Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі білім беру бағдарламалары жұмыс берушінің талаптарына негізделген. Университет жергілікті «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС – «Alageum Electric» холдингтік компаниясы сияқты ірі инновациялық бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, олардың қатысуымен нақты жағдайларда кездесетін проблемалар негізінде мамандардың профиліне қажеттіліктерді анықтап, білім беру бағдарламаларын жасайды.
Бұл туралы ЖОО-ның басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов былай деп әңгімеледі:
-Қаламызда сандық бағдарламалық басқару/робот машиналармен жұмыс жасайтын кадрлар тапшы. Сол себепті бізде австриялық университеттермен бірлесе, олардың оқыту тәжірибесін ескере отырып, «Робототехникалық жүйелер» білім беру бағдарламасы әзірленді (FH Joanneum – Авс-трия). Университетімізде осы бағытта шетелдік серіктес ЖОО-ларда оқып келген оқытушылар пулы қалыптасқан, олар аталмыш білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға жұмылдырылды. Сондай-ақ білім алушылардың өздерінің де халықаралық академиялық ұтқырлық шеңберінде серіктес ЖОО-ларда оқуға мүмкіндіктері бар. Аталмыш бағдарламаны жасақтауға «DIARKAZ» (609757-EPP-1-2019-1-RS-EPPKA2-CBHE-JP2021, Erasmus+) жобасы аясында мүмкіндік алдық. Ірі жұмыс берушілермен кадрларды бірлесіп даярлауды дамытудамыз. Айталық, «Квант» ЖШС-мен бірге құрылыс материалдары мамандығы бойынша кадрлар даярлаймыз. Іріктеу нәтижесінде білім алушылар бірінші курстан кейін жиһаз фабрикасына жұмысқа тартылады және оларға жалақы төленеді. Екінші курста серіктес компанияның базасында технологиялық тәжірибеден өтеді. Одан әрі жағдайға қарай олар осы өндіріске қосылып, университет басшысы да, өндіріс орнының өкілі де бағалайтын бітіру курсының жұмысын жазу кезінде нақты кейсін анықтайды. Демек, олар кәсіпорында өз мамандығын игеріп, оқуды бітіргеннен кейін сол жерде жұмыс жасауға дайын болады.
Кәсіпорын алғашқы кезеңнен-ақ үйретуді қажет етпейтін кадрға ие болады. Мұндай оқыту процесі «Орал трансформатор зауыты» ЖШС – «Alageum Electric» холдингтік компаниясы, «Стекло-сервис» секілді өндіріс орындарымен де бірлесе жүргізіледі. Ветеринария бағыты бойынша білім алушылар 2-3 курстан бастап жануарларды жаппай өңдеуге қатысады, сервистік компания қағидаттарында жұмыс істейді. Нәтижесінде жергілікті жұмыс жағдайларына қатысты кәсіби құзыреттіліктерге ие болады. «Индустриалды менеджмент» сияқты бірегей білім беру бағдарламаларын әзірлеу арқылы қаланың ірі кәсіпорындарының кадрларын қайта даярлауды жүргізеді. Бұл бағдарлама инженер мамандардың өндірістік және басқару процестерін үздіксіз дамыту үшін негізгі басқару дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Инновациялық инженерлік құзыреттерін басқарушылық ойлау негіздерімен үйлестіре отырып, қысқартылған нысан бойынша жинақтап оқытуды қамтамасыз етіледі. Қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде университетімізде Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінің өкілдігі жұмыс жасауда. Білім алушылар төрт жылдың ішінде екі диплом – яғни Жәңгір хан университетінің және Уфа университетінің дипломдарын алады. Сондай-ақ Уфа университеті өздерінде білім алу үшін гранттар бөледі, ол үшін студенттер бірінші курста біздің университетіміздің базасында оқиды. Бұл мұнай өндіру объектілерін пайдалану және қызмет көрсету (БҚАТУ) және мұнай-газ өндірісінің технологиялық объектілерін пайдалану және қызмет көрсету (УГНТУ) мамандықтары үшін маңызды. Бизнес әкімшілендіру магистрі «Бизнес менеджмент» бағдарламасы бойынша орта және жоғары буын басшылары оқытылады. Аталған бағдарлама неміс серіктесіміз Вайнштефан-Трисдорф қолданбалы ғылымдар университетімен бірлесе әзірленді. Ол жерде біздің оқытушыларымыз «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өткен болатын, – деді Асқар Мырзахметұлы.
Иә, жаңа технологиялар біздің өмірімізді ғана емес, өндірістерді де өзгертуде. Бұл уақыт талабы болғандықтан, университет жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге белсене атсалысуға міндетті.
Біздің барлық ғылыми әзірлемелеріміз экономикаға енгізуге бағытталған. Бүгінгі таңда суды ұтымды пайдалану мәселесін шешудің маңызы жоғары. Ғалымдарымыз Казталов ауданының аграрлары үшін еріген суды пайдалану арқылы малды суару мәселесін шешуді ұсынды. Бұл жылына 7 ай ішінде 200 бас малды үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық мерзім ішінде судың сапасы сақталады және су шығыны барынша азайтылады. Осы жобаны Жәнібек ауданында іске асыру жоспарлануда. Біз жергілікті табиғи опока материалын қолдану арқылы ластанған суды қайта пайдалану үшін суды тазарту сүзгісін жасадық. Бұл сүзгі техникалық қажеттілік үшін суды тазартуға қолданылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін біз малдың өнімділігін арттыруға, оның өзіндік құнын төмендетуге және өнім сапасын арттыруға бағытталған шараларды іске асырамыз. 2023 жылы облыстың 7 шаруашылығында іске асырылған ғылымды қажетсінетін жұмыстар бойынша селекциялық жетістіктерге 7 патент алдық. Осылайша үш жылдың нәтижелері бойынша мал өнімділігін арттыру және ІҚМ мен жылқыларды өсіруден түсетін кірістердің өсуі қамтамасыз етілді. Биотехнология саласында да туылған кездегі жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын анықтауға бағытталған жұмыстарды жүзеге асырамыз. Бұл малдың өнімділігін анықтау процесін жеделдетеді, яғни бұрын 27 ай ішінде «ұрпақ» (потомства) күтуге тура келсе, содан кейін ғана жануардың өнімділігін анықтайтынбыз, ал қазір мұ-ны төлі туылысымен бірден жасай аламыз. Бұл өз кезегінде фермерлердің қаржылық және өндірістік шығындарын айтарлықтай азайтады. Қазіргі уақытта генетикалық ауруларды, мутацияларды, тұқымдық және «әкелігін» (отцовства) анықтау үшін ДНҚ талдауларын жүргізіп жатырмыз. Университет ғалымдары өздерінің зерттеу жұмыстарында мал жүнінің қалдықтарын пайдалану мәселесінің де шешімін тапты.
Ылғал сақтағыш ретінде жүннің қасиеттерін пайдалану негізінде оны гидропоникаға арналған текшелерді жасау үшін қолдану әдісін әзірледік. Маңыздысы, сол арқылы экологиялық таза әрі қа-уіпсіз табиғи материал аламыз, – дейді университеттің басқарма төрағасы-ректор А. Наметов.
Ректордың сөзінше, университеттің әлеуметтік қызметінің маңызды бағыты – егде жастағыларға білім беруге және қоғамдық өмірге тартуға бағытталған «Күміс университет» бастамасы. Бұл білім деңгейін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға және ұрпақтар арасындағы байланысты қалыптастыруға ықпал етеді екен. Осы бағытта 11 бағдарлама жасақталған. Курстардың негізгі міндеті – аға буын өкілдерінің шығармашылық және кәсіби қызметтерін ұзарту. Жоба зейнеткерлерге жастық шағында үлгермеген немесе зауқы соқпаған нәрселерін меңгеруге мүмкіндік береді. Курс тыңдаушылары әлеуметтік желілерді қолдануды, ұялы телефондағы бағдарламалармен жұмыс жасауды, шешендік өнерді меңгеріп, қаржылық сауаттылықтарын арттырады және салауатты өмір салты дағдыларын игереді.
Университет алдағы уақытта өз ресурстарын ашып, халықтың барлық санаттары үшін білім беру мүмкіндіктерін жасай отырып, салауатты, білімді және біртұтас қоғамды қалыптастыруға белсенді атсалысуды алдына мақсат етіп қойған.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»