25.02.2025, 15:45
Оқылды: 184

Тың технология

Орал қалалық көпбейінді ауруханада «Жатыр миомасы мен аденомиоздың радиожиілікті абляциясы» тақырыбында үш күндік шеберлік сағаты өтті. Онда инновациялық микроинвазивті технологияны қолданысқа енгізу жолдары көрсетілді.

7b9a7ff2-5bff-4e3a-b599-4fa3f8ac0b52

Бұл іс-шараға халықаралық деңгейдегі сарапшы, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азияда радиожиілікті абляция технологиясын енгізу жөніндегі тәлімгер, Моңғолиядағы «Mongolian-Japan Hospital» клиникасының интервенциялық радиология бойынша кеңесшісі Батирээдуй Пуревбаатар (MD Bat-Ireedui Purevbaatar) қатысты. Шеберлік сағатының мақсаты – облыстағы гинекология саласында радиожиілікті абляцияны қолдана отырып, ағзаны сақтап қалатын ота технологиясын енгізу. Радиожиіліктік абляция – емдеудің жаңа және тиімді мүмкіндіктерін ұсынатын минималды инвазиялық, радиологиялық әдіс. Бұл әдіспен емдеу кезінде науқасқа хирургиялық ота жасалмайды. Мұнда жатыр ауруларының түйіндерін термиялық абляция, яғни жылыту арқылы жояды.

Профессор Батирээдуй Пуревбаатар жатыр миомасының абляциясы, жатыр артерияларының эмболизациясы, интервенциялық медицина технологиясын қолдана отырып, босанғаннан кейінгі қан кетулерді басқару, әртүрлі гинекологиялық патологиялардағы реконструктивті және ағзаны сақтап қалатын оталар жөнінде баяндады. Сонымен қатар шеберлік сағаттарында жатыр миомасымен және жатыр эндометриозымен ауыратын 9 әйелге радиожиілік абляциясы әдісімен ота жасалды. Шеберлік сағаты «STARmed Co LTD» (Оңтүстік Корея) компаниясының Қазақстандағы өкілі «Бастау Мед» ЖШС-ның қолдауымен өткізілді. «Біз радиожиілік абляциясын гинекологияда қолданысқа енгізбекшіміз. Әйелдердің жатыр миомасы және эндометриоз немесе аденомиоз ауруларының емі болғанымен, дамуы мүмкін. Ал бұл жатырдан айырылуға немесе бедеулікке душар етеді. Осының алдын алатын заманауи технологияның бірі – радиожиілікті абляция. Бұл әдістің шетелде қолданысқа енгеніне 10-15 жылдай болды. Былтыр Қазақстанда шеберлік сағаттарында таныстырылды. Енді біздің аймақта қолданысқа енеді деп сенеміз», – деді гинеколог-эндокринолог, медицина ғылымдарының кандидаты Ерлан Мұқанов.

– Біздің мақсатымыз – батысқазақстандық науқастарға заманауи технологиялар үшін шетелге ғана емес, республикалық орталықтарға да бармайтындай жағдай жасау. Қазір жергілікті атқарушы биліктің және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұл салаға бөліп отырған қаражаты облыс медицинасындағы мәселелерді шешуге, тың технологияларды әкелуге жетеді. Көпбейінді аурухана елдегі медициналық орталықтармен тығыз байланыста. Енді алыс-жақын шетелдермен де әріптестік орната бастадық, – деді аурухана директоры Арман Мырзахметов. Кездесу барысында аурухана басшысы мен «Mongolian-Japan Hospital» клиникасының кеңесшісі, профессор Батирээдуй Пуревбаатар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале