12.03.2022, 10:20
Оқылды: 115

Уәдені үйіп-төкпеген жөн

Мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерді атқару кезінде кез келген сипаттағы құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеуі  және міндеттемелерді  алмауы тиіс. Өйткені лауазымды тұлғаның қызметін асыра пайдалануы сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соғады. Осы орайда биыл 22 ақпанда мемқызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі мен қызметтік  әдеп мәселелері  жөніндегі Әдеп кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жарлығымен бекітілген Әдеп кодексінің жаңа редакциясын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев түсіндірді.

40964DCB-0A59-441F-858B-9DC81AF86584

– Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адам-гершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болады. Жетілдірілген заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалды. Ол адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және «клиент-ке бағдарлану», яғни мемқызметті тұтынушының орынды талап-тілегіне негізделген. «Клиентке бағдарлану» мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұранысын толықтай бағдарлай отырып, қызмет сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезінде тұрғындарды әуре-сарсаңға салуға жол бермеу. Әдеп кодексінің бұрынғы редакциясында мұндай міндеттер нақты айқындалмаған еді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге де өзгерістер енгізілді. Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тексеру, тәртіптік комиссия материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімі нақтыланды. Былтыр облыста әдеп қағидаларын бұзғаны үшін 19 мемқызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның 10-ына тәртіптік жаза қолданылды. Үшеуі атқарып жүрген қызметінен босатылды. Ал биылғы жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңестің үш отырысы өтті. Нәтижесінде  мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылыққа жол берген бір мемлекеттік қызметкер атқаратын лауазымынан босатылса, екіншісіне  қатаң сөгіс берілді, – деді Ғалым Сұлтанұлы.

Әдеп кодексіне енгізілген тағы бір өзгеріс лауазымды тұлғаларға қатысты. Егер облыстың, республикалық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдері және олардың орынбасарлары, комитет төрағалары, облыс әкімі аппараты басшылары қызметтік әдеп қағидаларын (нормаларын) бұзса немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар көрсетсе, олардың тәртіптік жауапкершілігі де агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясында қаралады.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале