Бүгінде облысымызда 710 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда бұл сан халықтың нақты азаматтық белсенділігінің көрсеткіші емес, өйткені іс жүзінде үкіметтік емес ұйымдар болып табылатын кәсіподақ ұйымдары, этномәдени бірлестіктер, спорт федерацияларын қоса алғанда 20%-ы ғана аймақтың қоғамдық климатының оң дамуына өз үлесін қосуда.
Бұл туралы өткен аптаның соңында өңірлік коммуникациялар қызметінің орталық алаңында болған брифингте «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова мәлімдеді. Сондай-ақ БҚО «Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Аслан Тапишев өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың дамуы туралы баяндады.
Еліміздің қоғамдық өмірін демократияландырудың негізгі бағыттарының бірі үкіметтік емес секторды дамыту болып табылса, ҮЕҰ бүгінде Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде елеулі рөл атқарады. Олардың қызметі – мемлекет пен қоғам арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға ықпал ететін билік пен қоғам арасындағы буфердің бір түрі. Гүлбаршын Мұштанованың айтуынша, ауылдық жерлердегі ҮЕҰ-ларға көбіне жастармен жұмыс (сұралған респонденттер ішінен 60,9%), қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту тақырыбында (32,1%) жұмыстанған ыңғайлы. Сол себепті ауылдық ұйымдар жұмыстың өзге бағыттарын көрмегенін және оның үстіне азаматтық қоғамды дамыту мәселелерімен айналыспайтынын көрсеткен.
– ҮЕҰ мүшелерінің әлеуметтік-ақпараттық сауаттылығының деңгейінің төмендігі, өңірдегі басқа ұйымдармен өзара іс-қимылдың болмауы, шектеулі ресурстар, олардың техникалық және материалдық базасының әлсіздігі және қаржыландырудың жоқтығы өңірде қалыптасқан ахуалдың көрсеткіші болып табылады. Сондықтан оларды жандандыру және институционалдық дамуды күшейту үшін қоғамдық өмірге белсене араласатын, сауатты құрылған ҮЕҰ ресурстарын қалыптастыру күн тәртібінде тұр. Осыған орай сә-
уір айынан бастап «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарының әлеуетін арттыру бойынша жобаны іске асыруға кірісті. Негізгі мақсаты Азаматтық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдас-
тыру және дамыту болып табылады. Бұл бағыт бойынша бірнеше негізгі міндеттемелерді орындамақпыз. Олардың ең бастысы – өңіріміздегі ҮЕҰ-ларды және басқа да мүдделі тұлғаларды азаматтық қоғамды дамыту бойынша тұрақты негізде оқыту, консультациялық қызметтер көрсету. Ақпараттық материалдарды әзірлеу және насихаттау, әлеуметтік желілер арқылы БҚО тұрғындарын ҮЕҰ-лардың қызметі туралы хабардар ету. Сондай-ақ шағын гранттар беру арқылы өңірдің әлеуметтік маңызды проблемаларын шешуге атсалысу. Биыл азаматтық бастамаларды қолдау мақсатында жаңа әлеуметтік инновациялық жобалар мен идеялар жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. Ал жыл соңында қорытындылар мен ұсыныстарды ескере отырып, көп-
шілік алдында жоба нәтижесінің таныстырылымы өткізіледі, – деді Гүлбаршын Мұштанова.
Ал БҚО «Азаматтық альянсы» қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігі 2009 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады.
– Ұйымның негізгі мақсаты – Қазақстандағы демократиялық үрдістерді тұрақты және барынша дамуы үшін қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында Азаматтық альянс субъектілерінің күштерін біріктіру. Қоғам мен биліктің өзара қарым-қатынасының тұрақты ұзақ мерзімді жүйесін қалыптастыруға қатысу, қоғамдық бақылаудың жаңа түрлерін жасау. Мемлекеттік билік және басқару құрылымдарында, соттарда, мемлекетаралық, мемлекеттік емес және басқа да ұйымдарда мүшелік ұйымдардың мүдделерін ұсыну мен қорғау болып табылады, – деді Аслан Тапишев.
Ләззат Шағатай,
zhaikpress.kz