Орал қаласындағы «Бәйтерек» комьюнити орталығында «Тіл мерейі – ел мерейі» атты мерекелік кеш өтті.

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Зашаған кенті әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі Жігер Батыров, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілекқабыл Ерназаров және тіл жанашырлары қатысты.
– Құрметті Зашаған кентінің тұрғындары, ең алдымен, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын кешті қолдап келгендеріңізге алғыс. Ұлтымыздың басты байлығы – тіл. Сондықтан осы байлықтың қадірін жете білуіміз керек екенін кейінгі буынның санасына берік орнатуымыз керек, – деді Тілекқабыл Ерназаров.
Іс-шара кезінде «Көркемсөз» үйірмесінің тәрбиеленушілері патриоттық тақырыпта өлең оқыды. Сондай-ақ «Шабыт» би ансамблінің бүлдіршіндері мың бұрала би билесе, ардагер Сейтенәлі Қуанғалиев «Ахау, бикем» әнімен кеш көрігін қыздыра түсті. Орталықтың жанынан құрылған «Жайық толқындары» вокалдық тобының әжелері «Асыл арман», «Айналдым, елім!» әндерін шырқады.
– Кешке қатысқан алдыңғы буын ағалар мен ақ жаулықты аналарымыз ғұмырлы болсын! Осындай іс-шараның өтуіне атсалысқан «Бәйтерек» комьюнити орталығының ұжымына алғыс білдіреміз. Ана тіліміздің мерейін үстем ететін іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдемін, – деді Жігер Меңдіғалиұлы.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz