23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілер күні
Мұрат Байсалов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы
– Мұрат Сейілбекұлы, биылғы бірінші сәуірден бастап өңірлік жастар кадрлық резервіне құжаттарды қабылдау басталғанынан жалпы хабардармыз. Бұл үрдіс Батыс Қазақстан облысында қалай жүруде?
– Жастарды қолдау және дарынды мамандарды мемлекеттік қызмет саласына тарту мақсатында Президенттің бастамасымен «әлеуметтік лифт» ретінде Президенттік жастар кадр резерві мен өңірлік кадрлық резерв жобалары жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада алғаш рет өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу өткізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Іріктеуді өңірімізде Батыс Қазақстан облысының облыс әкімінің басқаруымен кадр комиссиясы жүзеге асырады. Өңірлік резервке алынған адамдар жергілікті атқарушы құрылымдарда (органдарда) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қызметке орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі бар, еңбек өтілі үш (3) жылдан кем емес, Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология салалық бағыттары бойынша өткізілуде. Өтіп жатқан іріктеуге 423-тен астам адам ниет білдіріп, 273 қатысушы іріктеуге жіберілді.
Қазіргі кезде үміткерлер заңнаманы білу және жеке қасиеттерін бағалау тестілеу кезеңдерінен өтіп, нәтижесінде ең жоғары балдарға ие болғандар құзыреттерді бағалау кезеңінен өтуде. Бұл кезең Астана қаласында мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн сипатта (форматта) ұйымдастырылуда.
Аталған кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) анықтауға әрі бағалауға бағытталған топтық және жеке жаттығуларды қамтиды. Кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.
Келесі кезең – ол комиссиядағы құрылымдық сұхбат. Сұхбат кезінде кандидаттар таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентация жасайды. Презентация барысында кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, ықтимал проблемаларды, күтілетін нәтижелерді ашуы қажет.
Соңғы кезеңде комиссияның отырысы өткізіліп, резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады. Өңірлік кадр комиссиясының шешімімен резервке екі жыл мерзіміне енгізіледі.
– Қазіргі кезде жастарды мемлекеттік қызметке тарту жұмыстары жүргізілуде, осы туралы айтып берсеңіз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипатқа ие болып, қоғамға бағдарлануы үшін түбегейлі өзгеруді талап етуде. Осыған байланысты мемлекеттік аппарат жүйесі қоғамның талабына сай өзгеруі тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі, кәсіби деңгейі мен олардың адами қасиеттері өзара үйлесім табуы өте маңызды. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшену қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғарғы көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады. Бұл тетік білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
Өзгерістер енгізілгеннен бастап аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарға (органдарға) жоғары оқу орындарының 16 түлегі қызметке орналасып, бас маман және жетекші маман лауазымдарын атқаруда. Бүгіндері облыс аумағындағы мемлекеттік құрылымдарда 35 жасқа дейінгі 1075 жас маман (33%) қызмет істейді. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада көзделген үш кезеңнен тұратын конкурстық іріктеу жас мамандардың мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Біліктілік талаптары жеңілдетіліп, облыстық басқармаларға жұмыс өтілінсіз қабылдануға болады, аудандық және ауылдық деңгейлерге орта кәсіптік білімі бар үміткерлер, жеңілдетілген тестілеу бағдарламасы бойынша тестілеуден өтіп қабылданады.
Қазіргі таңда 2021 жылдың 1 шілдесінде енгізілген факторлық-балдық шәкілге негізделген жаңа еңбекақы төлем жүйесі енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы еңбек нарығындағы орташа еңбекақымен бәсекелестікке ие. Бұған қоса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ауыл әкімі аппаратының бас және жетекші мамандары енгізіліп, оларға 100 АЕК біржолғы көтермеақы және 2000-2500 АЕК тұрғын үй сатып-салып алуға бюджеттік несие (кредит) түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.
– Департамент мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына тікелей бақылау жүргізетін құрылым (орган) болып табылады. Осы орайда өңірдегі мемлекеттік қызметшілер әдепке жат әрекеттерге бармауы үшін қандай іс-шаралар жүргізілуде?
– Департаментке мемлекеттiк құрылымдардың (органдардың) мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауы және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функциясы жүктелген. Департамент аталған функцияларды жүзеге асыру барысында заңбұзушылықтардың алдын алуға, яғни профилактикалық сипаттағы жұмыстарға басымдық береді. Осы мақсатта биылғы жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерге заңнама талаптарын түсіндіру, қызметтік әдепті нығайту бағытында 135 іс-шара өткізілді. Десек те, құқық қолдану практикасында әдеп талаптарын сақтамаған мемлекеттік қызметшілер әшкереленуде. Яғни мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылу себептерін сараптау нәтижесінде бірқатар мемлекеттік құрылымдардың кейбір қызметкерлері белгіленген талаптарды сақтамайтыны анықталды. Мәселен, белгіленбеген жерде темекі тарту, қабылдауға келген кісілерге дөрекі сөйлеу немесе ішімдік ішкен күйінде аутокөлікті тізгіндеу немесе мемлекеттік сатып алу барысында кейбір жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға орынсыз басымдық беру сықылды фактілер әлі де ішінара ұшырасады. Кінәсі дәлелденгендер әрине, лайықты жазаға тартылуда. Яғни департамент түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізе отырып, әрі әдеп талаптарын бұзғандардың лайықты жазадан жалтаруына жол бермеуде.
– Департамент мемлекеттік қызмет саласындағы бақылаушы құрылым болып табылады. Осы орайда мемқызметшілердің құқықтарын қорғау бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы қағидаттарына негізделеді.
Департаменттің бақылау функцияларын жүзеге асыру кезінде бұзушылықтардың профилактикасы мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалуына басымдық беріледі.
Осылайша есептік кезеңде мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына, жұмыс уақыты режіміне, олардың бағалауына және бонустар төлеуіне, мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне мониторинг жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша 11 мемлекеттік қызметшіге заңнама талаптары сақталмай қолданылған тәртіптік жазалардың күштері жойылып, олардың бұзылған заңды құқықтары қалпына келтірілді. Сонымен қатар кейбір мемлекеттік органдардың қызметшілері жұмыс орнында үстеме жұмысқа тарту туралы жұмыс берушінің бұйрығы рәсімделмей отырғандары анықталып, талдау-сараптау нәтижесінде 79 мемқызметшіге қосымша демалыс уақыты ұсынылды. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне іссапар шығындарын төлеу талаптарының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде іссапар шығындарын уақтылы төленбеген 42 мемқызметшіге тиісті 2 612 957 теңге төлемдер төленді. Сонымен қатар есептік кезеңде мемлекеттік қызметшілерге бағалау қорытындысы бойынша бонус төлеу басталды. Мысалы, біздің департамент екі мемлекеттік қызметшіге негізсіз төленбеген 312 998 теңге бонустардың төленуіне ықпал етті. Әрі департаменттің ұсынымымен 22 мемлекеттік қызметшіге тиісті бағалау өткізу қамтамасыз етіліп, негізсіз төленбеген бонустарды төлеу жөнінде шаралар қабылдануда. Мұндай нақты да пәрменді іс-шаралар мемлекеттік қызметшілер арасында заң үстемдігі, әділеттілік үстемдігі қағидатын бекітуге және мемлекеттік қызметке ел-жұрттың сенімін нығайтуға ықпал етеді.
– Мұрат Сейілбекұлы, сіз басқаратын департамент мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына бақылау жүргізеді. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Біздің департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі – халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Демек, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіруге айрықша назар аударуға тиіспіз.
Егер біздің департамент тарапынан арыз-шағымдарды қарау кезінде қызмет алушылардың уәждері расталған жағдайда бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша тиісті ұсынымдар жолданады. Биылдың өзінде департаменттің ықпалымен төрт бірдей қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Мысалы, арызданушы А. жер телімінің пайдалану мақсатын өзгерту туралы шешімді ала алмай, департаментке шағыммен жүгінді. Қызмет алушы А-ның шағымы негізінде департамент жүргізген тексерудің нәтижесі бойынша қызмет алушыға мемлекеттік қызмет толық көрсетіліп, жер телімін пайдалану мақсаты өзгертілді.
Бір ерекше атап өтер жайт, таяуда барлық өңірлерде агенттіктің аумақтық департаменттерімен мемлекеттік қызметтерді алу саласындағы мәселелерді жедел шешуге және қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеуге бағытталған Telegram чаты іске қосылды. Мұндай қызметке жүгіну үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарды Telegram парақшасына бағыттайтын арнайы QR-кодтар көрсетілген. Осы арна арқылы азаматтар қандай да бір қызметті алу кезінде туындаған мәселелер бойынша шағымдана алады.
Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, департамент қызметкерлері оларды жою жөнінде дереу шаралар қабылдайтын болады. Осылайша қызмет алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында департамент көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын тиісті бақылаумен қамтиды.
– Ендігі кезекте бақылау жүргізуге қатысты өзгерістер жөнінде айтсаңыз?
– Департамент шағымдарды қараумен ғана шектелмей, қашықтықтан мониторинг те жүргізеді. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді сүйемелдейтін ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті ұйымдастырып, тексеру нысанына бармай-ақ бұзушылықтарды қашықтықтан анықтап, оларды жою және алдын алу бойынша тиісті шаралар қолданады. Атап айтар болсақ, әлгіндей мониторинг барысында департаментпен ағымдағы жылы бірқатар бұзушылықтар анықталып, ұйғарымдар енгізілді. Анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу, негізсіз бас тарту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тәртібін бұзу фактілері болып табылады.
Сөзімді түйіндей келе айтарым, біздің департаменттің қызметкерлері тұтынушыларға бағдарланған сервистік аппаратты қалыптастыра отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жаңа тәсілдер арқылы бақылауды жүзеге асыратын болады. Мұндай тың қадам, жаңа тетік қызмет алушылардың құқықтарын бұзуға жол бермеуге барынша тиімді әсері етері сөзсіз.
Сұхбаттасқан: Бақытжан Бақберген