70 мың теңгеден астам бағаға сатылды. Ал олар 1,4 млн теңгеге өткізуде. Өздерінше айтқанда, «жеңілдікпен» 1 млн теңгедей тұрады. Алайда тауардың сапасы төмен, бағасы да сәйкес емес, өте қымбат. Сондықтан тұтынушылар алданып қалмаса екен дейміз, – деді Эльмира Қиматова. Департамент қызметкерлері былтыр тұрғындардың тұтынушылық құқықтарын қорғайтын азаматтық істерді қарау бойынша 60-тан астам процеске қатысқан. Тұтыну-шыларға қайтарылған қаражаттың жалпы сомасы – 103 млн 879 мың теңге. Оның 53 млн теңгесі массаж жамылғысы үшін қайтарылған.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz