4.12.2023, 18:17
Оқылды: 55

Ұландықтармен құмар ойын тақырыбында кездесу өтті

Ұлттық ұланның Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің клубында, өңірлік қолбасшылықтың психолог маманы – майор Берік Рашевтің ұйымдастыруымен «Қоғамның дерті – құмар ойын» тақырыбында ақпараттық сағат өтті. 

IMG-20231204-WA0153

Өткізілген іс-шараға тәжірибелі психолог маман Әсем Бекежанқызы келіп әскерилерге құмар ойынының зардабы туралы әңгімеледі. Кездесу барысында еліміздің 1 миллион тұрғыны құмар ойынның құрығына ілінгені туралы айтылды.

Биыл Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып бара жатқанын, тіпті кейбір отбасылар үшін бұл қасіретке айналғанын, лудоманияға қарсы күресте түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс екенін айтқан болатын.

IMG-20231204-WA0155

‐ Бүгінгі қоғамның кең тараған дерттерінің бірі – құмар ойын. Статистика бойынша көп адам лудоманияның зардабын шегіп жатыр. Мәселен, кейбір отбасылар осының кесірінен ажырасып, кейбір адамдар суицидке барып жатыр. Бәс тігудің аяғы банктерге қарызданып, дүние-мүлкінен айрылуға әкеледі. Біз оның алдын алуымыз керек. Ол үшін үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп, жастарды білім алуға, басқа да пайдалы іспен айналысуға шақыруға тиіспіз, - дейді психолог маман Әсем Бекежанова.

Әскерилермен кездесу барысында психолог маман құмар ойын ойнап, құрдымға кеткен көптеген адамдардың өмірінен мысал келтіріп, арнайы видеоролик көрсетіп, әскерилерді ағат басқандардың қателігін қайталамауға шақырды.

Ертуған Әубәкір,

капитан

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале