Адал еңбегімен өзінің сүйікті ісін кіріс көзіне айналдырып жүрген жанның бірі – қолөнер шебері, тоқымашы Ұлпан Бердиева. Ол – Қаратөбе ауданының Мұхит Мерәліұлы атындағы ауылдың тумасы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қолөнер нағашы жұртынан дарыған. Анасы, нағашы әжесі ісмер болыпты. «Анам кішкентайымызда бізге әртүрлі бұйымдар, киімдер тігіп беруші еді. Қасында жүріп, анамның әр ісін бақылап жүретінмін. Алғаш рет мектеп кезінде өз бетімше қолыма ине-жіп алып, түрлі кестелер төгіп, бас киімдер, телефонға арналған қап (қыздарға арналған) тоқи бастадым. Ең алғашқы табысымды 16 жасымда тапқан екенмін. Сол кезден бастап қолөнерге қызығушылығым арта түсті», – деп бастады әңгімесін қолөнерші Ұлпан Қосаманқызы.
Кейіпкеріміз Теректі ауданының Подстепный қазақ мектебін бітіріп, Ақтөбе қаласындағы қазақ-орыс халықаралық университетінде жоғары білім алып, стандарттау, сертификаттау және метрология мамандығын игереді. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс істеп көрмепті. Өз қолымен әдемі дүние жасап шығаруға әуестенеді. Бар ынта-ықыласы қолөнерге ауып, жан тыныштығын осы саладан табатынын түсінеді. Жалпы көп келіншек декреттік демалыс кезеңін өз-өзін дамытуға жұмсайды. Ұлпан Бердиева да демалыс уақытында өз бетінше ізденіп жүреді. Әлеуметтік желі арқылы алматылық шебер Әсел Мұратбекқызынан үй тәпішкелерін тоқудан онлайн курс алып, ісмерлігін әрі қарай дамытады.
2018 жылы онлайн курстар оқығаннан кейін үйден тапсырыстар қабылдайды.
«Шүкір, тұрақты тұтынушыларым бар. Ұлттық мейрамымыз – Наурыздың алдында тапсырыс өте көп болады. Былтыр бір сыныптың 15 қызына әшекейлер жасадым. Нәзік жандардың мерекесі қарсаңында тұтынушыларым аяқ киімге, шашбауға, шекелікке, не сырғаға тапсырыс береді. Бөрлі, Казталов, Тасқала аудандарынан, қала мектептерінен, сондай-ақ қала тұрғындарынан да тапсырыстар болып тұрады», – деген Ұлпан замандасымыз өзінің алғашқы еңбек жолын осылайша баяндады.
Ұлпан Бердиеваның қазіргі таңда жеке шеберханасы жоқ. Кәсібін дамыту мақсатында мемлекеттен жеңілдетілген несие, қаржылай көмек алуды жоспарлап жүр.
– Орал қаласының орталығынан «Қолөнер әлемі» атты ұлттық қолөнер бұйымдарының орталығы ашылды. Оның негізін қалаушылар – Жарқынай Әкімғалиева мен Жанар Хасенова. Бұл орталықтың ішінде 8 қолөнер шебері қолымыздан шыққан туындыларымыз, ұлттық бұйымдарымызды жасап сатамыз. Мен аяқ киімдер, шай үстелін әсемдейтін майлықтар (салфетка), монша жөкесін (мочалка) тоқимын, моншақты сөмке жасаймын. Алқа, сырға, білезік, шашбау, шолпы, шекеліктерді жасап, сатуға шығарамын. Аяқ киімдерге және басқа да бұйымдарыма қазақы нақыштағы оюларды, мән-мағынасына қарай үйлестіріп бедерлеуге тырысамын. Қазақы бұйымдарды жаным сүйеді. Қазақ қыздарының салт-дәстүрге бейжай қарамай, күнделікті өмірде де ұлттық нақышта киім киіп, бұйым тағынып жүргенін көрсем, риза боламын. Оюымызды, зергерлік бұйымдарды заманға сай қолдансақ деген ниет қой. Соған атсалысып, кішкене болса да үлес қосып жүргеніме қуанамын, – деген Ұлпан ханымның бойынан патриоттық сезімнің ұшқынын көрдік.
Қолөнершіміз – отбасында ұл-қыз өсіріп отырған ана. Еліне адал қызмет етіп, қоғамға пайдасын тигізіп, перзенттерін жақсы азамат етіп тәрбиелеуге тырысып жүрген жанның бірі. Отбасында ата-анасының берген тәрбиесін өз балаларына ұластырып, ұлттық құндылықтарды балаларынан бастап дәріптеп жүрген ісмер келіншек. Ол білген-түйгенін, тәжірибесін бәріне бөлісуге әрқашан дайын екенін айтады. Өзінің жиендері Назым мен Айымды қолөнерге баулыған екен. Қызын да қолөнерге бейімдеп жүргенін әңгіме барысында айтып өтті.
– Қазір біздің «Қолөнер әлемі» орталығы облысымыздың қыз-келіншектерін қолөнерге тартып, жан-жақты тәжірибе алмасуда. Үйренгім келетін дүние көп, соның бірі – құрақ құрау. Бұйырса, ақырындап қадам басамын деген ойдамын. Қолөнер бұйымдарын жасау – терапияның бір түрі. Қолың жаттығып, миың демалады, ақыл-ойың дамиды, әрі-беріден соң қажет дүниені өзің жасап алғанға не жетсін?! Ұлттық құндылықтарды бойға сіңіртуді кішкентай кезден бастаған маңызды. Жастарымызды төл мәдениетімізге, рухани бай мұрамызға сусындату осындай кішкентай қадамдардан басталады деп ойлаймын. Болашақта кәсібімді одан әрі дамытып, ұлттық қолөнерімізді қадірлейтін, қолдайтын жастарды көбейтсем, өз өнеріммен бөліссем деп армандаймын, – дейді арман-мақсаты асқақ Ұлпан қолөнерші.
Курстар, шеберлік сабақтар өткізіп жүрген қолөнерші, тоқымашы Ұлпан ханымға сапалы қолөнер сабақтары әлі де көбейе берсін дейміз.
Құндыз Қадырбаева
zhaikpress.kz