«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарих тұнбаларын насихаттап, ұлттық құндылықтарымыздың бәсін арттыруды, осылайша руханиятымызды көтеру қажеттігі айтылады. Осы орайда Оралдағы «Мария ханым» сән үйінің қазақтың ұлттық киім үлгілерін насихаттап әрі оған жаңа реңк беріп жүргені көңілге қуаныш ұялатады.
Аталмыш сән үйінің директоры Жұлдыз Құспанова заман талабына сай талғаммен тігілген киім көз тартарлықтай әдемі болып қана қоймай, халық пәлсапасынан хабардар етуі тиіс деп санайды.
– Басқа ұлттың киімі ашықтау, көзге түсетіндей болып келеді. Ал қазақтың ұлттық киімдері арт-дизайн үлгісінде, яғни көркемөнер туындысы деуге болады. Ою-өрнекті де орнымен қолдануға тырысамыз. Мысалға, «толқын» өрнегі бас киімге тігілмейді. «Қошқармүйіз» оюы амандық-саулықтың, байлықтың белгісі болып табылады. Сондықтан ою-өрнек сәндік элемент қана емес, ол тілектің, ниеттің нышаны ретінде орынды қолданылуы керек, – деді Жұлдыз Құспанова.
Қазіргі кезде кәсіпорынның ұлттық нақыштағы киімдері тек елімізде ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие болуда. Осыдан сәл бұрынырақ Біріккен Араб Әмірлігіндегі ең ірі өндірістік шаһар Әбу-Дабиде өткен этномәдени фестивальде сән үйінің ұлттық киімдері өзге елдердің қатысушыларын сүйсінтті. Тіпті бірнеше сәндік жиынтық үлгісі әп-сәтте иелерін тапқан-ды. Одан кейін Францияда өткен көрмеге қатысып, ол жақтағы жұрттың қошеметіне бөленгені есімізде. 2019 жылы аталмыш кәсіпкерлік нысаны мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жаңа ғимарат сатып алып, оны өздеріне ыңғайлы етіп жөндеуден өткізді. Жаңа орынға жаңа жиһаз, жаңа жабдықтар алынды. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдаудың арқасында әлемдік стандартқа сай келетін озық технологиялы жапондық тігін машинасын сатып алды. Компьютерлік арнайы бағдарламамен басқарылатын бұл жабдық 4-5 адамның жұмысын бір өзі атқарады. Одан басқа лазерлік кесу жабдығы сатып алынып, онымен киім-кешекке ою-өрнек бастырылатын болды. Мұндай жабдықтың көмегімен тігілген өрнекті киімдердің бағасы бұрынғысынан екі есеге төмендеді.
Сән үйінен спорттық киімдерді, ер адамның кеудешесін, кеңсе көйлектерін, жамылғыларды, сөмке-шопперларды, сырт киімдердің түр-түрін таба аласыз. Әркім өз қалауымен ерекше сәндік үлгідегі киім тіктіре алады. «Біз өндірілетін тауарымыздың түрлерін көбейтуге мүдделіміз. Ұлттық нақышты қазіргі заманғы киімдерге үйлесімді етіп енгізуге тырысамыз. Осының барлығы мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асырылуда. Өнімдеріміз еліміздің түкпір-түкпіріне шығарылады. Ұжымда 20 адам жұмыспен қамтылған.
Олар – дизайнерлер, констукторлар, киім пішушілер, тігіншілер, ою-өрнек салушылар. Киім тігетін және пішетін цехтар, дүкен жұмыс істейді», – деді Жұлдыз Құспанова.
Бүгінде сән үйінің цехына екінші деңгейдегі банктерден, аутосалондардан, телеарналардан, сауда үйлерінен тұмша тігуге тапсырыстар түсуде. Осының өзі корпоративтік мәдениеттің өскенін аңғартады. Елдің мәдениеті дамып, өркендеген сайын ұлт та өзінің салт-дәстүрінің, құндылықтарының тұма бастауына оралады емес пе?! Ендеше, «Мария ханым» сән үйінің жұлдызы биіктен жарқырайтын кезі алда екеніне шүбә жоқ.
Гүлнәр Шәңгерей,
zhaikpress.kz