Бүгін – Әкелер күні
Кейіпкеріміз Батырбек Аманов Орал қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші, құтқарушы болып қызмет істейді.
Құтқарушы қызметін ол есейіп, әскерде жүрген кезінде таңдайды. Астана қаласында ҚР Ұлттық ұланның әскери құрамасында азаматтық борышын өтейді. Әскерде көшедегі тәртіпті қадағалауға үлес қосып жүрген кезінде көпқабатты үйден өрт шығады. Қасындағы жігіттермен бірге 101 нөміріне қоңырау шалып, өрт сөндірушілерді шақырып, өздері сол жерді қоршап, адамдарды жібермей, алғашқы шараларды жасайды.
Сол кезде ол өзін осы салада көргісі келетінін байқайды. Әскерден келісімен бірден өрт сөндіру бөліміне құжаттарын тапсырып, түрлі медициналық тексерістен өтіп, алты ай күтеді.
Алты айдан соң Семейде төрт жыл бұрғылаушы мамандығы бойынша оқыған дипломын сандыққа салып қойып, өзі қалаған жұмысқа кіріседі. Содан бері ол сан түрлі төтенше оқиғалардың басы-қасында жүр. Ең бастысы, жүрекпен қалап, таңдау жасаған мамандығын жақсы көреді. Тынымсыз қала тірлігінде әр күнде әртүрлі оқыс оқиғалар болып жатады.
– Жаз басталысымен далалық өрт басталады. Күн ыстықта бой бермей, алысқа ұзаған қызыл жалынмен алысу да оңай емес. Күні кеше ғана Асан ауылындағы қоқыс полигоны жанып, бір апта сол жерде болдық. Негізінен өрт адамдардың салғырттығынан орын алады. Жұмысымыз оңай емес. Бір күніміз тыныш болуы мүмкін, келесі күні әр жерде түрлі оқыс оқиғалар орын алып, 7-8 жерге өрт сөндіруге шығатын кезіміз болады. Өрт сөндіру кезінде түрлі жағдайлар кездеседі. Ең бірінші кезекте біз адам өмірін құтқарамыз. Сондықтан жер үй болса, бірден үйге кіріп, адамдарды іздейміз. Көпқабатты үй болса, бірінші кезекте іштегі адамдарды сыртқа шығарамыз. Бұл кезде бізге психолог болуға тура келеді. Өйткені адамдардың мінезі әртүрлі. Біреуі шықпаймын деп қиғылық салады. Ондайда олармен ұрыспай, түсіндіресің. Бірде түн ішінде көпқабатты үйден өрт шығып, адамдарды эвакуацияладық. Сол кезде үлкен әжейдің үйіне кіріп оятып, «Сыртқа шығыңыз!» деп жатырмыз ғой. Біздің басымызға киетін арнайы аппаратымыз болады. Ұйқысынан оянған әжей шошынып, бізге «Воры» деп айқайлап, ұрып жатыр. Үй өртеніп жатқанда ол кісімен салғыласып тұратын уақыт жоқ. Екі жігіт екі жағынан ұстап, көтеріп сыртқа шығардық әжейді. Сол кезде барып не болғанын түсінген әжей қайта-қайта айналып келіп, бізге рақмет айта берді. Осындай жайттар көп болады, – деп әңгімесін ақтарыла айтқан Батырбектің жүзінен өз жұмысына деген сүйіспеншілік айқын аңғарылып тұрды.
Кейіпкеріміз – бір қыз, бір ұлдың әкесі.
Отбасында зайыбымен бірге балаларының арасындағы сыйластыққа ерекше мән береді. Төрт жасар ұлының тек ана тілінде сөйлеуі – ол үшін басты назарда. Күнделікті ортадан өзге тілде шүлдірлеп жүрген балаларды көрсе, көңілі қоңылтақсып қалатынын жасырмайды. Үйдегі теледидарда «Балапан» телеарнасы әркез қосулы. Ұлы да қазірден өзі секілді өрт сөндіріп, құтқарушы болуды ар-мандайды екен. Батырбектің өзі отбасындағы бір қыз, бір ұлдың бірі болғандықтан, болашақта көпбалалы әке болуды армандайды.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ұлым мен қызыма алдымен өзіміз үлгі болуға тырысамыз. Олар әлі кішкентай ғой. Бірақ ұлымның тек қазақ тілінде сөйлеп, өсіп келе жатқанына қуанамын. Ол ғажап, керемет деген сөздерді айтқанда өзім де ғажап күйге енемін. Зайыбым – Көкшетаудың қызы. Екеуміз Семейде бірге оқыдық. Үйдегілерге «Көкшетаудың қызын жақсы көрем» дегенімде шошып кетті. Сосын әкеліп таныстырғанда бәріне ұнап қалып, «Сен әскерден келгенше күтсе, ала ғой» деп батасын берді әке-шешем. Ол мені тағы бір жыл күтті. Сөйтіп, біз бес жыл бойы бір-бірімізді әбден танып, біліп алған соң отбасын құрдық. Аллаға шүкір, біздің арамызда сыйластық, сенім бар. Әйеліммен жиі сырласамын. Екеуміздің арман-мақсаттарымыз ортақ, – деп әңгімесін жалғаған ақжарқын құтқарушы Батырбек отбасылық өмірде ұлттық құндылықтарға назар аударатынын атап өтті.
Біз кейіпкерімізден қызмет бабында кездескен ұмытылмайтын оқиға есіңізде ме деп сұрадық.
– Осыдан бір-екі жыл бұрын қала шетінде жер үй өртенді. Біз шақырту алысымен жедел жеттік. Түн мезгілі еді. «Үйде үш немересі мен ата қалып қойған» деген хабар белгілі болды. Артынша екі немересі шығып үлгеріп, атай үлкен немересімен қалғанын білдік. Үйдің іші қара түтінге оранған. Іздеп жүріп, атаны тауып, сыртқа шығардық. Ол кісі түтінге тұншығып, қайтыс болған. Немересін ұзақ іздедік. Ол кереуеттің астына тығылып қалған екен. Негізі, оқыс жағдайда балалар кереует, үстелдің астына тығылып қалатынын жиі байқап жүрміз. Сегіз жастағы баланың жансыз денесін көтеріп алып шыққанда жаман күй кештім. Жас балалардың трагедиялық жағдайда мезгілсіз кеткені қиын болады екен. Осы оқиға көпке дейін есімнен кетпей, жүрегім ауырып жүрді, – деп өз ойымен бөлісті азаматтық қорғау сержанты.
Құтқарушы болу – әр күн сайын өз өміріңді қатерге тігу, қажет жағдайда адамдардың өмірін құтқару үшін өз өміріңді құрбан етуге тура келетінін ұмытпау.
Кей кездері жұмыстан шаршап келгенде төрт жасар ұлы «Мен де сен сияқты құтқарушы болғым келеді» деп қарсы алғанда, қуанады. Ұлының кішкентай болса да, адами құндылықты бәрінен биік қойғанына шүкір етеді.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz