2.04.2024, 9:45
Оқылды: 154

Ұл-қызыңызға кітап сыйлап жүрсіз бе?

2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні

Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз.

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТоқаевтыңҰлттық құрылтайдың үшінші алқалы жиынында сөйлеген сөзінен

2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні. Кітап оқу – балаға қоршаған ортаны тануға, рухани азық алуға, ойлау көкжиегін кеңейтуге көмектесетін ең жақсы әдістердің бірі. Бүгіндері балалар өздерін толғандырған сұраққа жауапты ғаламтор арқылы да тауып алатын болды. Соған қарамастан ұл-қызын көркем әдебиет арқылы интеллектуалдық тұрғыдан дамытқысы келетін ата-аналар мен мұғалімдердің көптігі бізді шын қуантты. Біз халықаралық балалар кітабы күні қарсаңында қала-ауыл тұрғындарына «Ұл-қызыңызға кітап сыйлап жүрсіз бе?» деген сұрақ қойып, сауалнама жүргізген едік...

китап (2)

Ақгүл Рахметова, Орал қалалық эстетикалық бағыттағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:

–  «Біздің не жасайын деп жатқанымыз емес, кіммен жасайтынымыз маңызды» деп Ушинский тегін айтпаса керек. Өйткені әрбір мұғалім шәкірттерімен жұмыс істеген кезде, ең алдымен, сауатты оқуға көңіл бөледі. Әр бала сауатты болу үшін біз әріп таныған кезден бастап мәтінді түсініп оқуға үйретеміз. Оқушылардың оқи отырып, мәтінді түсінуі, кітаппен достасуы үшін мектеп қабырғасында біраз жұмыстар жүргізіледі. Соның ішінде «Оқуға құштар мектеп» жобасын ерекше атап өткім келеді. Осы жобаның еркін оқу кеңістігі бағыты бойынша бірінші сыныптан бастап жұмыстанамын. Бұл бағытта әр бала өзі қалаған кітабын әр аптаның сәрсенбі, жұма күндері оқиды.

китап (1)

Одан соң әр оқушы оқыған кітабын талдайды, қандай ой түйгенін айтады. Әрі қарай 2 сәуір  – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Өзің оқы, өзгеге ұсын!» айдары бойынша досына сыйлайды. Жай ғана сыйлап қоймай, кітаптың ерекшелігін атап өтеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын осындай кітап сыйлау шарасы балалардың кітапқа құштарлығын арттыратынына сенемін. Бұрын балаларға арналған кітапты интернет дүкендерден, «kitap.kz» сайты арқылы алатын едік. Қазір қаламыздағы сауда үйлеріндегі «Марвин» кітап дүкенінен алып жүрміз. Бұл жерде құны сәл қымбаттау болғанымен, сапалы кітаптар баршылық.

Ердәулет Жакеев, Қаратөбе ауданындағы Үшана ауылының тұрғыны:

–  Кітап – баланың ойлау жүйесін дамытатын танымдық құрал. Үнемі кітап сыйлап жүрмін десем, артықтау болар. Бірақ арасында туған күндерінде кітап сыйлап тұруға тырысамын. Бес балам бар. Соларға жас ерекшеліктеріне, қызығушылықтарына қарай «Қазақ ертегілерін», «Аруна» баспасынан шыққан «Қыздарға арналған энциклопедияны», жергілікті «Дана» орталығы басып шығарған «Жетпіс палуан» комиксін, «Абайдың қара сөздерін», тағы басқа кітаптарды алып бердім. Соңғы кездері «Аруна» баспасы балаларға арналған қазақ тіліндегі түрлі суретті, 3D сипаттағы кітаптарды көптеп шығарып жатқанын байқап жүрмін. Қазір бәрінің қолында бір-бір телефон. Өздеріне қажет дүниені содан іздеп, тауып алып жатады. Бірақ бәрібір кітаптың орны бөлек. Қалай дегенмен де, біз барынша ұл-қызымызды кітаптан ажыратпауға тырысуымыз керек. Жалпы балаларымның атасы, өзімнің әкем кітапты көп оқитын кісі. Жасы сексенге таяса да, әлі күнге қолынан жергілікті басылымдар мен кітабы түспейді. Бізді де бала кезімізден «Кітап оқыңдар!» деп тәрбиеледі. Қазір немерелерін де кітаппен дос болуға шақырып, бар ақылын айтып отырады. Бүгінгі күндері  біз баланың талап-тілегіне қарап, сыйлық беріп жатамыз. Бірақ соның арасында мәселен велосипед сыйласақ, қасына міндетті түрде кітап қосып сыйлауды әдетке айналдырған жөн деп есептеймін.

китап (3)

Аққойқын Мырзашева, дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейдің интернат кітапханасының меңгерушісі:

– Бұрын балаларымыз кішкентай болғанда үнемі кітап алып беретінмін. Үйімізде шағын кітапхана болды. Екі қызым кітап оқығанды жақсы көрді, әсіресе, шытырман оқиғаларды сүйіп оқитын. Кітапқа қоса «Ақжелкен», «Балдырған», «Айгөлек» журналдарын алып беруші едім. Қазір қолымда екі жиенім тұрады. Оларға да туған күндеріне жиі кітап сыйлаймын. Өзім Сәкен мектебінде кітапханада қызмет істеймін. Байқағаным, қазіргі балалар көбіне шетел аудармаларын сұрап жатады. Біздің мектепте 23 сәуір – Халықаралық кітап күніне орай 17 наурыздан 17 сәуірге дейін кітап оқу айлығы өтеді.  Дәстүрлі жарыста оқушыларға жас ерекшеліктеріне қарай кітап береміз, тест сұрақтарын дайындаймыз. Кітап оқу айлығының қорытындысын салтанатты түрде өткіземіз. Кітап оқуда алдына жан салмай, үздік деп танылған оқушыларға қамқоршылық кеңестің қолдауымен алынған бағалы сыйлықтар тарту етіледі. Шыны керек, бүгінгі буыннан балалар қызығып оқитын ақын-жазушылар жоққа тән. Белгілі классиктер Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлидің шығармалары қайта басылып келіп жатыр. Бердібек Соқпақбаевты балалар әдебиетінің бәйтерегі деп атар едім. Бұл жазушының кітабын балалар әлі де іздеп келіп, алып жатады. Қазір балалардың арасында «Гарри Поттер» және басқа да шетелдік аудармалар ерекше сұранысқа ие.

китап (4)

Оралбек  Құбиев,  Серебряков  ауылының тұрғыны:

 –  Мен немерелеріме туған күн, мерекелер қарсаңында кітап сыйлап тұрамын. Бала кезімізден өзіміз кітапқа жақын болып өстік қой. «Менің атым – Қожа», «Қан мен тер» «Ұшқан ұя», «Махаббат қызық мол жылдар», «Қызыл жебе» кітаптарын жата-жастанып оқитынбыз. Қазіргі заманда кітаптың орнын телефон басты дегендей әңгімелер айтылып жүр. Десе де, телефон кітап сыйлайтын рухани нәрді бере алмайды. Сондықтан барынша әр әке-шеше, әр ата-әже ұл-қыз, немерелеріне кітап сыйлай бергені дұрыс деп ойлаймын. Жеткіншектерге қазақ ертегілерінен бастап, әрі қарай жас ерекшеліктеріне сәйкес кітапты таңдап, алып бере беру  керек.

Гүлсая  Төлешева, Орал қалалық  №45 жалпы  орта  мектептің  тәрбие  ісі  жөніндегі  орынбасары:

– Мен кітапты жоғары бағалаймын, кітаптан асқан сыйлық жоқ деп ойлаймын. Ағайын-тумаларым мен әріптестеріме көбіне Орал қаласындағы  «Жәңгір хан» кітап дүкенінен «Абайдың қара сөздері» кітабын сыйға тартып, қуантып отырамын. Ұлыма «Қазақтың халық ертегілері» топтамасын, Б. Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесін және жас ерекшелігін ескере отырып, шағын ертегілерді алып беріп, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, сонымен бірге сабаққа қажетті дерек көздерін кітаптардан іздеп, жұмыстануға ата-ана ретінде өз үле-сімді қосудамын. Біздің бала кезімізбен салыстырғанда қазір кітапқа тапшылық жоқ. Кез келген кітап дүкеніне кірсеңіз, балаларға арналған қызыл-жасылды әдемі суреттермен безендірілген шетелдің әдемі аударма кітаптарын көруге болады. Балалар әдебиетінің дамуы кенжелеу деген ойдан аулақпын, алайда сол аударма кітапшалардың ішіндегі фантастикалық шығармалардың бала психикасына әсер ететіндері де бар. Қанша шетел әдебиетіне еліктегенімізбен, балаларға арналған туындыларда қазақи тәрбие мен қазақи болмыстың иісі шығып тұру керек деп ойлаймын. Әр елдің ұлттық болмысы әдебиетінде де көрініп тұру керек. Өйткені көркем әдебиет, кітап – ұрпақты тәрбиелеуші құрал.

китап (5)

Самал Әбуов, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актер-режиссері:

– Кітап – сарқылмас рухани қазына. Бала кезімізден кітапқа деген сүйіспеншілі-гімізді арттырған ата-анамыз. Ал енді қазіргі кезде ұлқызымыздың оқығысы келетін кітаптары сөреде толып тұр. Заман даму керек шығар,  дегенмен ұялы телефон балаларға зиянды екенін атап өткен жөн. Мен негізі балаларыма кішкентай кезінде ертегілер, шағын кітапшалар алып беріп жүрдім. Қазір енді үлкен қызым Гүлданаға  өзінің мамандығына байланысты «Анастасия Волочкова» кітабын және биге қатысты басқа да кітаптарды жиі сыйлаймын. Жақында ғана ұлым Оралханға  «Абай жолы» роман-эпопеясын, кенже ұлым Досханға жазушы Бердібек Соқпақбаевтың  «Менің атым – Қожа» атты кітабын алып бердім. Қызығып оқуда. Қаламыздағы «Жәңгір хан» дүкенінде оқимын деген балаға кітап көп. Бағасы да қолжетімді.

Р.S.: Ұл-қызына кітап сыйлап жүрген бірнеше ата-ананың пікірін білген соң,  біз қаламыздағы санаулы кітап дүкендеріне бас сұқтық. Алдымен көпшілік жиі баратын «Жәңгір хан» кітап дүкеніне бағыт ұстадық.

«Жәңгір хан» кітап дүкенінің қызметкері Айзада Жармұқанованың айтуынша, кітап дүкеніне балалары мен немерелеріне кітап іздеп келетін   ата-аналар жетерлік.

– Көбіне ата-аналар  динозавр, материктер туралы энциклопедия сұрайды. Мектеп табалдырығын енді аттап жатқан ұл-қыздары мен немерелеріне кітап іздеп келетіндер көп. Мектеп оқушылары классик жазушылар Сайын Мұратбеков, Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарын жиі сұрайды. Тұрақты түрде бізден кітап алатын оқырман оқушыларымыз бар. Олардың кейбірі бірінші күні келіп бағасын қарап, екінші күні ақшасын әкеліп, кітапты сатып алып жатады. Соңғы кездері «Атамұра» баспасынан шыққан он жеті кітаптан тұратын «Қазақ фольклоры» сериясындағы кітаптар жақсы өтуде. «Атамұра» баспасынан шыққан кітаптардың бағасы бізде 800, 1300, 1500 теңге аралығында. «Қазіргі балалар кітап оқымайды» деп айта алмаймын. Оқитын балалар бар, – дейді бізбен ой бөліскен Айзада Жармұқанова.

Гүлсім  Дәулетқалиева, «Кітап+» дүкенінің жетекшісі:

– Кітап сату саласында 18 жылдан бері қызмет істеп келемін. Негізінен оқулықтар, көрнекі құралдар сатумен айналысамын. «Алматы» кітап баспасының дистрибьюторымын. Көбіне балабақша, мектептермен жұмыс істеймін.

Оқу жылы басталған кезде және оқу жылы аяқталғанда сауда жүреді. Бұрындары ҰБТ дайындығына арналған, психологиялық бағыттағы кітаптар жақсы сұранысқа ие еді. Қазір ол да саябырсып қалды. Соңғы кездері заң тақырыбындағы кітаптарды сұрайтындар көбейді. Үш-төрт жылдан бері кітап саудасы жүрмей қалды. Дегенмен 18 жылдан бері қалыптасқан тұрақты тұтынушыларым іздеп келеді. Заманға сай әлеуметтік желілермен жұмыс істейміз.

Н. Назарбаев даңғылы бойындағы «KITAPAL» дүкені заманауи талапқа сай жасақталуда. Әдемі безендірілген кітап дүкеніне кіріп келгенде дәл алдында жазулы тұрған «Қазақстанды кітап оқитын елге айналдырамыз» деген сөздің өзі тұтынушыға керемет әсер сыйлайды екен. «KITAPAL» дүкенінің менеджері Альбина Қобдабаева кітап дүкенінің 1 наурызда ашылғанын айтты.

– Біз елімізге танымал, әлеуметтік желіде де жақсы дамып жатқан «KITAPAL» дүкеннің франшизасын сатып алдық. Қазіргі күнде техникалық режімде жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені әлі жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Біз, негізінен, қазақ тілді кітаптарды сатамыз. Одан бөлек, түрік, ағылшын тіліндегі кітаптарды сату ойда бар. Соңғы кездері бизнес, психология тақырыптарындағы кітаптар сұранысқа ие. Тұтынушылар «Отбасы хрестоматиясын» да жақсы алады.

Ата-аналарға арналған кітаптарымыз да бар. Негізгі мақсат – қазақ тілді кітаптарды насихаттау, ұлттық брендтерге, отандық өнімдерге қолдау көрсету. Мәселен, бізде «Olja Peak» эстетикалық кеңсесінің өнімдері сатылымда бар. Тарихи тұлғалар бейнеленген жапсырма қағаздар, қалам, пәндік дәптерлер оқушылардың өз ұлтына деген мақтаныш сезімін оятады деген сенімдеміз. Елімізге танымал қазақ тілді баспалармен жұмыс істейміз. Балаларға арналған ертегілер, күнделіктер бар. Сонымен қатар «Ауылға кітап ал» жобасымен де жұмыстанамыз. Алдағы уақытта дүкенімізді кофе ішіп отырып, кітап оқитын рухани орынға айналдырғымыз келеді. Сонымен қатар кітап сатып алған оқырмандарымызбен тұрақты байланыс жасап, оқырмандар клубын ұйымдастыруды жоспарлап қойдық.

Біраз кітап дүкендерін аралаған соң «Атриум» сауда үйінде орналасқан «Марвин» кітап дүкеніне де соға кеткенді жөн көрдік. Бұл дүкенде иін тірескен орыс тілді кітаптардың арасында бір-екі сөреде ғана қазақ тілді кітаптар тұрады ылғи. Кеше барғанымызда дүкен қызметкерлері біздің сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты. «Сұрақтарыңызды орыс тілінде жазып, аяқтай әкеліп тастаңыз немесе электронды поштамызға жазып жіберіңіз. Сонда ғана біз сізге жауап бере аламыз» деген тастай талап қойды. «Неліктен орыс тілінде жазуым керек, мен қазақ тілді газетте қызмет істеймін» деген менің сөзіме «Өйткені біздің бастығымыз өзге ұлт өкілі» деп жауап беріп, аталмыш дүкеннің жабылайын деп жатқанын алға тартты.

Түйін

Осы мақаланы жазу барысында бір ғана сұрақ қойып, біраз мән-жайға қанықтық. Қалай дегенмен де, кітап оқитын балалардың аз да болса, бар екені қуантады. Баланың кітапқа құштарлығын оятуда  ата-ана мен мұғалімнің алар орны ерекше. Заман талабына сай көрсе көз қуанатын кітап дүкендерінің көбеюі де өскелең ұрпақтың кітапқа ынта-ықыласын арттыруға оң  әсер етері сөзсіз. Ал сіз ұл-қызыңызға кітап сыйлап жүрсіз бе?..

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Фото: Мәди Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале