Әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Фото: ktf.kz
Жарыстың басты фавориттерінің бірі Рыбакина биыл өткен жылғы чемпиондық атағын қорғауға тиісті еді.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 49-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен шеберлік байқасты.
Орталық корттағы матчта америкалық теннисші брейкпен бірден алға шықты – 2:0. Сет біткенше сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.
Есесіне екінші партияда қазақстандық спортшы 5:0 есебімен алға кетті. Сосын өз пайдасына шешті – 6:1.
Рыбакина үшінші, шешуші сетті де брейкпен бастады – 1:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 12 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, франциялық Ализе Корне немесе рейтингте 127-сатыдағы жапониялық Нао Хибиноның біреуімен таласады.