Алдағы 27 жылда елорданы «Әлемнің үздік қалалары» халықаралық рейтингісінде алғашқы 50 шаһардың қатарына енгізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі жариялаған «Астананы дамытудың кейбір мәселелері туралы» заң жобасының консультативтік құжатында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жобаның мақсаты – 2050 жылға дейін Астана қаласын «Әлемнің үздік қалалары» халықаралық рейтингісінде алғашқы 50 қаланың қатарына кіргізу», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған консультативтік құжатта.
Аталған межеге ұмтылыс жолында мына бағыттағы жұмыстарды қолға алу жоспарланған:
- Елорданың өзекті мәселелерін, оның ішінде тұрғындардың шағымдарын дереу шешу;
- Астананың ақпараттық базасын құру;
- Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, бизнес ортаның дамыту;
- Газбен жылытуға көшу, сондай-ақ рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою есебінен елордадағы экологиялық жағдай мен ауа сапасын жақсарту;
- Астананың сәулеттік келбетін сақтау;
- Қалада кедергісіз орта құру;
- Халық арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендету.
Консультативтік құжат 5 қазанға дейін көпшілік талқылауда болады.
Сонымен қоса осы құжатта өмір сүруге қолайлы әлем қалаларының «Quality of living city ranking» рейтингісінде Алматы шаһары 177-орында тұрғаны жазылған.