25.04.2024, 11:30
Оқылды: 104

«Үйіміз осымен үшінші рет суға кетті...»

...Штаб мүшелері тағы да атқа қонып, қала іргесіндегі Деркөл ауылына келдік. Осы кенттік округтегі эвакуациялық қосынға айналған «Орал» спорт клубын 88 адам паналауда, олардың 39-ы – балалар. Тасқын судың салдарынан баспаналары суға кеткен жанұялар бала-шағасымен осында келіп «ат шалдырған». Волейбол, баскетбол, футбол ойнауға арналған айлапат залдың ішіне айнала темір кереуеттер қойылыпты. Көзге тосындау көрінетін бұл көрініске кішкентай балалар, сірә, үйреніп кеткен-ау, асыр салып ойнап жүр. Мұндағы қосынға жауапты қызметкерлердің бірі Мерген Мұхамбетяровпен аз-кем әңгіме құрдық. Ол осы спорт клубында қол күресінен жаттықтырушы болып істейді. Қанша  адамның жатқанын, олар қай жерлерден келгенін әңгімелеп берді. Эвақосында 1-саяжай, «Үміткер», «Ягодка», «Самал» саяжайлары және Деркөл кентінің тұрғындары келіп қоныстаныпты. Олардың арасында алды 7, соңы 4-5 баламен келген жанұялар бар.

IMG_6281

Көп балалы жанұяларды қаладағы педагогикалық колледждің жатақханасына, «Саяхат» қонақүйіне орналастыруға ұсыныс болған. Бірақ ата-аналардың көпшілігі балалары осы Деркөлдегі мектепте оқитын болғандықтан, осы қосынды қолай көрген.

Үш мезгіл тамақ уақытында беріледі, ол үшін спорт клубтың екінші қабатынан асхана жасақталған. Аяқ астынан біреулер сырқаттанып қалса, жедел көмек көрсететін  медбикелер кезекшілікте жүр.

«Тұрғындардан арыз-шағым жоқ па?» дедік. Мерген бұл сұрақты спорт клубта уақытша тұрып жатқандардың өздерінен сұрайық деп бізге жол бастады. Спортзалдың қабырғаларын жағалай қойылған кереуеттердің ортасындағы бос жерлерде балалардың түрлі ойыншықтары шашылып жатыр. Оларды басып кетпейік деп сақтана жүріп келеміз. Баланың аты бала, баспаналары суға кетіп, ата-аналары уайым шеккендерінде шаруалары жоқ, алаңсыз ойнап жүр. Тек ересектеулерінің қабақтарында кірбің, кереуеттерінде үнсіз дөңбекшиді.

IMG_6308

Құбаев Аманкелді деген ақсақалмен аз-кем тіл қатыстық. «Самал» саяжайында тұрған, баспаналарын су басқаннан кейін жанұядағы келін-баласы, немерелері бәрін қосқанда 12 адам осында келіп жатыр. – Ешқандай шағымымыз жоқ. Үш мезгіл тамағымызды уақытында береді, қарнымыз тоқ. Тек үйжайымызды уайымдаймыз, – дейді ақсақал.

Табиғи апаттың салдарынан осы жерді уақытша мекен етуге мәжбүр болған  тағы бір жан - Оразия Есболова.

– Деркөлдің Құрылыс монтаж жабдықтары зауыты жағындағы Заводская көшесінен келдік. Сол жерден 1990 жылы үй сатып алғанбыз. 1994, 2011 жылдары және биыл үшінші рет үйіміз суға кетті. Біріншісінде ауламыз суға толса, екіншісінде үйімізді мықтап су басты. Бірақ үйлеріңіз құлаған жоқ деп  баспана  бермеді. Қазір үйіміз суда тұр, жақындай алмайсың. Алыстан қарап келеміз. Өзім бұрын теміржолда істедім, қазір зейнеткермін, қол-аяғым ауыратындықтан мүгедектік санаттамын. Қартым да мүгедек. Ол кісі де 45 жыл теміржолда жасап, зейнетке шыққан. Қазір қартым үйді  қарап келемін деп, сол жаққа кетті. Бос қалған үйлерге арғы жақтан қайықпен келіп, ұрылар түсіпті. Оларды үйлерін алыстан қарап жүргендер ұстап алған. «Балық аулап жүрміз» деп жалтаратын көрінеді. Қартым суға түскенде киетін арнайы киім киіп, бойлайтын жерге дейін барып, үйді қарап келуге кетті, қазір келіп қалар.

Анау киімді қартым 2011 жылы үйіміз суға кеткенде алып еді, енді, соны міне, тағы да киюге тура келгенін қараңызшы...

Мұнда тамағымыз тоқ, төсек-орын бар, жағдайымыз жақсы. Үстіміздегі киімімізбен, құжаттарымызды ғана алып, тасқыннан қашып шықтық қой. Қажет болса, киім-кешек те береді деп естідік. Бірақ оны қай жерден, кімнен алатынын білмеймін. Беріп жатса, алар едік. Бұл жолы үй берілер деген үмітіміз таудай, қайдан білейік?.. Жас ұлғайған шақта  қиын  екен...

Баспанасын су басып, амалсыздан спорт клубтың тұрғынына айналған Мейрамгүл Есетовамен осы жерде таныстық. Ол мұнда мектеп жасындағы және кішкентайын қосқанда төрт баласымен жатыр. Бесінші баласы студент болғандықтан қалада. Деркөлде Деркульская көшесінде тұрған үйлері суға кеткен.

– Сонау 2011 жылы да үйімізді су мықтап басып, төбеге дейін тіреліп тұрды. Тұрған жеріміз саяжайлық  аймақ емес, кәдімгі тұрғын үй салуға арналған. Өз ақшамызға жер телімін сатып  алып, щитовой үй салдық.

Ішкі қабырғалары саман таспен бөлінген еді, 2011 жылы оның бәрі құлап қалды. Сырты құламағандықтан бізге үй берілмеді, жөндеп алуға  1 миллион теңге берді. 2014 жылы керамзит кірпіштен салып алған едік.  Жыл сайын көктемде қорқып отыратын едік, міне, биыл тағы су басты. Несиелерімізден енді-енді құтылып, есімізді жиып келе жатыр едік... Енді, міне, тағы оқсатты... Шаршап кеттік... Одан әрі Мейрамгүл балаларының қаладағы №25 мектепте оқитынын, мүмкіндік болса, сол маңайдағы эвакуациялық қосынға орналасуға жәрдемдесуімізді  өтінді.

Тасқыннан тағы бір зардап шегуші Саягүл Әжігереева бұл жерге алты баласымен келген. Оның да балалары анау №25 мектепте оқитын көрінеді. Ол да балаларымен сол мектепке жақындағысы келеді. Біз көп балалы қос ананың аманатын арқалап, тиісті жеріне жеткізуге уәде бердік.

*   *   *

Баспанасыз қалып, клубты паналағандардың қайсысымен сөйлессек те, ешкімнен шағым естімедік. «Жағдайымыз жақсы, шүкір...» дейді.  Жүздерінде итжығыс түскен үміт пен уайым. Тасқынның зардабынан тағдыр айдап, бір шаңырақтың астында сығылысып жатса да, мұңдарын шақпады. Қайран, қазақы шыдамдылық-ай!.. Уайымдары тек баспана ғана. Спорт клубтан шыға бергенде, «Ура! Жайық суы 1 сантиметрге төмен түсіпті... Мама, үйімізге қашан қайтамыз?» деген жеткіншектің қуанышты даусы бізді селт еткізді. Қайтсін, үйлерін сағынды  ғой...

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Сурет: М.Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале