22.01.2026, 11:30
Оқылды: 39

Үкімет қолдауының арқасында Қазақстан бидайды терең өңдеу өнімдерінің экспортын ұлғайтуда

Қазақстан бидайды терең өңдеу өнімдерін Жапония нарығына экспорттауды бастады. Қазақстандық бидай глютенінің алғашқы партиясы аталмыш елге 2025 жылдың желтоқсан айында жөнелтілді. Алдағы кезеңде Жапонияға жыл сайын екі мың тоннадан астам өнім жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жазды. 
_gluster_2026_1_22_7555f4947c5407dd7c665a1d3f3d9c4e_1280x720

Сонымен қатар, ағымдағы жылы қазақстандық бидайды терең өңдеу өнімдері алғаш рет Сауд Арабиясына экспортталды. Осылайша, бүгінде қазақстандық астықтан өндірілген өнімдер әлемнің 34 еліне жеткізілуде. Бұл халықаралық нарықтарда орта және жоғары деңгейде өңделген өнімдерге деген сұраныстың тұрақты түрде артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Аталған өнімдердің экспортын BioOperations компаниясы жүзеге асырады. Бұл – Қазақстанда бидай глютені мен бидай крахмалын өндіретін жалғыз кәсіпорын, сондай-ақ ТМД кеңістігіндегі биоэтанол шығаратын бірден-бір зауыт. BioOperations – жоғары технологиялармен жабдықталған өндіріс орны әрі Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі зауыттардың бірі. Компания республикадағы астықты терең өңдеу саласында жетекші орын алады.

Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 340 мың тоннадан астам. Кәсіпорын өнімдері Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Америка елдеріне экспортталады. Экспорттың негізгі бағыттары қатарында Үндістан, АҚШ, Колумбия, Қытай, Түркия, Норвегия, ТМД елдері мен Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер, сондай-ақ бірқатар араб елдері бар.

BioOperations зауытының бас директоры Евгений Келин экспорттық географияның кеңеюі жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мүмкін болғанын атап өтті.

«АҚШ-та импорттық баж салығының өсуі, соның ішінде қазақстандық өнімдерге қатысты шектеулердің енгізілуі жағдайында біз экспорттық бағыттарды жедел түрде балама нарықтарға қайта бағдарлауға мәжбүр болдық. Соның нәтижесінде 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға бидай глютенін жеткізуді бастадық. Компания экспорт географиясын кеңейту жұмысын мемлекеттік кешенді қолдаудың, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шаруашылығы мен агробизнесті дамытуға бағытталған бағдарламаларының, сондай-ақ ұжымның жүйелі еңбегінің арқасында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта қазақстандық бидайдан алынған өнімдерді Израиль мен Мексика нарықтарына шығу көзделіп отыр», – деді ол.

Компанияның хабарлауынша, қазіргі уақытта биоэтанолды Қытайға биоотын қажеттіліктеріне жеткізу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, негізгі өнімді өндіруде қазақстандық бидай пайдаланылады, ал өңдеу барысында алынатын қосалқы өнімдер биоэтанол өндірісіне бағытталады. Бұл шикізатты барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, саланың орнықты дамуына ықпал етеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале