27.06.2023, 15:59
Оқылды: 3

Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы тақыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.

IMG_20230627_112212_012

Премьер-Министр алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі маусым айында әдейі ертерек қаралып жатқанын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, қазір әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшіліктер көрінуде.

Мәселен, жүйелі оператор «KEGOC» компаниясы Жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті, бірақ, бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр, ал, енді бірі жөндеу жұмыстарын тіпті келесі жылға қалдыруда.

«Мысалы, Атырау Жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы – 60 күнді құрап отыр. Рудный Жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының 1-ГРЭС-індегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Олардың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек», — деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ Жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу екенін атап өтті: 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр. Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да біткен жоқ. Үкімет басшысының пікірінше, уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер орын алып отыр.

«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары «кабинетте отырмай» жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Энергетика министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жылу көздерінің жөндеу мерзімдерін ауыстырмай, жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз етуі, Индустрия министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс екенін айтып өтті.

▪️Әлихан Смайылов сондай-ақ жылу энергетикасы жөніндегі заң жобасы шеңберінде бекітілген жөндеу кестесін бұзғаны үшін энергия өндіруші ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу мәселесін пысықтауы керек екенін атап өтті.

«Тарифты бекіту кезінде берілген өтініштердің негізділігін және станциядағы нақты жағдайды анықтауға мүмкіндік беретін кешенді тәсіл қажет», — деді ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр екі апта ішінде өңірлік электр желілік компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ ол Жылыту маусымына дайындық жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын түгел қайта қарауды талап етті.

«Жыл сайын олардың жұмысында нақты істер емес, науқаншылдық орын алып отыр. Олар қағаз жүзінде бар, ал жөндеу жұмыстарына қатыстары жоқ. Штаб отырыстары әкімдіктерде емес, тікелей объектілерде өтуі керек», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

 

Үкіметтің telegram каналынан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале