«Үзіліске» өңіріміздегі танымал заңгер, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Зәкиұлы Ахметжанов қоңырау шалып, төмендегі мәселе бойынша алаңдаушылық барын былайша жеткізді: «2023 жылдың 11 желтоқсан күні бізге Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарын UTC+4 уақыт белдеуіне ауыстыру мәселесімен азаматтар хабарласты.
Қазір Қазақстанның батысы UTC+5 уақыт белдеуінде, тұрғындар онсыз да осы қателікке байланысты биологиялық, яғни табиғи уақытынан жасанды түрде екі сағат алға озып, өмір сүруге мәжбүр болуда. 2023 жылдың 7 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкіметтің 23.11.2000 ж. №1749 қаулысына өзгерістер енгізу бойынша жоба жүктелді. Онда «Қазақстанның
барлық аумағында бірдей UTC+5 уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және қолайлы нұсқа болып табылады, бұл көптеген аймаққа табиғиға жақын уақытты пайдалануға мүмкіндік береді» делінген. Алайда географиялық орналасу жағынан UTC+3 және +4 белдеуінде тұрған батыстағы 2,1 млн тұрғынның (БҚО – 688 мың адам, Атырау облысы – 700 мың және Маңғыстау облысы – 800 мың) денсаулығы мен құқығы мүлдем ескерілмеген.
ҚР Сауда және интеграция министрі А. Шаққалиев 60 адамнан тұратын, құрамында депутаттар, мемлекеттік құрылым, ғылыми институт, медициналық университет өкілдері және қоғам белсенділері бар жұмыс тобын құрған. Олар «Қазақстан Республикасындағы уақыт есебін зерттеудің негізгі нәтижелері» есебін дайындаған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Астана, Семей қалалары, Марат Оспанов атындағы медициналық жоғары оқу орындары, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Фесенков атындағы астрофизика институты және С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті бұл қорытындымен келіскен...
Бұл дегеніңіз, батыс өңірінде қазірдің өзінде UTC+5 уақыт белдеуінен зардап шегіп отырған, ал биологиялық
ырғағы мен уақытына сәйкес UTC+3 не кем дегенде UTC+4 өмір сүруі керек ел одан әрмен қиындыққа ұшырай береді деген сөз. БҚО жерінің 70%-ы, Атырау облысының 50%-ы және Маңғыстау облысының 25% UTC+3 уақыт белдеуінде орналасқан.
Бірақ, 2005 жылдан бері олар UTC+5 уақыт белдеуінде биологиялық уақытынан 2 сағат ерте жасанды түрде өмір сүріп жатыр.
Яғни, егер бала таңғы 7-де тұрса, шын мәнінде оларды биосағат бойынша таңғы сағат 5-те оятып жүрміз.
Ресей Федерациясының Волгоград және Қазан қалалары өздерінің биологиялық уақытында UTC+3 тұр, олармен біз бір белдеуде болғанмен арамыз бақандай 2 сағат!
Жәнібек (БҚО) мен Вишневка (Волгоград) кенттерінің арасы 4-ақ шақырым, ал олардың арасында 2 сағат айырмашылық бар.
Бірыңғай UTC+5 белдеуін қолдануды ұсынатын жұмыс тобы «бұл барлық қызметтерді, көлікті және басқа коммуникацияларды үйлестіруді жақсартудан көрінетін кейбір экономикалық пайдаға әкеледі» деп сендірмек болады.
Кейбір депутаттар «UTC+5 енгізілгеннен кейін бір сағаттан астам ауытқуы бар 4 әкімшілік бірлік қана қалады» деп отыр.
Яғни, ұлт, әсіресе, Батыс жұртының денсаулығынан, ойдан шығарылған, мардымсыз, өз сөздерімен айтқанда «кейбір экономикалық пайда» жоғары қойылған.
Барселона декларациясында әлем ғалымдары биологиялық уақыттан озып кету өте зиянды екенін айтады. Біздің ғалымдар да өз уақытынан бұрын өмір сүрудің денсаулыққа қауіп екенін растады. Ал министр А. Шаққалиев Премьер-министр Ә. Смайыловқа жолдаған түсіндірме хатында «Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарын UTC+4 деңгейінде орналасқан» дейді. Қазақстанның көптеген аймағының (Батыстан басқа) уақытты биологиялық сағаттарына бейім пайдалануын шеше отырып, Шаққалиев бұл жақтардағы тұрғындар денсаулығын жақсарту, шығыс пен орталық аймақтардың табиғи уақытқа сәйкессіздігін және әкімшілік қолайсыздықтарды жою, елді, кәсіпорындарды басқару, бизнесті жүргізудегі коммуникацияларды жүзеге асыру жолында жасалып жатқанын алға тартады. Бұл арада ол жұмыс тобымен бірге Батыс өңірі тұрғындарын негізгі құқығынан – биологиялық сағатпен өмір сүру құқығынан айырды және десинхроноз (биологиялық ырғақтардың сәйкес келмеуі, депрессия, ұйқысыздық), ашушаңдық, шаршау және басқа аурулармен бетпе-бет өздерін ғана қалдырды.
Осылайша, Сауда және интеграция министрлігі мен оның жұмыс тобы Қазақстанның Батыс аймағының географиялық ерекшелігін есепке алмай, осы жерде тұратын азаматтардың, белсенділердің, депутаттар мен ғылыми қызметкерлердің, профессорлардың нақты және дәлелді пікірлерінсіз асығыс жоба дайындаған. Биыл 11 желтоқсан күні біз ҚР Сауда және интеграция министрлігіне: Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарын UTC+4 уақыт белдеуіне көшіру мәселесін қарау; жұмыс тобының құрамына Қазақстанның Батыс аймағында тұратын азаматтарды, белсенділерді, депутаттар мен ғылыми қызметкерлерді, профессорларды қосу туралы хат жібердік. Әкім Нариман Төреғалиұлынан, прокурор С. Шалабаевтан, мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаевтан осы мәселе бойынша өз позицияларын көрсетуді сұраттық».
Оқырман үшін мына түсініктемені де бере кетейік: Биологиялық сағат – жануарлар мен адамның уақыт өлшемін бағдарлау қасиеті. Ол жасушалардағы физикалық-химиялық және физиологиялық үдерістердің белгілі бір уақытта қайталанып отыруына (биологиялық ырғақ) негізделген. Мұндай қабілеттілік бір жасушалылардан бастап адамға дейін – тірі ағзалардың барлығында болады. Кейбір зерттеушілер «Биологиялық сағат» организмнің, геофизикалық факторлардың (жердің электр және магнит өрісі, күн мен ғарыш радиациясының тәуліктік, жылдық, маусымдық қайталануының) өзгеруін қабылдау қабілетіне негізделген деп есептейді. «Биологиялық сағат» тұтас ағзалардың да, сондай-ақ клетка ішіндегі үрдістердің де дұрыс тәуліктік жұмыс ырғағын басқарады. Ғылымда «Биологиялық сағаттың сыры әлі толықтай ашылған жоқ. Жұмысқа қабілеттілік пен қажу кезеңдеріне, әсіресе, адам психикалық белсенділігінің тәуліктік биологиялық ырғағы әсер етеді. Оның ерекше маңызы бар:
Таңертеңгі және кешкі мезгілдегі белсенділіктің сергектігі ағзада болып жататын ішкі биохимиялық үрдістерге байланысты. Мысалы, адам психикалық белсенділігінің ішкі биологиялық ырғағының тәуліктегі күшеюі мен бәсеңдеуі ағзадағы адреналин мен норадреналин гормондарының көбеюіне тәуелді. Мұндай қатаң тәуелділік ішкі биологиялық ырғақтар мен сыртқы тіршілік әрекетінің ұйымдасуы арасында нақты үйлесімнің болуын қажет етеді. Егер бұл үйлесім бұзылатын болса, оның нәтижесі жүйке жүйесінің түрлі ауруларына (мысалы, ұйқының бұзылуы, невроздар, жүрек-қан тамырларының аурулары) душар етеді. Сондықтан психологиялық тексеру мен психокоррекцияда міндетті түрде адамның психикалық белсенділігінің биологиялық ырғақ құрылымы ескерілуі тиіс (интернеттен алынды).
Таңертең баланы мектепке, балабақшаға ұйқыдан тұрғызудың неге қиын екенін, өзіміздің күні бойы тез шаршап, енжар жүруіміздің, кеш болса, балаларды ұйқыға жатқыза алмай, өзіміздің де түн жарымына дейін кірпікіле алмай қиналатынымыздың себебін енді түсіндіңіз бе? Ең бастысы, адамның денсаулығы, өмірі емес пе? Ендеше, уақытымызға қол сұқпауларын талап етейік, әсіресе, бала тәрбиелеуші,баламен жұмыс істеуші қауым!
Онсыз да мектепте де, тұрмыста да айтар ауызға, естір құлаққа ауыр оқиғалар жиілеп бара жатқанын көре тұрып, жаппай неврозға, жаппай әлсіретуге бұлайша жол беруге әсте болмайды.
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі