24.02.2021, 17:43
Оқылды: 28

Ұлағатты ұстаздың дара жолы

«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай еңбек еткен ұстаздардың бірі де, бірегейі Дариға Ғазизқызы.

д5

Мұштанова Дариға Ғазизқызы 1954 жылы 13 наурызда Орал қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бітіріп, жоғары білім алып шыққан соң, бұрынғы Жалпақтал, қазіргі Казталов ауданының Көктерек орта мектебінде аға пионервожатый, мұғалім болып еңбек жолын бастады.

Мектеп қабырғасында жүрген оқушы кезінен аудандық газетке өлеңдері жариялана бастаған.

Он жеті жасында тұңғыш рет облыстық айтысқа қатысып, жеңімпаз атанып, сол жолы оған «Облыс ақыны» деген құрметті атақ берілді.

Ауыл өмірінің көркеюіне үлес қосып, қоғамдық, мәдени шараларға белсене араласты. Өзінің өскен ауылы Кировтағы сегізжылдық мектепте еңбек еткен жылдары (Қазіргі Казталов ауданы, Саралжын ауылы) «Қарлығаш» эстрадалық жастар ансамблін, драма үйірмесін, оқушылардың домбыра оркестрін құрып, ауыл балаларын көптеп өнерге баулыса, Көктерек ауылдық клубының меңгерушісі болған жылдары да өнерлі жастарды жанына жиып, жемісті еңбек етті. Аудандық, облыстық газет редакцияларында журналист болып, партия-кеңес органдарында лауазымды қызметтер атқарды. Жалпақтал аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқара жүріп, көптеген келелі істерге қозғаушы болды.

д1

Батыс Қазақстан облыстық, Жалпақтал, Теректі аудандық мәслихаттарының депутаты болып сайланып, елдің әлеуметтік-рухани мәселелерін батыл көтеріп отырды.

Республикадағы алғашқы наурыз айтысына қатысып, Әселхан Қалыбекова, Қатимолла Бердіғалиевтермен қатар бірінші жүлдені жеңіп алды. Торғайлық Қонысбай Әбіловқа тізе бүктірген, Баянғали Әлімжанов, Серік Құсанбаев, Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаров ақындармен үзеңгі қағыстырып, жұртшылыққа әдемі әзіл айтыстар сыйлаған. Шолпан Қыдырниязовамен қайым айтысы, Александр Қауеновпен қыз бен жігіт айтыстары да ел аузында.

Дариға Мұштанова Теректі ауданы, Подстепный ауылындағы республикаға танымал, алдыңғы қатарлы «Үміт» лингвистикалық гимназиясының іргесін қалап, негізін салушы. 2001-2016 жылдар аралығында аталған оқу орнының директоры болып қызмет атқарып, білім ошағын облыстағы, республикадағы маңдайалды майталмандар қатарына алып шықты.

д2

Гимназияның ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша орта балы 2002-2003 оқу жылынан 2012-2013 оқу жылына дейін 77,5-тен 118,6-ға дейін көтеріліп, республикада І орынға ие болды. Әр жыл сайын «Алтын белгіге» ұсынылған шәкірттері сенім үдесінен шығуда. Осы жылдар ішінде гимназияның 108 түлегі «Алтын белгі», 78 түлек «Үздік куәлік» иегері атанды. Жылма жылғы түлектер 100% білім грантын жеңіп алып, республикамыздың таңдаулы жоғары оқу орындарында оқып жүр.

Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша 13 түлек шетелдерде білім алды.

Дариға Ғазизқызы сонымен бірге ұжымның іскерлігін арттыруға, әр ұстаздың шығармашылықпен жұмыс істеуіне үлкен көңіл бөлді. Олардың шығармашылық өсуіне барлық жағдайды жасады. 2005 жылы Дариға Ғазизқызы Астана қаласында өткен Республикалық мұғалімдер форумына қатысты. 2006 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ мұғалімдер съезінің, 2011 жылы Астанада өткен әйелдер съезінің делегаты болып сайланды. Д.Мұштанова Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен, «ҚР мәдениет саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының Құрметті білім қызметкері» белгісімен, «Ы.Алтынсарин» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», "Тәуелсіздікке 25 жыл" мерекелік медальдарының иегері. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Есімі, өмір жолы "Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясына" енгізілген.

д3

«Адамның жаны бір жұмбақ» (2001ж.), «Өмір-арна» (2004 ж.), "Қос қанат", "Жылама,  жырла, Жайығым" (2010 ж) жыр жинақтарының, «Үміт жетелеген бес жыл» (2005 ж.), "Үміт" атты бір ел бар... " (2015ж.) педагогикалық жазбалар жинақтарының, "Аңыз болған абысындар"(2018ж), "Әз ғұмыр" (2019ж) көлемді повестерінің авторы.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Зейнетке шыққаннан кейін де Дариға Ғазезқызы қоғам өміріне белсене араласып, мектептермен, мәдениет орындарымен тығызбайланыста отырады. Бірнеше композитормен шығармашылық бірлікте тамаша әндер сыйлауда. "Аңыз болған абысындар" лиро-драмасы Х.Бөкеева атындағы облыстық драма театрында сахналанып, көрерменнен жоғары баға алды.

Күні бүгін облыстық "Орал өңірі" газетінде қоғамдық редактор және эксперт бола жүріп, жастармен журналистік тәжірибесін бөлісуде.

Дариға Ғазизқызы – оқушылардың, олардың ата-аналарының және оқырмандарының махаббаты мен құрметіне бөленген жан. Республикаға есімі танымал, Жайық өңіріне бір кісідей еңбек сіңірген ұстаз қандай марапатқа да лайық.

Теректі аудандық білім бөлімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале