Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығында «Наурызнама» онкүндігі аясында «Ұлттық киім – ұлт айнасы» атты облыстық мерекелік шара өтті.

Қазақ халқының ұлттық киімдерін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және салт-дәстүрді кеңінен таныту мақсатында ұйымдастырылған шара орталықта қызмет алушыларға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шараға қатысқан БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жақсылық Абуов жиналғандарды құттықтап, ұйымдастырушылара алғысын білдірді.
- Көрісу мерекесімен басталған әз-Наурыз он күн бойы тойланады. Береке мен молшылықтың мерекесі баршамызға құт алып келсін, - деді Жақсылық Каримоллаұлы.

Мерекелік кеште облыстағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының ұжымдары қазақ халқының салт-дәстүрінен сахналық көріністер көрсетті. Көпшілікке «Бесікке салу», «Ұзату тойы», «Келін түсіру» дәстүрлері ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық киімдердің сән үлгісі көрсетіліп, ән, терме айтылып, күй шертілді.
Түгелбай Бисен,
"Орал өңірі"
