29.07.2025, 17:00
Оқылды: 96

Тұтынушыларға 27 млн теңге қайтарылған 

Облыс бойынша Сауда  және  тұтынушылардың  құқықтарын  қорғау  департаментінің  2025  жылдың  алғашқы  жартыжылдығындағы  қызметі  қорытындыланды.  Департамент тұтынушылар құқығын қорғау бағытында  бірқатар  нақты  нәтижелерге  қол  жеткізген.  Бұл туралы өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  алаңында  өткен  брифингте  департамент  басшысы  Эльмира Қиматова мәлімдеді.

эльмира киматова

– 2025 жылдың 6 айында департаментке барлығы 452 жазбаша өтініш түсті. Оның ішінде 65-і өзге құзырлы құрылымдарға жолданып, 39-ы өтініш иесі тарапынан қайтарып алынды. Қаралған 348 жазбаша өтініштің 319-ы, яғни 91,6 пайызы қанағаттандырылды. Ал азаматтарды жеке қабылдау барысында түскен 147 өтініштің барлығы толық шешімін тапты. Сонымен қатар «сенім телефоны» арқылы хабарласқан барлық 115 тұтынушыға заң аясында кеңес берілді. Жүргізілген кеңестік, талаптық, сотқа дейінгі және бақылау шаралары нәтижесінде тұтынушыларға 27 млн теңгеден астам қаражат қайтаруға ықпал етілді, – деді Эльмира Нұрқызы.

Департаменттің бақылау-қадағалау функциялары да қарқынды түрде жүзеге асқан. Мәселен, тұтынушылар құқығын қорғау саласында 11 әкімшілік іс қозғалған. Бұл істердің негізінде тұтынушылардың шағымына дер кезінде жауап бермеу, сапалы тауарды 14 күн ішінде айырбастау немесе қайтармау, алдау фактілері секілді заңбұзушылықтар тіркелген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 190 және 193-баптары аясында жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлерге айыппұл салынып, ескертулер берілген. Сауда қызметін реттеу саласында да қомақты жұмыс атқарылған. Жартыжылдықта 144 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде 132 іс әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дан жоғары сауда үстемесін қосу фактісі бойынша қозғалған. Тағы 10 іс бағаның теңгемен көрсетілмеуі, сөредегі баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмеуі жағдайларына байланысты тіркеліп, айыппұлдар салынды. Ал 2 әкімшілік іс кәсіпкерлердің отандық өндірушіден азық-түлік алып, оған қосымша заңсыз сыйақы талап етуі бойынша қозғалып, заң талаптары  түсіндірілген.

Тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда департамент азаматтық істер бойынша сотта тұтынушыны үшінші тарап ретінде қорғайды немесе тікелей талап-арызбен сотқа жүгінеді. Мысал ретінде, жиһаз жеткізумен айналысатын «Модерн Плюс» ЖК-ге қатысты 18 тұтынушының шағымы бойынша департамент сотқа талап түсірген. Тұтынушылар жиһаз үшін алдын ала ақша төлегенімен, тауар жеткізілмеген, қаражат қайтарылмаған. Қазіргі таңда іс сот өндірісінде  қаралуда.

Сонымен қатар Эльмира Қиматова бір аутосалоннан көлік сатып алып, артынша ақаулар анықталған соң сатып алу-сату келісімшартын бұзып, ақшасын қайтаруға қол жеткізген тұтыну  шы  жайлы  мысалды  келтірді.

– Тұтынушы капот, радиатор, есіктегі бояу қабатынан ақау тапқан. Арнайы құрылғымен тексеру кезінде көлік жол-көлік оқиғасына ұшыраған болуы мүмкін деген күдік туындаған. Біз онымен бірге сатушыға және банкке тиісті шағымдарды рәсімдеуге көмектестік. Нәтижесінде тұтынушының барлық қаражаты толық қайтарылды, – деді спикер.

Департамент басшысы тұрғындарға тауар немесе қызмет сатып алу кезінде заңды құқықтарын білу қажеттігін ескертті. Әсіресе, аутокөлік, жиһаз, техника секілді қымбат тауарларды аларда мұқият қарап, қажет болса сарапшыны тарту ұсынылады. Сатушы тарапынан мәжбүрлі түрде қосымша қызметтер мен тауарларды сатып алуға итермелеу – заңға қайшы. Мұндай жағдайда тұтынушы келісімшарт жасаспай, департаментке жүгінуі тиіс екен. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының шектен тыс өсуі, сөредегі баға мен түбіртектегі бағаның сәйкес келмеуі сияқты мәселелерде де департаментке арыздануға  болады.

Ерке Ғинаят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале