Облыс әкімдігінде өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте көптеген өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Жылыту маусымына дайындық пысықталды. Мал азығын дайындау жұмыстары жайында да сөз қозғалды. Жолдарды күтіп ұстау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқтала келгенін мәлімдеді. Оның баяндауынша, №3 кәріз-сорғы стансасы мен №5 жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары біткен.
– №2 кәріз-сорғы стансасын, жылу электр орталығының №1 турбинасын, сондайақ Ақсай қаласының 4, 5, 10-шағынаудандарындағы сумен жабдықтау желілерін реконструкциялау жұмыстарын жылыту маусымы басталғанша аяқтаймыз. Ал №18А кәріз-сорғы стансасы мен №2 жылу магистралін реконструкциялау жобалары келесі жылы аяқталады. «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының және Орал газтурбиналық электр стансасының негізгі жабдықтары 100% жөнделді. Әлеуметтік нысан-дарға 735 тонна көмір жеткізілді. Осы бағыттағы жұмыстар басқарма тарапынан жіті қадағаланады, – деді Мирас Рүстемұлы.
Содан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин өңір бойынша 1 млн 66 мың малға 2 млн 23 мың тонна шөп, 233 мың тонна жем, 11 мың тонна сүрлем, 9 мың тонна пішендеме керектігін жеткізді. Оған қоса өткен жылдан 148 мың тонна шөп қалғанын тілге тиек етті.
– 2024 жылғы 23 қыркүйектегі мәлімет бойынша 4,8 млн га шабындық шабылды. Аудандарда малдың қысқы азығын әзірлеу бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша мал азығын дайындауға 2 662 тонна дизель отыны бөлінді. Биылғы көктемдегі салқындық пен киік санының шамадан тыс артуы салдарынан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында мал азығын дайындау қиынға соғуда. Мұндай жағдай Жаңақала ауданының құрамындағы Жаңажол, Жаңақазан, Көпжасар және Мәстексай ауылдарында, Казталов ауданының орталығы мен оған қарасты Тереңкөл, Бостандық, Көктерек ауылдарында да қалыптасып отыр, – деді Жасұлан Жолдыбайұлы.
Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышәлиев аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында 22 жылыту пункті дайындалғанын тілге тиек етті.
– Казталов ауданының аумағындағы жолдың жалпы ұзындығы 524 шақырымды құрайды. Оны күтіп ұстайтын мердігер мекеме – «СтартСтройСервис» ЖШС. Мердігер ұйыммен келісімшарт 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалған. Мердігер ұйымда үш арнайы техника бар. Казталов ауданы аумағындағы аутомобиль жолының көлеміне байланысты «СтартСтройСервис» ЖШС-дағы техника санын көбейту керек деп есептеймін. Жалпы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстайтын мердігер ұйымдардың иелігінде 106 бірлік арнайы техника және патрульдік жеңіл аутокөлік бар. 2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың наурызы аралығында облыстық маңызы бар аутомобиль жолдары 51 мәрте ауа райының қолайсыздығына байланысты жабылды. Автожолдарды уақытша жабу немесе шектеу облыстық полиция департаменті мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесе жүзеге асырылды. Жиі тексеріс жүргізіліп, осы бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауға алынады, – деді Марат Ғабделқайырұлы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қасыбаев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселесіне бейжай қарауға болмайтынын айтты.
Руслан Әмірзадаұлының мәлімдеуінше, бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарының жоспары жасақталған. Биыл облыстық бюджеттен 206 млн теңге бөлініп, 19 бірлік техника сатып алынған. Өз кезегінде Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов қала көшелеріндегі қардың дер шағында шығарылатынын мәлімдеді.
– Қыс мезгілінде қала ішіндегі, сондай-ақ Зашаған, Деркөл, Круглоозерный кенттеріндегі көшелерді күтіп ұстау жұмыстарын «Жайық таза қала» ЖШС жүргізеді. Ал Желаев ауылдық округіндегі көшелерді «Мақсотов» ЖК тазартады. «Жайық таза қала» ЖШС-да 750, «Максотов» ЖК-да 10 маман жұмыс істейді. Биыл 11 бірлік техника сатып алынды. 15 000 тонна құм-тұз қоспасы дайын. Аталған мекемелер жолды қардан тазартады. Көктайғақпен күреседі. Жол бетіндегі мұздарды сындырып, сыпырады. Сонымен қатар қарды арнайы көліктерге тиеп, белгіленген орындарға апарып төгеді, – деді Мұрат Болатұлы.
Өңір басшысы жиынды қорытындылап, жұмысты уақтылы әрі сапалы тындыру керектігін айтты.
– 15 қарашаға дейін малдың қысқы азығы толық дайындалуы қажет. Осы мәселенің қатаң түрде қадағаланғаны абзал. Жеке қосалқы шаруашылықтар қысқы мал азығын қажетті деңгейде жинамаған жағдайда оларға бөлінген субсидия кері қайтарылады. Осыны естеріңізден шығармаңыздар! Өз міндет-миссиясын дұрыс атқармайтын мердігерлер бар. Жолды белгіленген мерзімге дейін салып бітірмесе, оларды сотқа берген жөн. Тапсырмаларды тиянақты орындап, нақты нәтиже көрсетейік, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Мәрлен Ғилымхан
zhaikpress.kz