Қыркүйек айында облыста коронавирус індетін жұқтырған 111 адам, пневмониямен ауырған 20 науқас тіркелген. Дертке шалдыққандардың 43%-ы облыс орталығынан, сондай-ақ Жәнібек, Теректі, Бәйтерек, Бөрлі аудандарынан анықталған. Бұл туралы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен коронавирустың алдын алу жөніндегі облыстық жедел штаб отырысында айтылды.
– Сарапшы мамандар күз айларында короновирусқа шалдығатындар саны өсетіндігін айтқан болатын. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде дерт қайта өршуде. Біздің өңір Ресейдің бес облысымен шекаралас орналасқандықтан қауіп күшейіп отыр. Өткен көктемде тіркелген науқастардың денін сол көршілес өңірлерден жұмыс жасап келгендердің қатарынан болды. Сондықтан сақтық шараларын күшейтуіміз керек, – деді Ғали Есқалиев.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлімдеуінше, дерт жұқтырған тұрғындардың көбі 60 жастан асқан егде адамдар мен дәрігерлердің арасынан анықталып отыр. Ал аурудың белгілері жоқ түрін жұқтырушылардың дені вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар екен. Сондай-ақ өткен айда мектепте оқитын екі оқушыдан да коронавирус індеті анықталған. Оларға дерт вахтадан келген әкелері арқылы жұққандығы анықталған. Балалар оқитын мектептің оқушыларынан, ұстаздарынан сынамалар алынған. Абырой болғанда олардың қатарынан науқастар анықталмаған. Теректі ауданы Федоровка ауылында науқастар санының қатары күрт өсуіне орай бірқатар шектеу шаралары қабылданған. Қазір бұл ауылдағы жағдай тұрақты, соңғы күндері дерт жұқтырғандар тіркелмеген. Ресейдің облыстарымен арадағы шекараға тексеру бекеттері қойылған. Айта кетейік, көршілес Самара облысында бір тәулікте – 114, Орынборда – 115, Саратовта – 128, Волгоградта 129 науқас тіркеуге алынған.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, қала мен аудан ауылдарда сақтық шараларын сақтамай, той жасап, садақа беру жағдайлары көптеп тіркелуде. Карантиндік шараларды бұзып, айыппұл төлегендер саны 132-ге жеткен. Орал қаласында тәртіпке бағынбаудың – 21, Сырымда – 20, Казталовта – 18, Шыңғырлауда 14 жағдайы тіркелген. Олардан 8 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірілген.
– Көктемде коронавирус індеті өршіген кезде 2 700-ден астам өңір тұрғындары вахталық жұмыстан үйлеріне оралды. Олардың 118-інен дерт анықталды. Сондай-ақ карантинді сәл жеңілдеткенде тұрғындар тым еркінсіп кетті. Бұл да дерттің өрши түсуіне өз септігін тигізді. Ауру жұқтырғандардың қатары азая түскенімен, бұл індет бізден толық кеткен жоқ. Сондықтан сақтық шараларын сақтап, денсаулыққа аса мән берген жөн. Ресейде күніне 10 мыңдаған адам дертке шалдығуда. Біздер коронавирустың екінші толқынына барынша дайындалдық. Бірақ әр адам өзінің денсаулығына жауаппен қарамаса, дәрі-дәрмекпен қамтығаннан, қосымша емханалар салғаннан еш пайда жоқ, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов.
Облыс әкімі шаһар басшысына күннің салқындауына байланысты жылту маусымын ерте бастауды, қоғамдық көліктердегі санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.
– Бұл індеттің адам өміріне қаншалықты қауіп екендігін әлемдегі жағдайдың өзі дәлелдеп берді. Әр адам саналы түрде сақтық шараларын ұстанбаса дертті жеңу қиынға түседі. Айтылған тәртіпке бағынбай, жиын-той өткізіп, санитарлық талаптарды сақтамасақ жаздағы жағдайға қайта оралатын боламыз. Көршілес облыстардағы жағдайды көріп отырсыздар. Тәулігінен Ресейден біздің өңірге 3 000 адам кіреді екен. Олардың біразы біздің облыстың үстімен өтіп, басқа елдерге жол тартады. Бірақ ол адамдар жолда жүрген соң жанар-жағармай бекетіне, асханаларға, қонақүйлерге соғады. Тоқтатпай тағы өткізе алмаймыз. Сондықтан қауіп күшейіп отыр. Жаздағыдай шектеу шараларын күшейтсек, өңір экономикасына кері әсерін тигізеді. Сол жағдайға жеткізбеу үшін сақтық шараларын қатаң ұстануымыз керек. Қоғамдық көліктердегі сақтық шараларын қатаң қадағалау керекпіз. Автобус жүргізушілері бетперде тақпаған адамды қоғамдық көлікке мінгізбеуі керек. Орал мен Ақсай қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлерге ертерек жылу беруіміз керек. Казгидрометтің хабарлауынша, ертеңнен бастап күн суытады. Үйлерге жылу беру арқылы тұмаудың өршуіне жол бермейміз. Қанша шектеу қойылса да тығылып той жасайтындар тыйылмай тұр. Менің естуімше, жиын өткізетіндер төлейтін айппұлдың ақшасын күні бұрын дайындап қоятын көрінеді. Айыппұлдың мөлшері аз болғандықтан да осындай қадамға баратын шығар. Тым еркінсіп кеттік. Бүгінгі штаб отырысына БАҚ өкілдерін арнайы шақырдық. Ондағы мақсатымыз – өңір тұрғындарына сақтық шараларын сақтау керектігін тағы бір мәрте ескерту болатын, – деді Ғали Есқалиев.
Облыс әкімінің бірінші орынгбасары Мұхтар Манкеевтің айтуынша, «Талап» дәріханаларындағы бір реттік бетперденің құны 40 теңгеге төмендетілген. Бүгінде бетперденің қоры жеткілікті. Олардың бір бөлігі басқа өңірлерден әкелінсе, жергілікті тігін цехтары да қалыпты жұмыс жасауда.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер