Осы сұрақ мектеп түлектерін толғандырары анық. «Биылғы ҰБТ ережесіне біраз өзгерістер енгізу жоспарлануда. Қазіргі таңда жаңа ұсыныстар бекітілмегенімен, жоба ретінде ұсынылуда», - дейді мамандар.
Биыл мектеп түлектері ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Бірінші ҰБТ тапсыру тегін, екіншісі – ақылы. Сондай-ақ олар екінші тестілеуде таңдау пәндерін де өзгерте алады. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Асқар Аманбаев айтып берді.
– Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің тағы бір ерекше жобасы – түлектер электронды форматта тапсырады. Бұл «онлайн тапсырады» деген сөз емес. Мектеп түлектері наурыз айының 1-інен мамырдың 31-іне дейін электронды тіркеліп, тестілеуден өте алады. Қай күні, қай сағатта тапсыратынын оқушының өзі таңдайды. ҰБТ бұрынғыдай жоғары оқу орындарында емес, тестілеу орталықтарында өтеді. Онда әрбір түлекке дербес компьютер беріледі. Тағы бір өзгеріс – Қазақстан тарихы мен математика сауаттылығынан сұрақтар 15 немесе 20-ға дейін қысқартылды. Ал таңдау пәндерінде бұрын 30 сұрақ болса, қазір 35-ке дейін көбейді. Сұрақтарға жаңартылған білім бойынша да өзгерістер енгізілді. Сондықтан түлектер ҰБТ-ға дайындалар алдында ескі және жаңа бағдарламалар бойынша шыққан оқулықтармен жұмыс істеуі керек, - дейді Асқар Сайынұлы.
Мектеп түлектері наурыз айынан бастап, мамыр айының аяғына дейін өзі қалаған уақытында ҰБТ тапсырады. ҰБТ-ны екі рет тапсырған түлек конкурсқа құжат тапсырарда жоғары нәтиже көрсеткен сертификатты таңдай алады.
«Бұл – түлектерге берілген керемет мүмкіндік», - дейді мамандар. Сондай-ақ педагогика мамандығына тапсыратын түлектерге шекті деңгей жыл сайын өсуде. 2019 жылы – 60, былтыр 70 болса, биыл 75-ке дейін көтеру жоспарлануда.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz