Ақжайық ауданы әкімінің назарына!
Жуырда редакциямызға Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылының тұрғыны Тойған Игиловадан хат келді. Хат иесі апатты үйде тұратынын, биыл наурызда үйінің төбесі ортасына түскендіктен, алдағы қыстың көзі қырауда үйінің қабырғалары түгел опырылып, ұлы екеуі жазым боламыз ба деп уайымдайтынын жеткізген. Оқырманнан түскен хаттың мәтінін толық баяндасақ.
«Газет редакциясына осы арызымды бере отырып, өз жағдайымды баяндағым келеді. Жалғызбасты анамын, зейнеткермін. Балам да жұмыссыз. 1950 жылы саман тастан үй салып едік. Содан бері 74 жыл уақыт өтті, тұрғын үйіміз бүгінде апатты жағдайда. Наурыз айында үйімнің төбесі ортасына түсіп, кей қабырғалары құлап қалды. Осы кезге дейін ешкімге алақан жаймадым. Үй алатын да, салатын да мүмкіндігіміз жоқ. Жағдайымызды айтып, әкімдерге барсақ, «ақша жоқ» деп шығарып салады. Әке-шешелері мендей болып қаңғып жүрсе, не істер екен?! Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған халықпыз деп жатамыз ғой. Құлағалы тұрған құжырада тұрамыз. Мемлекет тарапынан бір жәрдем берілгенше, үйіміз опырылып, үйінді астында қаламыз ба деп қорқамыз. Ендігі үмітім сіздерде, газет бетіне жарияласаңыздар екен. Көмектесулеріңізді өтінемін», - деп хат жолдапты.
Арыз бойынша Ақжайық аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбек Замеровпен тілдестік. Оның айтуынша, Тайпақ ауылының тұрғыны Тойған Игилова «жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары» санаты бойынша биыл 23 шілдеде тұрғын үй кезегіне тіркелген. Бүгінгі күнге кезекте 25-ші болып тіркеуде тұр. «Жалпы, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде аталған санат бойынша 28 тұрғын тіркелген. Тайпақ ауылында былтыр 1 үй берілсе, биыл әлеуметтік осал топтарға 17 үй салынуда, алайда апайдың санаты бұған жатпайды», - дейді.
Егер мүмкіндігі болса, жалғызбасты ана баспанасының құлағалы тұрғанын, яғни салынғанына 74 жыл болғанын күтпей, ешкімге алақан жаймай, ауылдан үй салып алар еді. Әттең, қолы қысқа шығар. Бірақ құлағалы тұрған құжырада тұратын ауылдасына үйдің кезегіне тұрсаңызшы деп биылға дейін кеңес айтатын адам, маман болмады ма?
Біздің басты мақсатымыз – қауіптің алдын алу. Қабырғасы сөгіліп, кірпіші үгітіліп тұрған апатты тұрғын үйі құлап, үйінді астында қалмаса дейміз. Өтініш иесінің арызы салаға жауапты құзырлы құрылымдар арасында допша домаламаса екен...
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz