Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық аудандық білім беру бөлімі - қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы құрамы мен құрылымы жағынан ең үлкен аудандық кәсіподақ ұйымдарының бірі. Құрамында 3409 кәсіподақ мүшесі бар.
Аталмыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, өзінің азаматтық белсенділігімен өңірге танымал, жан-жақты, білікті басшы. БҚО, Ақжайық ауданының білім бөлімінің «Ақжайық аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры – Максим Үмбетәлиев өз сөзінде былай деді:
- Аймақтағы маңыздылығы жоғары, құрылымдығы жағынан үлкен ауданда қызмет ету, соның ішінде қызметкерлердің құқығы үшін, жұмысшының талабы жолында еңбек ету – қуаныш. Дегенмен, аумақтық бөлінісі қалай үлкен болса, тұрғындардың сұрақ-шағымы да сондай. Әр жыл сайын кәсіподақ есігін қағушылар мен қоңырау шалушылар көбейді. Мұның өзі кәсіподақ жұмысының нәтижелілігінің белгісі деп ойлаймын. Бір жағынан бұл қуантарлық жағдай да емес. Маман шырылдаса, еңбек саласында жаңа мәселе пайда болды деген сөз. Сондықтан уақыт пен сапаға жұмыс жасауға тырысамыз, - дейді.
Ақжайық аудандық білім беру бөлімі қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының тағы бір ерекшелігі – құқықтық сауаттылық пен заң алдында қорғалу шараларына, іс-әрекеттер жағдайларына ерекше назар қояды. Әсіресе карантин кезінде еңбек қатынастарындағы құқық бұзушылық фактілері жиі көрініс тапты. Дәл сондай мәселемен жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімдері аудандық кәсіподақ ұйымына шағымданған болатын. Яғни, карантиндік шараларды сақтау мақсатында әр бастауыш сыныпқа екі мұғалімнен тағайындалды. Бір мұғалім қашықтықтағы (онлайн сабақ) оқушыларға сабақ берсе, екінші мұғалім кезекші сыныптарға сабақ берді. Дегенмен, пандемиялық жағдайлардың өршуіне байланысты барлық сынып түгел қашықтықтан оқу түріне көшірілді. Бұл уақытта мектеп басшылығы екі мұғалімге бір мұғалімнің жалақысын төлеп келген еді. Шешімге келіспеген қызметкерлер кәсіподақ ұйымына жүгінеді. Ал, аудандық кәсіподақ ұйымы мәселені облыстық кәсіподақ ұйымы мен еңбек инспекция басқармасына мәлімдеп, бірлесе шара қолдануға шақырады. Нәтижесінде 24 мұғалімге тиесілі ақшалары қайтарылды. Бұл жағдай – еңбек адамына қай кезде де қолдау болған Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілігімен шешімін тапқан құқықтық мәселелердің бірі ғана.
#kasipodaqkz
#БКҰ21
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ