18.04.2022, 11:15
Оқылды: 119

ҰБТ-да қандай өзгерістер бар?

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Асқар Аманбаевтың айтуынша, биыл ҰБТ-да айтарлықтай өзгерістер бар. Бұрын ҰБТ тапсырушылар қай сұрақтан қате жібергенін білген жоқ. Биылғы түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен соң жеке кабинеттегі «Менің тарихым» парақшасына кіріп, әр пән бойынша қай сұраққа дұрыс жауап бере алмағанын көре алады. 

20

Фото дереккөзі: ernur.kz

Бұл өзгеріс ҰБТ тапсырушыларға үлкен көмек болды. Өйткені олар өз қатесін білгендіктен, келесі дайындықта қате жіберген сұрақтары бойынша жұмыстанып, дұрыстап дайындалып, келесі тестілеуден жоғары балл жинауға мүмкіндік алады. Енді осы тәжірибені әрі қарай жалғастырып, мамыр, маусым айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша еліміздегі әр мектеп талдама өткізіп, мұғалімдердің беріп жатқан білімінің сапасын тексере алады.

Аталмыш әдіс мектеп әкімшілігіне де пайдалы. Облыстық білім басқармасы мен қалалық, аудандық білім бөлімдеріне де әдістемелік бағалау жағынан зор көмек. Бұл әдісті сыртқы бағалау деп те айтуға болады. Екінші жағынан әріптестерімізді өз пәні бойынша білімін жетілдіруге, әдістемелік жағынан жаңартуға, сапалы білім беруге ынталандырады, – дейді Асқар Сайынұлы. Сондай-ақ биылғы мектеп түлектері грантқа түсуге мамыр, маусым айларында екі мүмкіндік алмақ. Олар тіркелу басталғасын сәуір айының аяғына дейін ҰТО (ұлттық тестілеу орталығы) тапсыратын күнін, сағатын белгілеп барып мамыр, маусым айындағы ҰБТ-ға қатыса алады. Бұл мүмкіндікті алдыңғы жылы мектеп бітіргендер мен биыл колледж бітірген тестілеуге қатысушылар да ақылы түрде пайдалана алады.

Биыл грант саны да өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі түлектерге қосымша уақыт бөлу қарастырылуда. Тексеріс пен бағалау бойынша талап күшеюде.

– Тестілеуге қатысушылардың тапсыру үрдісі, іс-қимылы, дауысы бейнекамераға жазылады. Тәртіп бұзғандардың тізімі жасақталып, нәтижесі жойылады. ҰБТ-ның биылғы өзгерістері түлектердің мектеп қабырғасында тестілеуге дайындалуына жол ашады деп ойлаймын. 2017 жылдан бастап пән мұғалімдері тек сабақ беріп кететін болғандықтан, білім сапасы төмендеді. Енді мынадай тексеріс болашақ түлектерге үлкен көмек болады деген сенімдемін, – деп ой бөлісті Асқар Сайынұлы.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале