ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды.
Фотоға түсірген: Ерлан Омар, «ЕQ»
Үкіметтің хабарлауынша, құжат Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді.
Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді, басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік жасайды.
Сондай-ақ заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс элементтеріне, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын реттеу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді.