12.11.2025, 17:30
Оқылды: 66

ҰАҒБО басшысы Жәңгір хан университетінің ғылыми жобаларымен танысты

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өңіраралық ынтымақтастығының ХХІ форумы аясында Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде болды.

DSC00135

Сонымен қатар білім ордасына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры Қанат Тіреуов әріптестерімен бірге келді. Қонақтар оқу орнындағы ғылыми зертханаларда болып, атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді. Сондай-ақ «Құс шаруашылығы» ғылыми-өндірістік зертханасында, «Ветеринарлық және биологиялық қауіпсіздік», «Тағам қауіпсіздігі», «Құрылыс материалдары және технологиялар» ғылыми-зерттеу зертханаларында болып, ғалымдардың жаңашыл ғылыми жобаларымен танысты.

«Құс шаруашылығы» ғылыми-өндірістік зертханасының қызметкерлері мұндағы инкубаторлардың түрлерін, оларға жұмыртқа салу арқылы балапан алу үрдісін, балалапандарды өсіру технологиясын көрсетті. Аталмыш зертханада өсірілетін қаз-үйректерді бағып-күту жағдайына назар аудартып, оларға берілетін азық түрлері, жасалатын жем-шөп қоспалары туралы айтып өтті.

«Құрылыс материалдары және технологиялар» ғылыми-зерттеу орталығындағы жұмыс барысымен Индустриалды-технологиялық институты директорының орынбасары Сәбит Жарылғапов таныстырды. Мұндағы ғылыми зерттеу жұмыстары да қонақтардың қызығушылығын туғызды. Мысалы, университет ғалымдары ірі қара малының мүйізі мен тұяқтарын, шыны қалдықтарын кәдеге жарату бойынша ғылыми жұмыстармен айналысуда. Малдың мүйіз-тұяқтарын көбік бетон өндірісінде көбік түзгіш дайындауға қолданып, ал әйнек қалдықтарын силикатты кірпішке немесе өрнектастарға қосуға болатынын ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеулері арқылы дәлелдеді. Оған қоса облысымыздағы Тасқала кен орнында кездесетін кремнийлі тау жынысы – опокадан жасанды қиыршық тас алу немесе аталған тау жынысын құрама жемге араластыру бойынша да ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Университеттегі «Ғылым және технологияларды коммерцияландыру» департаментінің директоры, биология ғылымдарының докторы Индира Бейшова ғылыми зертханаларда жүргізілетін түрлі зерттеу жұмыстарымен таныстырды. Сонымен қатар жануарлар генетикасы жөніндегі халықаралық қоғам (ISAG) ұйымдастырған ірі қара мал мен жылқылардың генетикалық профилін анықтауға арналған халықаралық салыстырмалы сынаққа қатысқан «Биотехнология және жұқпалы ауруларды диагностикалау» зертханасына генетикалық зерттеулердің жоғары сапасын растайтын 1-ранг берілгенін атап өтті.

DSC00022

Сапар барысында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Қоңырбайұлы университет ұжымымен кездесті.

– Мемлекет басшысының ғылым-білім саласына қойып отырған талабы өте жоғары. Біз сіздермен және өндіріс орындарымен бірлесіп, сол талап-міндеттерді орындауға күш салудамыз. Осы ретте ғылым саласындағы жаңа жобаларды, жетістіктерді әрі қарай жүзеге асыруымыз керек. Президентіміз биылғы Жолдауында агрохаб құру мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Осы мәселеге де жан-жақты талқылау жүргізіп, қарастырудамыз. Жәңгір хан университетінің мамандар даярлау жүйесімен, университет ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарымен және жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстық. Осы еңбектеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін, – деді басқарма төрағасы Б.Асанов.

Өз кезегінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры Қанат Маратұлы:

– Жәңгір хан университетімен бірлесе жұмыстанып жүргендіктен, өзімнің әріптестерімді де бірге алып келдім. Жалпы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты үш университет әріптестік байланыстамыз, ортақ мақсатта жұмыстанып жатырмыз. Сондықтан осы жолғы сапарымыз біз үшін маңызды, – деді Сейфуллин университетінің басшысы.

 

БҚАТУ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале