Қырымгерей аға Аңқаты ауылында туып-өсті. Осы ауылдағы өзі құралпы балалармен ойнады, спортпен айналысты. Музыканы жаны қалап, жақсы көре тұрса да, музыканттық мансап жолын қуамын деп армандаған емес. Балалық шағында патефонға күйтабақты салып, Құрманғазының, Динаның күйлерін тыңдайтын. Кішкентайынан домбыраға құштар болды. Зәуде көршісінің немесе туысқандарының үйлеріне бара қалса, төрінде домбыра ілулі тұрады. Қолына алып, қос ішегінен қағып-қағып жібергісі келіп, ындыны құритын. Үй иелері болса, «қозғама, болмайды» деумен діңкесін қатыратын. Бірде көрші атасы мұның көңіл ауанын түсінсе керек, домбырасын сыйға тартқанда қуанышында шек болмады. Есту қабілетіне сүйеніп, домбыраны өздігінен үйренді. Мектептегі оркестрге қатысты, хорда ән айтты. Ән сабағының мұғалімі Хамен Ұбанов оның музыкамен бар ынтасымен айналысатынын байқап, «Алдымен музыкалық училищеге оқы, сосын консерваторияға түсесің» деп өнердегі жолына бағыт сілтеді. Аңқатыдағы сегізжылдық мектепті аяқтағасын 1962 жылы Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка училищесіне түсіп, домбыра сыныбын қызыл дипломмен бітірді. Содан Алматы консерваториясында қобыз-контрабасшы мамандығы бойынша білім алды. Оны бітіргесін 1969 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестріне қабылданды. Оркестрдің құрамында Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев сияқты өнер саңлақтарымен бірге қазақтың кең-байтақ жерін, Кеңес одағының Молдавиядан Владивостокка дейінгі аралығын және әлемнің тең жартысына жуық елін аралап, концерт берді. Қырымгерей аға көзі тірісінде әлемге әйгілі виоланчелист, пианист, дирижер Мстислав Ростроповичпен кездескенін жиі айтушы еді.
– Біз толық құрамда маэстроны толқулы күйде күттік. Мстислав Леопольдович әуежайдан түскен бойда бірден филармонияға келді. Келді де, табалдырықты аттаған бойда бізге бұрын-соңды естімеген комплиментті жаудырды. Сосын дирижерге: «Жаңа ұшақта келе жатқанда бір пассажды жаттап алғанмын. Қанекей, он бірінші саннан байқап көрейікші», – деді. Атақты музыканттан қалжырататын жұмыс күтіп, әзірленген едік, ал ол бар болғаны пассажды айтып тұр. Дирижер таяғын сермеп жіберді, біз пассажды ойнадық. Ростропович: «Бәрі тамаша, тек төртінші валторна, жарығым, сибемольды сәл төмендетіңізші. Скрипкашыларға аздаған өтініш: жақсы ойнайсыңдар, дегенмен бұл арада тым тырыспай, скрипканы күйге келтіріп, фон жасау керек», – деді. Сөйтіп, дирижердің естімегенін маэстро байқап, бағыт берді. Осындай тұлғаның бізбен бетпе-бет келгенде айтқан бір ауыз сөзі консерваториядағы оқыған бес жылға татиды екен, – деп ризашылықпен еске алатын.
Ол сондай-ақ Ленинградтың атақты «Ақ түні» күндері мәдениет және демалыс саябағында оркестрмен талай рет тамаша әуендерді ойнағанын да есіне түсіруші еді. Әсіресе оркестрдің белгілі Кеңес композиторы Исаак Шварцтың «Ақ түн әуендері», «Түнгі қаладағы серуен» шығармаларын ойнағаны жақсы жадында сақталған. «Қаладағы ақ түн кездерінде айнала керемет сиқырға бөленетін, аспанның өзі алтынға шомылғандай болып көрінетін» дейтін ол. Оркестрдің Ермек Серкебаев және Бибігүл Төлегеновамен бірге Италияға концерттік сапармен барғаны да керемет кездер еді-ау... Алғашқы концерттің өзі баспасөз назарына ілікті. Бари қаласындағы концерт залы адамдарға лық толды. Оркестрге қаладағы алаңда ойнауға тура келді. Серкебаев Россинидің «Севиль шаштаразы» увертюрасын орындағанда көрермендер тік тұрып, қошемет көрсетті. Фигароның ариясын итальян тілінде шырқады. Көрермендер әншіні анық көру үшін сахнаға үстел алып келіп, оның үстіне орындық қоюға тырысты. Бірақ Серкебаев мұндай тәсілден сақтанып, орындықта отырып айтты. Содан соң сахнаға Бибігүл шығып, итальяндық романстарды шырқады. Бұл минуттарды жұлдызды сәт деуге лайық. Музыкаға аудармашы қажет еместігін, мәдениетте шекара деген жоқ екендігін осындай шақта айқын аңғаруға болады. Қырымгерей ағаның Алматыдағы 25 жылы осылай өтіп еді.
– Алматыда 25 жыл тұрып, сол кездегі облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевтің шақыртуымен Орал қаласына қоныс аудардық. Қырымгерей Құрманғазы атындағы музыка училищесінде директор болды. Екеуміз де бала кезімізде Аңқаты ауылындағы орта мектепте бірге оқыдық. Мен одан екі сынып төмен оқыдым. Қырымгерей адамдарға құрметпен қарайтын, ешкімнің бетіне қарсы келіп, қатты сөз айтпайтын. Елу жыл бірге тұрғанда еш жамандығын көрген емеспін. Мамандығым – экономист. Ауыл шаруашылығы саласында қызмет істедім. Екі ұл, бір қызымыз бар. Қырымгерей жаяу жүргенді тәуір көретін. Жеңіл аутокөлігіміз бар еді, оны сатып жіберді. Жұмысқа жаяу баратын. Былтыр 19 наурызда 75 жасқа толған мерейтойын тойлап едік. Екі айдан соң, яғни 21 мамырда жүрек ауруынан қайтыс болды, – дейді зайыбы Сәуле Әбуғалиқызы.
Бір ауылда туып-өскен құрдасы Закария Нәбиев бізбен әңгімесінде Қырымгерей ағаның анасынан жастай айырылып, ағасы Құттыбай Қазиевтің қолында тәрбиеленгенін айтады.
Аңқаты жетіжылдық мектебін бітірдік. Мектепте домбыра үйірмесіне қатыстық. Қырым ән-күйге құмар болды, орындау шеберлігі бәрімізден көш ілгері болатын. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін өңір басшыларының өтінішімен елге оралып, саз колледжіне басшылық етті. Себебі сол жылдары колледж ұжымында қалыптасқан ахуал өте нашар болатын. Сондықтан білімі мен біліктілігі мол, талапшыл басшы ұжымға ауадай қажет еді. Қырым осы талаптарға сай келетін бірден-бір тұлға еді. Оралға көшіп келгеннен соң қарым-қатынасымыз қайта жанданып, өмірінің соңына дейін отбасымызбен тығыз араластық. Құрдас, дос ретінде айтарым, Қырекең достыққа берік, сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Кез келген басқосуларда сол ортаның сәні, генераторы болды. Оның жарқын бейнесі жүрегімізден өшпейді, – дейді Зәкең өз сөзінде.
Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка училищесіне 1991 жылы басшы болып келген соң Қырекең көп ұзамай аталған училище жанынан Мұхит класын ашып, оған жетекшілік етуге белгілі айтыс ақыны Қатимолла Бердіғалиевті шақырады. Өнер жанашырларын қасына жинап, оқу орны жанынан қазақ ұлт-аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Әнші, термеші, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әншісі Қатимолла Бердіғалиев Қырымгерей ағаның Батыс Қазақстанның ән салу дәстүрі бойынша Мұхит класын ашудағы, ұлт-аспаптар оркестрін құрудағы еңбегі зор екенін ризашылықпен әңгімеледі.
– Қырекең Мұхит класына келуімді үлкен қызмет қылып айтты. Содан бастап жұмыстас болдық. Филармонияның жанынан қазақ ұлт-аспаптар оркестрі ашылды. Оркестрдің ашылуына Қырекең белсене атсалысты. Бірнеше жыл оркестрдің бас дирижері болып қызмет етті. Бұрынғы түсірілген шығармаларды жан-жақтан іздестіріп, тауып, оркестрдің репертуарын кеңейтті. «Қыз Жібек» операсынан мен орындайтын Шегенің термесі мен әнін оркестрге түсірді. Кейін Қырымгерей дирижерлік таяқты жас дирижер Еркін Нұрымбетовке беріп, өзі екінші дирижер болып, біраз жыл қызмет істеді. Қырекең ірі турайтын азамат еді. Ол ұсақтық, күйкілікті білмейтін, уақ-түйек әңгімелерден аулақ жүретін. Өзі де, сөзі де ірі болатын. Әзілді көтере білетін. Қазақ іліп-қағып, тума қылып алуға шебер ғой. Мен де оны жезде жасап, қатты ойнайтынмын. Марқұм қандай әзіліме де миығынан күліп жүре беретін. Кейде тілімді батырып та жіберемін. Ол кісі жауап қайтарғанша, тағы бір әзіл тауып аламын. Қырекең болса, жайбарақат тұра береді. Оны ештеңені елең қылмайтын мінезіне, қылығына қарап, «Маңғыстаудың ақбас нары» деп атаушы едім. Өкініштісі сол, арамыздан ерте кетіп қалды. Әлде де жүре тұратын орны бар еді. Қайтерсің енді, тағдыр солай болды, – деп еске алады Қатимолла аға.
Бүгінде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетовпен сөйлескенімізде, әріптес ағасымен бірге қызметтес болған жылдардың әр күнін дерлік жадынан шығармағанын аңғардық. Қырымгерей аға Оралда ашылған оркестрге ұлттық киім мен аспаптар алуға келгенде Еркін мемлекеттік академиялық Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде домбырашы және дирижер болып қызмет істейді екен. Бірінші рет сонда танысыпты. Осы таныстықтан соң Тұяқберді Шәмілов Оралдағы оркестрге кәсіпқой дирижер керек екенін Қырекеңнен естіп, Еркінге қолқа салады. Тұяқберді аға бұл жайтты сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа да айтқан.
– Өзім Сыр елінің тумасымын. Бұдан бұрын да төрт облыстан ұсыныс түскен, солардың ішінен Оралды таңдадым. Міне, содан бері 21 жылға жуық уақыт зырлап өтіпті. Алғашқыда Қырымгерей аға бас дирижер, мен екінші дирижер болып, тіл табысып, қызмет еттік. Біз келген кезде оркестрдің репертуарында 54 партитура болса, қазір 1000-нан астам шығарма бар. Қырекең дирижер болумен қатар, белгілі композитор еді. Оның көптеген әндері және «Жайық толғауы» поэмасы бар. Ол ауылға, туған жерге, Отанға деген махаббатты қамтыған лирикалық әндер жазды. Төрт-бес әнін оркестрге түсірдім. Екеуміз Дәулеткерей атындағы оркестрдің дамып, өркендеуіне аянбай қызмет еттік. Қазір оркестр төрт халықаралық фестивальдің лауреаты. Құрамында 50-ге жуық музыкант болса, дені жастар. Оркестрдің дүниеге келіп, аяғынан қаз тұруына ағамыздың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Композитор, музыкант, дирижерлігімен қоса, үлкен педагог болатын. Ол – Батыс Қазақстан облысы бойынша контрабас мектебінің негізін қалаушы. Қырекең ешкімнен ештеңені қызғанбайтын, адамға болсын дейтін пейілі кең адам еді. Ой-өрісі де кең, қай ортада болмасын өзін еркін сезінетін, айтары бар біртуар жан болатын. Ағаның отбасымен жақын араластық. Балаларымыз оны ата, Сәуле апамызды әже деп атады. Әке жолын жалғастырған қызы Анармен біз қашанда шығармашылық байланыстамыз. Ол – бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы өнер университетінің ұстазы. Қос ұлы Асқар мен Абзал – әкесінің жақсы қасиеттерін бойына сіңірген тәрбиелі азаматтар. Көрген жерде «Еркін аға» деп сыйлап тұрады. Сәуле апамыз осы әулеттің берекесін келтіріп отыр. Ағамыздың дүниеден озғаны оған оңай болмады. Бәрімізге де ауыр тиді. Сәуле апамен өмірдегі байланысымыз үзілген жоқ. Ақылдасып тұрамыз. Биыл сәуірде Дәулеткерей атындағы оркестрдің күшімен Қырымгерей Қажымовты еске алу кешін ұйымдастырдық. Бұйырса, биыл 21 мамырда оның қайтыс болғанына жыл толуына байланысты асы өткізілмек. Соған дайындық үстіндеміз. Өзі құрған Дәулеткерей атындағы оркестр төл баласындай болды. Оның есімі ұмытылмайды, шығармаларын оркестрге үнемі қосып отырамыз. Ол біз үшін өнер жолымыздағы үлкен тұлға, – деп әңгімесін аяқтады Еркін Нұрымбетов.
Ақ Жайық өңірінде оркестр ұжымымен бірге көрермен қауымды саз әлемінің сырлы дүниесіне тартып ала жөнелетін кәсіби дирижер, композитор Қырымгерей Қажымовты теледидардан жиі көрсем де, өзімен бетпе-бет жүздескен емеспін. Осы шаққа дейінгі өміріміз ауылда өткендіктен, оркестрдің концертін тамашалаудың да сәті түспепті. Тек бұрнағы жылы облыстық газет редакторының тапсырмасымен Қырымгерей аға дирижерлік ететін оркестрдің концертіне қатысудың ыңғайы келген. Сол жылғы желтоқсанда болған концертке танымал кеңес және өзбек эстрада әншісі, 1978 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» фестивалінің лауреаты Мансур Ташматов қатысқан. Өзінің бағзыдан бері репертуарындағы композитор Давид Тухмановтың «Эти глаза напротив», «Сияй, Ташкент» әндерін шырқап, көрермендердің ықыласына бөленген ол оркестрге дирижерлік еткен Қырымгерей ағаны қайта-қайта құшақтап, ризашылығын білдіріп еді. Аға мен інінің сыйластығындай жылы ілтипатқа толы пейілдеріне қарап, бір-бірімен ежелден таныс болар деп топшыладық. Орайы келгенде, туысқан екі ұлт өкілінің арасындағы өнер көгіндегі тілеулестік, достық қарым-қатынас жайында Қырымгерей ағадан сұрап, жазсақ деген ой қылаң берген. Бірақ бұл біздің ағамызды алғаш және соңғы көруіміз екен. Жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz