Сізге шұғыл ақша қажет болды, бірақ қолыңызда қажетті сома жоқ. Осы кезде банкке немесе микрокредиттік ұйымға бармастан, кредит ресімдеуге болатындығы туралы күнделікті естіп жүрген ақпаратымыз бізді еліктірмей қоймайды. Сонымен қатар, «тауарды қазір ал, төлемді кейін жаса» ұғымы адам психологиясына қатты әсер етеді, және ол жиі жарнамаланады. Ай сайынғы төлем сомасы соншалықты көп емес сияқты көрінеді, оның үстіне ресімдеуге көп уақыт кетпейді, қағазбастылық жоқ және жаңа тоңазытқыш/теледидар/микротолқынды пеш сізге ыңғайлы уақытта жеткізіледі. Бұл қолайлы болмағанда не деп ойлайсыз? Алайда, әр нәрсені егжей-тегжейлі ойланған жөн.
Fingramota.kz-пен бірге тұтынушылық кредитті қалай дұрыс ресімдеуге болатынын және қарызға батпау жолдарын, кредит беруден неге бас тартылғаны және қарыз алу үшін өз мүмкіндігіңізді қалай дербес есептеу керектігін талдаймыз.
Банк немесе микроқаржы ұйымы өз клиенттеріне кредитті беруден бас тарту себебін түсіндіре қоймайды. Бірақ шешімге әсер ететін негізгі өлшемшарттардың бірі - борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) деп аталатын әлеуетті қарыз алушының борыштық міндеттемелері мен кірістерінің арақатынасы.
Борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) — бұл қарыз алушының барлық өтелмеген кредиттері бойынша төлемдерінің оның орташа айлық кірісіне қатынасы. Кредит бермес бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің төлем қабілеттілігін тексеруге міндетті. Егер кредиттер бойынша төлемдер қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-нан асатын болса, онда кредит берілмейді. Бұл клиенттің төлем қабілеттілігін және банктің немесе МҚҰ тәуекелдерін бағалау үшін жасалады. Борыштық міндеттемелер айтарлықтай асып кеткен жағдайда клиентке кредит беруден бас тартылуы мүмкін.
Басқаша айтқанда, БЖК есебі қарыз алушы келешекте кредитті өтей ала ма, бұл ретте өз қажеттілігіңіз бен отбасы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ақша жеткілікті ме деген сұрақтарға жауап береді. Бұл ретте банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушылардың кредит берілгенге дейін төлем қабілеттілігін бағалауды БЖЗҚ дерекқорынан алынған кірістер туралы шынайы деректерге және қарыз алуға өтініш берілген күннің алдындағы 6 ай кезеңіндегі дебеттік картаны толықтырудың орташа айлық сомаларын негізге ала отырып жүргізуге міндетті.
Мұның іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне мысал келтірейік:
1. Әлеуетті клиент қызмет көрсету саласында жұмыс істейді және ай сайын 150 мың теңге табады, бұл ретте ай сайынғы төлемі 27 мың теңге болатын өтелмеген қарызға қарамастан, 34 мың теңгені құрайтын
ай сайынғы төлеммен жаңа теледидар сатып алуға кредит ресімдеуді жоспарлап отыр. Бұл жағдайда борыш жүктемесі – 0,4%-ды құрайды.
Есептеу мысалы: 150 000/34 000 + 27 000 = 0,4%.
Осылайша, екі кредит бойынша ай сайынғы төлемдер қарыз алушының ай сайынғы кірісінің жартысынан асқан жоқ, бұл оған жаңа теледидар сатып алуға мүмкіндік берді.
|
2. Әлеуетті клиент қызмет көрсету саласында жұмыс істейді және ай сайын 150 мың теңге табады.
Ай сайынғы жиынтық төлемі 61 мың теңгені құрайтын 2 кредиті бар әлеуетті клиент ай сайынғы төлемі 39 мың теңге болатын тоңазытқышты бөліп төлеумен ресімдеуді жоспарлады. Бұл жағдайда борыш жүктемесі – 0,6%-ды құрайды.
Есептеу мысалы: 150 000/34 000 + 27 000 +39 000 =0,6%.
Бұл жағдайда қарыз алушының 150 мың теңге сомасындағы ай сайынғы кірісі оған 100 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы төлемдермен 3 кредитке қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді, өйткені төлемдер қарыз алушының ай сайынғы кірісінің жартысынан асып кетеді. Тоңазытқышты сатып алуды кейінге қалдыру керек. |
Қарыз алушы нені жасырады?
Соңғы уақытта әлеуетті қарыз алушы кредит ресімдеуге өтінім берер алдында өзінің нақты қаржылық жағдайына сәйкес келмейтін ай сайынғы кірісті көрсете отырып, айласын асырған жағдайлар жиілеп кетті. Көптеген адамдар мұның салдары туралы ойланбастан импульсивті әрекет етеді.
Тәжірибе көрсеткендей, кредит бойынша міндеттемелерді орындай алмай қиналған сәтте ғана клиент осындай жауапсыздықтың салдары туралы ойланады. Бұл өмір сүру деңгейінің төмендеуіне және борыштың қаулап өсуіне әкеледі.
Кредитті ақылмен алу
Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын титул парағы қоса жүруі тиіс. Титул парағының форматы барлық кредиттік ұйымдар үшін бірдей. Титул парағы: қарыз сомасы мен мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері; өтеу әдісі мен тәсілі; шартта қарыз алушының негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге құқығы болған кезде; шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері; қарыз алушының банкке банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың мерзімі өтіп кету себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтініш ұсыну құқығы туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
Кредит бойынша міндеттемені орындау қажет!
Қарыз алушы кредит ресімдей отырып өте маңызды қаржылық міндеттемелерді алады. Көбінесе шартта банктің сіздің шоттарыңызға қолда бар немесе жаңадан түскен қаражатты өндіріп алу құқығы туралы айтылады. Кредиттік ұйым борыш сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап-арызбен жүгіне алады, соттан тыс немесе сот тәртібімен кепілге өндіріп алуды талап ете алады, берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге бере алады. Сондай-ақ қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға беруге немесе қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да шараларды қолдануға болады.
Мерзімінің өткені туралы ақпарат кредит тарихында көрінетіні сөзсіз. Ал, қарыз алушы адал төлеуші санатынан проблемалы төлеуші санатына өтуі, ал бұл болашақта жаңа қарыздарды рәсімдеу кезінде әртүрлі салдарға әкелуі мүмкін.
Кредитті төлеу мерзімін өткізіп алған жағдайда, не істеу керек?
Егер қарыз алушы өз міндеттемелерін орындамаса, онда кредиторлар төлеу мерзімінің өткені туралы қарыз алушыға мерзімін өткізу орын алған күннен бастап 20 күн ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар орын алған кешіктірудің нақты мөлшерін көрсете отырып төлемдер енгізу қажеттілігі; қарыз алушы-жеке тұлғаның кредиторға жүгіну құқығы; кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы азаматтарды хабардар етеді.
Сондықтан, егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаса, онда ең алдымен, ол қызмет көрсетілетін банкке немесе МҚҰ-ға өтінішпен жүгінуі керек. Өтініште міндеттемелерін орындамау себебін көрсету қажет. Қолыңызда қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттар; болашақта кредитті өтеу бойынша өз нұсқаларыңыз болуы маңызды.
Қарыз алушының өзі кредит берушіге өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі, кірістердің азаю немесе болмауы оның өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік бермеуі фактісін құжатпен растауы керек. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болып табылады.
Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін, банк немесе МҚҰ қарыз алушының ағымдағы қаржылық және әлеуметтік жағдайы (төлем қабілеттілігі), кепілдегі тұрғын үйдің жалғыз болуы, мерзімі өткенге дейін қарыз бойынша міндеттемелердің адал орындалуы сияқты факторларды ескере отырып, өтінішті қарау рәсімін бастайды.
Fingramota.kz