8.12.2021, 10:24
Оқылды: 366

Ұлағатты ұстаздың шәкірті де мықты

Биыл «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асы­ру» бағдарламасы бойынша қала мектептеріне  95 жаңа кабинет сатып алынды. Атап айтқанда, 11 химия, 22 биология, 24 физика, 11 еңбек (5 ер балдар, 6 қыз балдар) кабинеті, 3 стэм-лаборатория, 2 мультимедиялық, 1 инклюзияны қолдау кабинеті, 2 роботтық техника кабинеті, 1 музыка,  1 география, 1 лингафон, 1 қазақ тілі кабинеті, 1 АӘД кабинеті және 13 интерактивтік тақта, сонымен бірге мектеп жиһаздары, мектепке қажетті компьютер, моноблок, оргтехника, спорт құралдары сатып алынды.

ШГЭН2

«Педагог мәртебесі» заңы енгеннен кейін қала мұғалімдері де жаңашылдыққа бет бұрып, білім деңгейлерін көтеруде. Орал қаласы бойынша 6599 педагогтің (мектеп, балабақша, қосымша білім беру  ұйымы) 34-і – шебер-педагог, 921-і – зерттеуші педагог, 1299-ы – сарапшы педагог және 1995-і – модератор педагог.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы білім беру саласындағы мәселелерді оңтайландыруға ықпал етті.  Осы бағытта оқушылардың қарым-қабілетін айқындап,  сандық технологиялар бағытындағы білімін арттырудағы жұмыстар қарқын алуда. Қазіргі уақытта  Эстетикалық бағыттағы гимназия мен Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі цифрлық лабораториялармен қамтамасыз етілген. 13 мектеп Stem-лабораторияларын қолданып келеді. 29 білім ұясы роботтық техникамен жабдықталған.

Биыл Орал қалалық білім беру бөлімі «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясымен бірге «Басқарудың жаңа моделі» курсын бастады. Осы ретте курсқа қатысушы 35 мектеп бүгінгі күні миссияларын жаңартып, трансформацияға бет бұруда. Бағдарламаның ұзақтығы – алты ай.

Алты айлық курс аясында мектептердің басшылары өз ұжымымен бірге мектептердегі өзгерістер бойынша жобаларын дайындайтын болады. Оған «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының сарапшылары консалтингтік көмек көрсетпек. Курс аясында жуырда бір топ білім саласы қызметкерлері Алматы қаласындағы ең үздік 10 мектептің моделімен танысып келді.

Гүлмира Қорғанбаева, Назым Арзимбетова, Асем Арын (Алматы Менеджмент университеті (AlmaU), Дидар Мар­данов («Талапкер» білім беру қоры) сынды білім саласындағы үздік менеджерлермен бірге әр мектеп таңдалған моделіне байланысты оқу бағдарламасын әзірлеу,  жүзеге асыру, HR саясатын құру, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша іс-тәжірибелерін оралдық әріптестерімен бөлісті.

Алты айлық жоба білім беру жүйесін дамытуға, оның ішінде мектептерді жаңаша дамыту, өзгерістер енгізу, мектептерді басқарудың жаңа бағыттарын айқындау, қатысушылардың көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге серпін береріне сенім мол. Нәтижесінде оқуға қатысушылар жобаларды жария қорғайтын болады. Бұл ретте академия тарапынан сүйемелдеу үшін менторлар ұсынылды. Сондай-ақ олар  мектепті дамытудың жаңартылған моделі, мектеп стратегиясы, қаржы моделі, мектепті цифрландыру саясаты, тағы басқа бірнеше жобалармен жұмыстанбақ.

Қандай жобалар жүзеге асуда?

Қазіргі кезде экологиялық білім беру ЮНЕСКО деңгейінде жүзеге асуда. Осыған орай экологиялық білім беру, тәжірибелік бақылаулар жүргізу бағытында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің «Менің аулам – менің бағым» идеясын  бірден қолдаған қалалық білім беру бөлімінің бастамасымен шаһарымыздағы №37, 46, 48, 49, ЭБГ, 50, Серебряков мектебінде «Мектеп. Алма бақ. Оқушы» жобасы бастау алған.

«Экомектеп – мұғалім еңбегі мен білім беру ортасының экологиясы» деген таңдаулы жобасымен қаламыздағы желілік қауымдастық аясындағы №1, 2, 12, 13, 14, 17, 18, 20, 22, 26, 29, 30, 39, 48, 49 мектептері жұмыстану барысында экологиялық тәрбие берудің маңыздылығын ұғындырып, өзара іс-тәжіри­бе алмасуда. Осы ретте №2 орта мектепте «Экологиялық білім беру ортасын құру» жобасы аясында жұмыс істеп келеді. Жұмыстың іске асырылу кезеңі 5 жылды қамтиды. Жоба мақсаты, міндеті нақты қойылып, күтілетін нәтижелер айқындалып, жұмыс жоспары құрылды.

Қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңге­ру­шісі Индира Амертаева «Ескі ағашқа жаңа өмір», «Экосөмке», «Қалдықтардан жаңа өнім» бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.

– Сонымен бірге «Әдістемелік жәрмеңке» жобасы аясында білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау, насихаттау, педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыру, педагогтердің шығармашылық әлеуетіне қолдау көрсетілуде. Жәрмеңкенің негізгі идеясы – әр педагог сабақ беру үрдісінде өзінің тиімді әдіс-тәсілдерімен, әдістемесімен бөлісіп табысты мектепті қалай құру қажеттігін айтады. Нәтижесінде жас мамандардың кәсіби құзыреттілігі дамып, әдістемелік қызметтің нысаналы индикаторлары-инновациялық технологияларды пайдалану кеңістігі кеңеюде, – дейді Индира Сапарқызы.

Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, тәжірибелі мұғалімдердің  қашықтан оқыту кезіндегі сандық оқу платформалармен жұмыс барысында қиындықтар жиі кездеседі. Өйткені 50  жастан асқан педагогтердің жас ерекшеліктеріне байланысты түрлі сандық оқыту платформаларын online ар­қылы жай қабылдайды. Сондықтан да осы мәселенің күрмеуін шешу мақсатында  «Jastar-Ckaffolding-Tájirıbe» жобасы қолға алынған. Бұл жоба  жаратылыстану-математика пәндерінің тәжірибе­лі ұстаздарын қашықтан оқыту кезінде әр түрлі сандық оқыту платформаларын меңгеруге жас мұғалімдермен еріктілер тобын құрып, тәлімгерлік және скаффолдинг ұйымдастыруды мақсат етеді.

Балалар кітап оқи ма?

2021-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының мектеп кітапханаларын дамытудың Жол картасы аясында оқушылардың оқу са­уаттылығын арттыру бағытындағы «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүргізілуде.

Қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, «Заңғар» желілік қауымдастығы аясын­да бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Кітапхана қызметін аутоматтандыру мен компьютерлендіру деңгейін көтеру мақсатында  мектеп кітапханаларында АБИС МАРК-SQL бағдарла­масы енгізіліп, «Smart мектеп» жобасының  «QR код» қосымшасы арқылы кітапханаға интернетке қосылған кез келген кітапты электронды түрде оқуға мүмкіндігі туындады. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларына «Дубляж/ән арқылы оқыту», «Ертегілер әлемі», бала тәрбиесіндегі әженің, әкенің рөлін арттыру, балаларды кітап оқуға баулу мақсатында «Әкеммен бірге оқимын», «Әженің ертегілері» жобалары өткізілді. Жобаға көбінесе төменгі сынып оқушылары белсенділік танытты. Жоба ая­сында байқаулар ұйымдастырылып, отбасында оқылған кітапты бейнебаян арқылы көрсетіліп, инстаграм парақшасында  жарияланды.

олимпиада 2021

10-сыныптарға арналған «Кино желісімен оқыту», «Оқиға ізімен оқыту» жобалары жүзеге асырылды. 11-сынып оқушыларына жас ұрпақты заманауи технологиялар арқылы жетілдіріп, кітап оқыту мақсатында «Телеграм желісі арқылы оқыту» жобасы бастау алды.

«Оқуға құштар мектеп» жоба аясында оқушыларға «Оқырман балалық шағының аллеясы» OPEN AIR  бағдарламасы форматындағы акциялар (мысалы: «Кітапхананың жазғы террасасы» кітап оқу акциясы) өткізілді. «Кітаппен өткен демалыс күндер қызық» атты кітап оқу марафоны күзгі, қысқы, көктемгі, жазғы демалыс кезінде қашықтан кітап оқу, бастауыш сынып оқушыларына үзіліс кезінде бір мезетте ертегілер оқу шаралары ұйымдастырылды.

Қала тұрғындарының кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру мақсатында ашық алаңдарда, саябақтарда сұхбат алынып, жадынамалар таратылып, «Кітап – сарқылмас рухани қазына» тақырыбында желілік қауымдастық арасында әдеби библиошоу шарасы өткізілді. Қала кітапханаларымен мәдени-танымдық байланысты арттыру мақсатында «Әдеби Ақжайық» жобасы жүзеге асырылды.

«Қашықтан оқыту ортасы» жобасы негізінде мектепте мұғалімдерге-әдістемелік-ақ­параттық қолдау көрсету үшін І тоқсанда 120 бейнеса­бақ (250 мұғалім), ІІ тоқсанда 2467 бейнесабақ (450 мұғалім), ІІІ тоқсанда  2767 бейнесабақ (260 мұғалім) түсірілді. Сонымен бірге ұстаздың ақпараттық құзыреттілігін дамыту мақсатында «Үздік цифрлы сабақ» байқауы өтті. ІІ кезеңнен тұратын байқау  ІІ кезеңнен тұрды. І кезеңге 295 мұғалім қатысса, ІІ кезең бойынша 666 мұғалім қатысып, 218 мұға­лім жүлделі орынға ие болды. Үздік цифрлық сабақ дайындауда №9, 13, 19, 32, 35, 41-ші мектептердің жұмыстары ілгері болды.

«Бұл ұстаздардың заманауи білім беру технологиялары мен әдістерін қолдану құзыреттіліктерінің жоғары екенін көрсетті», – дейді сала мамандары.

Қалалық оқушылардың жетістігі мол

2020-2021 оқу жылындағы республикалық олимпиада қорытындысы бойынша Орал қаласындағы мектептерден  қатысқан оқушылардың 11-і жүлдегер атанды.  Олимпиаданың республикалық кезе­ңінде үздік білім көрсетіп, оқушылары жүлделі орындарға ие болған  шаһардағы  үш мектеп – Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі, №35 мектеп-лицейі және №28 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицейі республикадағы үздік 100 мектептің қатарына қосылды. Жалпы олимпиаданың барлық қалалық, облыстық, республикалық кезеңінде лицей-гимназиялар бойынша №35, 38, 28, 34, 42, 44 мектеп-гимназиялар, жалпы білім беретін орта мектептер бойынша №32, 36, 23, 33, 21 мектептер жоғары нәтижеге қол жеткізді.

2021-2022 оқу жылы бойынша қараша айының 26 жұлдызында 5-6-сыныптар үшін республикалық пәндік олимпиаданың екінші – қалалық кезеңі өтіп, қатысқан 575  оқушыдан 16-сы облыстық кезеңге жолдама алды.

Желтоқсан айының 20-21 жұлдызында 9-10-11-сыныптар үшін пәндік олимпиаданың қалалық кезеңі өтеді. Оған мектепішілік іріктеу кезеңінен  өткен 2200-дей оқу­шы қатысады деп жоспарлануда.

2021-2022 оқу жылы  бойынша ғылыми жобалар байқауының қалалық кезеңіне 12 секция бойынша іріктеуден өткен 112 оқушыдан 98 жұмыс қабылданды. Оның ішінде 14-і – командалық  жұмыс. Нәтижесінде І орынды  – 8 оқушы, ІІ орынды –17, ІІІ орынды 18 оқушы алды. 32 оқушыға алғысхат берілді.  Нәтиже  бойынша 49 оқушының 41 жұмысы (8 командалық жұмыс) облыстық кезеңге іріктеуге ұсынылды. 37 іріктеуден өткен жұмыс 3 желтоқсан күні қорғалды. Ғылыми жобалар байқауы – оқушылардың ғылыми әлеуетін қалыптастыру, оқушылардың зерттеушілік, ғылыми ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында өткізіледі.

«Алтын сақа» математикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде №42 «Ақ ниет» гимназиясының 6ынып оқушысы Абай Жәңгір І орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Саяжайда қанша оқушы тұрады?

Қала мектептеріне саяжайлардан 499 оқушы қатынап оқиды. Олар  күнделікті тасымалмен қамтылған. Жалпы білім ошағы жоқ  елді мекендерден шаһардағы 8 орта мектепке  2732 оқушы күнделікті тасымалданады. Оқушылардың күнделікті тасымалын ұйымдастыруда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген «Аутомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» қағиданың талаптары басшылыққа алынады. Мектеп басшылығы бекіткен балалардың мініп-түсуіне оңтайлы орындары белгіленген маршрут бар. Әр мектепте  күнделікті тасымал кестесі, тасымалға жауаптылар туралы мәлімет оқу жылының басында мектеп директорының бұйрығымен  шығарылып, бекітілген. Маршруттағы қозғалыс, жұмыс тәртібі, шарттары және есепке алу журналында арнайы нұсқаманың жүргізілгені  және нұсқамадан өткен жүргізушінің қолы туралы белгі тіркелген. Балаларды тасымалдайтын әр аутобуста балаларды жеткізу орнына дейін алып жүретін кезекшілер бекітілген. Барлық тасымалдайтын аутобустарда «Балаларды тасымалдау» деген белгі  бар.

Балалар ыстық тамақ ішіп жүр ме?

2021-2022 оқу жылында қаланың 51 мектебінде ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған. 51 мектепте 1-11-сыныптар аралығында 55 257 оқушы білім алып, 33924 оқушы ыстық тамақпен қамтылуда. Оның ішінде түрлі санаттағы және 1-4-сынып оқушылары ыстық тамақпен жүз пайыз қамтылған.

2021 жылға жалпы орта білім беретін мектептерінің 1-4-сынып оқушылары үшін тамақтану құны 380 теңгеге, аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылары үшін 485 теңгеге өсім болды.

Тәуелсіздіктің тәрбиелік мәнін ұғындырсақ деп...

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Орал қаласының білім беру бөлімі 16 қарашадан бастап «Тұғыры биік – Тәуелсіздік» марафонын бастап кетті. Марафон аясында 16 желтоқсанға дейін тағылымды шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Халықтық эстетикалық тәрбиені насихаттау мақсатында көркем еңбек пәні мұғалімдерінің оқушылармен бірге дайындаған жұмыстар ұлттық үлгідегі сән көрсетілімі «Жібек жолы айшықтары» атауымен Тәуелсіздікке тарту ретінде ұсынылды.

«Мектепке дейінгі  ұйымдардың бейнелеу пәні мұға­лімдерінің арасында «Егемендік елдігім» суреттер байқауы өтті. Жақын күндері   «Әнім сенсің, жырым сенсің Қазақстан!» атты үш тілде мәнерлеп оқу байқауы өтпек. Ұстаз бен шәкірті «Ән Star» патриоттық ән байқауында жұптық өнер көрсетеді деп күтілуде.

– Тәуелсіздіктің тәрбиелік мәнін ұғыну, өз елінің тарихын құрметтеуге үйрету, құндылықтарын дәріптеу мақсатында қалалық «Тәуелсіздік шежіресі» атты зияткерлік білім сайысы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ел Тәуелсіздігін насихаттайтын кітаптарды оқушыларға оқуға ұсынуды мақсат еткен «Кітап оқу көшбасшысы»  байқауын өткізу де алдағы күндердің еншісінде, – деп атап өтті қалалық білім бөлімінің  баспасөз  хатшысы.

Түйін

Тоқсаныншы жылдардың басында Орал қаласында бір­ді-екілі қазақ мектебі бар еді. Отыз жылдың ішінде шаһарымызда  19 мектеп, 26 мемлекеттік балабақша, 4 қосымша білім беру ұйымы ашылды. Қазіргі уақытта қаламызда 51 күндізгі мектеп, 1 кешкі мектеп,  50  мемлекеттік балабақша бар. Сондай-ақ 84 жеке балабақша мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істеуде.

Тәуелсіздік жылдары ішінде  қаламызда №9, №26, №13, №30 мектеп және Серебряков ауылы мен Желаев ауылында жаңа білім ошақтары ашылды.  №4 мектеп пен №38 мектеп-лицейі жаңа ғимаратқа көшті.  Жыл санап ұлғайған қаланың жаңа шағынаудандарында №10, №37, №46, №47, №48, №49, №50 мектебі мен №34 мектеп-гимназиясы, №42 «Ақ ниет» гимназиясына арналған жаңа ғимараттар бой көтерді.

90-жылдардың басында қаламызда қазақ мектептерінің  саны  не бары 3 пайыз болса,  бүгінгі күні Орал қаласында қазақ тілінде білім беретін мектептер саны 77 пайызды құрайды. Яғни қаладағы 51 мектептің 25-і  қазақ тілінде, 6-уы  орыс тілінде білім берсе,  20 мектеп аралас оқытуда. 1991 жылдары қала мектептерінде  31 мыңдай оқушы болса, қазіргі күнде 0-11-сыныпта 59 мыңдай оқушы  білім алуда.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале