21.05.2024, 16:00
Оқылды: 48

Үлгілі маман үнемі ізденісте

21 мамыр  –  Мәдениет және өнер қызметкерлері күні

Ақжайық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Райгүл Батырова 1979 жылы 27 наурыз күні аталған аудандағы Жаңабұлақ ауылында өмір есігін ашқан. Туған ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепті тәмамдаған. 1998 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық колледжді «Аспапта орындаушылық» мамандығы бойынша бітірген. 2001-2002 жылдары Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония жанындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінде қобыз аспабында орындаушы болып қызмет істеген. Содан соң білімін тереңдетуге бел байлап, 2002-2006 жылдары Астанадағы Қазақтың ұлттық музыка академиясында «Концерттік орындаушы» мамандығына оқыған.

Аудандық үздік мемлекеттік қызметкер. Бас жүлде

2007-2008 жылдары Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатта (Астана қаласы) музыкалық жетекші және музыка мұғалімі ретінде еңбек еткен. 2008 жылдың жиырмасыншы қазанынан бастап Ақжайық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келеді.

Ол қазіргі таңда тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен әрі уақтылы орындап, нақты нәтижеге қол жеткізіп жүр.

– Мен бүгінде туған ауыл-аймағымның дамуына үлес қосып, жемісті еңбек етіп келемін. Мемлекеттік қызметкер халықты ертеңгі күнге, жарқын болашаққа, жалпы жақсылыққа сендіре білуі керек. Ол ел-жұрттың жанашыры болуы шарт. Мемқызметкердің жанашыр екенін қайдан білуге болады? Жалпы кез келген жеке тұлғаның қандай екенін араласатын ортасына қарап аңғарамыз. Отбасы – шағын мемлекет. Өз жанұясына көңіл бөліп, үлкендерді сыйлап-құрметтеп, ұл-қыздарына саналы тәрбие бере алса, өзгелерге де қамқор болады. Мемлекетке деген жанашырлық негізі жанұядан басталады. Үздіксіз ізденіп, өз-өзін жан-жақты қалыптастырған маманның жұмысы үнемі нәтижелі болады, – дейді Райгүл Серікқалиқызы.

Кейіпкеріміз 2008 жылдан бері аудандық халықтық ұлтаспаптар оркестрі мен «Назқоңыр» фольклорлық ансамблінің концертмейстері. Ол негізгі жұмысынан бөлек, аталған қос шығармашылық ұжымның жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, көрерменге рухани қуаныш сыйлауы үшін де тер төгіп жүр. Айта кету керек, Ақтау қаласында өткен халықаралық этникалық музыка фестивалінде (2008) «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі екінші орынды иеленді. Оған қоса бұл ансамбль ҚР Мәдениет министрлігінің құрмет дипломымен (2011) марапатталған. 2018 жылы «Бабадан қалған сырлы әуен» облыстық фестивалінде де үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ «Туған жерім – тұғырым» халық шығармашылығы фестивалі аясында «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі Тасқала, Бәйтерек аудандарында, облыс орталығындағы «Атамекен» өнер ордасында сахнаға шығып, жиналғандардың ыстық ықыласына  бөленді.  Ал аудандық халықтық ұлтаспаптар оркестрі 2015 жылы Қазақстанның халық әртісі, Құрмет орденінің иегері, профессор, күйші, композитор Тұяқберді Шәмеловты еске

алу мақсатында ұйымдастырылған аймақтық «Шарықтайды күй» атты халықтық атағы бар оркестрлер фестивалінде алғысхатпен марапатталды. 2019 жылы осы оркестр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Жұбановтар әуені – 2019» халықаралық ұлт-аспаптар оркестрлер мен ансамбльдердің фестиваль-байқауында дипломант атанды.

Бас маман Райгүл Батырова 2018 жылы аудандық «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. 2020 жылы 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыстық мәдениет басқармасы басшысы мен Ақжайық ауданы әкімінің алғысхатымен марапатталды. 2023 жылы осы мейрам қарсаңында облыс әкімінің алғысхатын иеленді. Бүгінде жұбайы екеуі  үш  ұл  тәрбиелеп  отыр.

 –    Мәдениет саласының қызметкері болу – үлкен жауапкершілік. Себебі, қазақтың өнерін насихаттау, оны заман талабына сай жұртқа ұсыну – оңай шаруа емес. Мәдениет саласындағы мамандардың бойынан хәкім Абай айтқан талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым секілді асыл қасиеттер табылуы тиіс. Рухани құндылықтар – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеудегі негізгі арна. Сол себепті оның насихаттаушылары тәрбиелі, сауатты болғаны жөн. Жоғары білім алып, жұмысты толық меңгеріп, үлгілі маман атану үшін әр жас кадр өзін үнемі дамытып, жетілдіріп отырғаны абзал, – дейді Райгүл Серікқалиқызы.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале