8.12.2022, 9:31
Оқылды: 43

Туысқа сыйлы, татулыққа Дәнекер

«Ерекше есімнің» бүгінгі кейіпкері – Дәнекер Исқалиева. Кейіпкеріміздің азан шақырып қойған есімінің өзіндік ерекшелігі бар.

IMG-20221208-WA0000

Оның ата-анасы 1950 жылдардың орта шамасында Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдайды. Әкесі Ғабдірахим Құмаров оқу бітірген соң, екі жыл әскерде болып, азаматтық борышын өтеп келіп, кейіпкеріміздің анасы Жібек Мүкеевамен  отау құрып, шаңырақ көтереді.

Алғаш еңбек жолын математика пәнінің мұғалімі болып бастаған Ғабдірахим Құмаров Тайпақ ауданы  комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жұмысқа кіріседі. Сол қызметте жұмыс істеп жүргенінде жол апатына түсіп, мезгілсіз өмірден өтеді. Әкесі өмірден өткен соң, екі айдан кейін 1962 жылдың 14 желтоқсанында біз жазып отырған әдемі есімнің иесі дүниеге келеді.

– Менің есімімді әкемнің үлкен нағашы әжесі қойыпты. Анам мені құшақтап жастай қалды. Ары қарай өмір қалай болары белгісіз ғой. Сондықтан  «Осы сәби әкесінің туғандарын ұмытпай, туыстарды біріктіріп жүретін Дәнекер болсын» деп мені Дәнекер атапты. Кейіннен анам екінші рет тұрмыс құрып, соңымнан іні-сіңлілерім ілесті. Бірақ мен туған әкемнің де, кішкентай кезімнен аялап өсірген екінші  әкемнің де туыстарымен жақын болып, бірге араласып жүрдік, – дейді есімінің  сырына  үңілген  кейіпкеріміз.

Алғаш еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында инженер-механик болып бастаған  Дәнекер Ғабдірахимқызы ұзақ жылдан бері «Қазпошта» АҚ-ның облыстық  филиалында бас маман болып еңбек етеді. Кішкентай кезінде ол «Менің есімімді неге  Дәнекер деп қойды екен,   менің атымдай ат ешкімде жоқ шығар» деп жиі ойлапты. Кейіннен Дәнекер деген есімнің сирек болса да, кездесетініне көз жеткізеді. Әрі өзімен аттас есімдер апайдың есінде ұмытылмастай сақталып қалыпты.

– Оқушы кезімде құрдас-құрбыларымның тілі келмей, мені Даша деп атайтыны есімде. Студенттік шағымда сырттай оқитын ақтөбелік Дәнекер деген апаймен кездестім. Жұмыс істеп жүргенімде Света деген дос қызымның анасының есімі Дәнекер екенін білдім. Бірге оқыған қарағандылық курстасымның фамилиясы Дәнекеров еді.  Екеуміз әкесі мен қызы болып, қалжыңдасатынбыз.

Есімім өзіме ұнайды. Өмірге ешқандай өкпем жоқ. Тек әкемді көре алмай қалғаным болмаса... Бірақ мені Рамазан Ахметов деген жақсы адам тәрбиелеп өсірді. Ол кісі – филолог, журналист, ел сыйлаған азамат еді. Анам Жібек Мүкеева – бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жан. Ол Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылынан жоғары білім алған бірінші адам екен. Ауылдың тарихында солай жазылған. Жалпы өз өміріме ризамын. Жақында осы әдемі есімнің иесі атанып жүргеніме алпыс жыл толады, – дейді  есіміне қатысты әсерлі  сәттерді еске түсірген кейіпкеріміз.

Дәнекер Исқалиева – жұбайы Лұқпан Исқалиевпен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты ана. Жақында мерейлі 60 жасқа толғалы отырған кейіпкерімізге біз де өз тарапымыздан  қуанышты сәттеріңіз  көп болсын  деп  тілейміз.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале