23.01.2024, 20:00
Оқылды: 129

Ұлағатты ұстаз, әзіз әріптес

Өткен күз бізді өксітіп кетті. Қарашаның 26 жұлдызы күні күллі Жаһанша колледжі ұжымы қара жамылды. Бір ай бойына қабағы ашылмаған қараша айының соңғы жексенбісі күні түс ауа уатсап желісі арқылы жеткен қаралы хабарлама қай-қайсымыздың да қабырғамызды қайыстырды.

IMG-20240123-WA0074

Естіген сәтте есеңгіреп, теңселіп кеттік. Тіпті сенер-сенбесімізді білмей, қапелдімде есімізді де жия алмай қалдық. Себебі жанымызда жүрген асыл жанды ажалдың аранына қия алмадық...

Жұма күні жұмыс аптасын аяқтап, алдағы дүйсенбіге дейін аман болайық деп, дереу үйге асығатын әдетімізбен аяулы әріптесімізге айтқан «Сау болыңыз!» деген бір ауыз сөзіміз соңғы бақұлдасуымыз боларын білдік пе? Қартая бастағанымыздың белгісі болар, қаралы хабар алсам, марқұммен соңғы рет қай жерде жүздестік, не жайлы сөйлестік деп демде есіме түсіре алмай дал болатыным бар. Гүлнар Сырымқызының да дүние салғаны туралы суық хабарды естігенде есте сақтауы шамалы санам сан-саққа шауып, жадым жан-жаққа жүгіріп, екі күннің ішінде көмескі тарта бастаған емескі естеліктерді тауып әкелді. Әріптес ұстазыммен ең соңғы жүздесуім колледж дәлізінде тек аман-саулық сұрасудан әріге аспапты-ау. Азан айтылып қойылған атымызға «жан» деген жылы сөз жалғап, жанына жақын тарта сөйлейтін қасиетімен, «Жандосжан, қалың қалай?» - деп артына қайырылмай асығыс хәл сұрасып, жүре сөйлескені сол кезде бізден жүзін теріс бұра бастағанының белгісі ме, кім білсін?! Жалпы ол кісі жаратылысынан қысқа ғұмырымда үлгеріп қалайын дегендей үнемі жанталасып, жүгіріп жүретін. Себебі жұмысы да соншалық қауырт, шаруасы бастан асып жататын. Директордың оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары болғасын, облыстық білім басқармасының бітпейтін бұйрықтары мен таусылмайтын тапсырмалары, одан бөлек оқу орны басшылығы мен жүзге жуық ұстаздан құралған ұжымды іс-шараларға тарту, ұйымдастыру жұмысына үнемі жүгіріп жүрмесең үлгермейсің. Колледжде жұмыс істеген ширек ғасырлық ғұмыры тынымсыз қам-қарекетпен, қым-қуыт қарбаласпен өткендей көрінеді. Үш жыл студент болып, екі жыл еңбек еткен бес жылда жеке басым марқұм бұрынғы ұстазым, кейінгі жұмыстасымның жайбарақат жүрген күнін көрген емеспін. Қашан көрсең де қарбалас қызмет, жанталас жұмыс, асығыс ғұмыр.

IMG-20240123-WA0075

Гүлнар Сырымқызы саналы ғұмырын оқу орнымыздың дамылсыз дамуына, колледж есімінің кеңінен елге танылуына, оқуға түскен студенттердің толық білім алуына арнаған ерекше жан еді. Ол осы оқу орнының отымен кіріп, колледжінің күлімен шықты. Таң атпай жұмысқа келіп, күн батпай үйге қайтпайтын. Жұмыс, жұмыс деп жүріп тұрмыс та құрмады. Әрбір әйел баласының басты арман-аңсары болған ақ босаға аттап, асыл жар, аяулы ана атана алмай, баянсыз өмірден бақиға аттанып кете барды. Байға тиіп, бала сүйіп, бақытты болуға әбден лайық еді, тек уақыты болмады. Себебі ол тапсырылған істі тиянақты тәмамдап, артылған міндетті абыроймен атқармай, жүктелген жұмысты жүйелі жасамай жаны жай тапқан емес. Содан да болар, ол орындаған жұмыстан олқылық жолығып, атқарған шаруадан ала-құла шалалық шықпайтын. Өкініштісі, жұмысты аяқтауға адам өмірі жеткен бе?! «Ұлтты тәрбиелеймін деп жүріп, ұрпақ тәрбиесінен тыс қалатын» ұлы тұлғаларымыз сияқты ұстаздық жолға біржола бет бұрған ұлағатты ұстазымыздың білім ұясына келіп, оқуға қабылданған әрбір білімгерді өзінің ұл-қызындай көріп, қамқорлағанын да көзіміз көрді. Шәкірттерінің барлығын «Менің балам» деп шынайы шаттанып, марқайып мақтанатын. Бәлкім, Алла бұйыртпаған аналық бақытын шәкірттерінен тапқаны шығар. Шәкірттеріне шынайы жанашырлығы өз алдына, шығармашыл, жаңашыл, парасатты педагог, әмбебап әдіскер, мықты мұғалім, ұлағатты ұстаз бола білгені де көз алдымызда. Өзі 19 жасында түлеп ұшқан педучилищеге араға жеті жыл салып, 1999 жылы қызметке қабылданған қатардағы оқытушыдан кейіннен кафедра меңгерушісі, артынша директордың оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалуы, жоғарыда отырған жандармен жақын ағайындығынан емес, жанкешті жұмыскерлігінің айғағы еді. Жаһанша колледжінде жұмыс жасаған 25 жылға жуық уақытта арнаулы орта оқу орындарына қаншама білім беру бағдарламаларын, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындады. «Шағын жинақталған мектептегі математика», «Бастауыш білім берудегі педагогикалық технологиялар» атты оқулықтар мен мақалалардың авторы атанды. Ғылыми-әдістемелік мақалалар мен оқулық жазудың оңай жұмыс еместігін кім ескеріп жатыр? Әр жылдары жергілікті білім басқарманың Құрмет грамотасымен, министрліктің мадақтамасымен марапатталып жүргенмен 50 жас мерейтойына мақтау қағазынан мәртебесі жоғары бір марапат болар деп дәмеленетінбіз. Кім көрінген кеудесіне таққан төсбелгінің қай-қайсысына да білім саласына бір адамдай еңбегі сіңген Гүлнар Сырымқызы әбден лайық еді. Қайтейік, құдай бұйыртпады. Елуге жетпей жасы, еленбей жұмысы қалды. Мерейлі 50 жасқа толуына тура бір ай қалғанда, думанды той тойлаймыз деп отырғанымызда, осылай арамыз ажырап айырылып, қара жамылып қайғырып қаламыз деп ойладық па? Тағдыры қандай асығыстықтан тұрса, ажалы да сондай оқыстан болды. Тіпті естіген елді естен тандырып, жалпақ жұрттың жағасын ұстатты. Үнемі қара жерді абайлап басатын бізге ажалдың аяқ астында ғана емес, төбеден де төнетініне көзімізді жеткізді де, өзі көкке көтеріліп кетті. Аспандағы жасынның да сұлудың сүйрігіне, жылқының жүйрігіне, бәйтеректің биігіне түсетініндей, төртінші мүшелден шығамын деп шауып жүргенде тажалдың тура төбеден тас болып түскеніне не істерсің? Айтуға ауыр, жазуға жоқ жағдай. Әзіз әріптесімізді өзі өмірінің соңына дейін тапжылмай еңбек еткен оқу орнының ауласында соңғы сапарына шығарып салу шарамызға (шамасы министрлік мақұлдамаған шығар) біздегі басқарманың рұқсат бермегеніне ренжігеніміз рас. Ұжымның ұйғарымынан басқарманың бұйрығы жоғары болып, қаралы жиынға қара құрым жұрт қаладағы қонысы болған көп қабатты баспананың айналымға келмейтін аядай ауласына жиналды. Бала оқытып отырған білім ордасы өлгендермен қоштасу өткізетін ритуалдық орталық болмағанымен, елу жылдық өмірінің тең жартысын өткерген колледжде, екі есе еңбегі сіңген Нұрашевамен шәкірттерін қоштастыратындай да реті бар еді. Содан да болар, студенттерінің сүйікті ұстаздарының ең болмаса кілемге оралған сүйегін көріп, көңілдерін сендірмегесін әлі күнге өліміне де сенгілері келмейтіндері. Бәлкім, бұл да дұрыс болар. Біздің де әлі күнге сенгіміз келмейді. Оқу орнында оның орны ойсырап, үстелі мен орындығы үңірейіп тұр.

Уатсап мессенжеріндегі маған ең соңғы жазбасын бақиға аттанарынан төрт күн бұрын жолдапты. Бағаналы білім ордамыздың 110 жылдығына орай колледжінің фейсбук желісінде «Үлгі тұтар ұстаздар» атты арнайы айдар ашып, алғашқы мақаланы да бірінші болып бастап жариялап кетіпті. Оқу орнында оқыған 1988-92 жылдары аралығында тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаздарының әрқайсысының аттарын атап, алғаусыз алғысын айтыпты. Содан соң, Мусина Нұржамал Исламқызы туралы егжей-тегжейлі жазылған жылы естелігінің сілтемесін салып, «Сіз де өз ұстаздарыңыз туралы жазарсыз» депті. Студент күнімде сабақ берген ұлағатты ұстазым, колледжге жұмысқа кіргенде ақыл-кеңесін беріп, көп көмек көрсеткен әріптесім Гүлнар Сырымқызының маған тапсырған ең соңғы жұмысы осы ғана. Ол кезде мен өзі туралы осылай өксіп отырып, естелік жазамын деп ойлаған жоқ едім...

Жандос Хамза,

Ж.Досмұхамедов атындағы

жоғары педагогикалық колледждің оқытушысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале