Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сөзімнің соңында тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ. Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымынша, бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады.
«Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.