Орал қаласында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдық мерейтойына арналған 5 шақырымдық марафон-челлендж ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінің жеке құрамы белсене қатысты.

Марафон әскери қызметшілер арасындағы бірлік пен ерлік рухын нығайтудың, сондай-ақ спорттық дәстүрлерге деген адалдықтың айқын көрінісіне айналды. Қызметтік міндеттеріне қарамастан, ұландықтар жоғары физикалық дайындықтарын, тәртіптері мен ұйымшылдықтарын көрсетті.

— Мұндай марафондарға қатысу тек денені шынықтырып қана қоймай, рухты көтереді. Бұл — жеңіске деген жігерді, әскери бауырластыққа деген мақтаныш сезімін қалыптастыратын іс-шара, — деді бөлім командирінің орынбасары майор Дәурен Рахымбеков.

Жарыс соңында қатысушылар салтанатты сапқа тұрып, үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге алғыс хаттар табыс етілді.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі