Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Орал қаласындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінде «Ұлттық құндылықтарды ұлықтау – Тәуелсіздіктің баға жетпес тартуы» тақырыбында танымдық кеш өтті.
Жиынды ашқан колледж директоры, қалалық мәслихат депутаты Серік Мұхамбетәлиев айтып өткендей, егемендік алғаннан бері бұл оқу орны жаңа қарқында, заманауи талаптарға сай дамуда. Ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында мұнда түрлі іс-шаралар өтіп келеді. Қазір колледжде 16 мамандық бойынша оқып жатқан 2 мыңға жуық студенттің бойында осындай іс-шаралардың арқасында елжандылық, патриоттық рух сынды қасиеттер дамуда.
Кеш қонағы болған Орал қаласындағы «Ғибадат» ЖШС-ның директоры, «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамдық қорының жетекшісі Біржан Қожақов қазақы үй жиһаздарын жасау, оларға деген сұраныс, кездескен қиындықтар туралы айтты. Бүгінде Атырау, Маңғыстау, Ақтөбеден бөлімшелерін ашқан серіктестекте негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді.
Ал өңірімізге танымал археолог-ғалым Яна Лұқпанова «Алтын ханшайым» мұрасының қалай табылғаны жөнінде сыр шертті.
– Қазақ даласында күні бүгінге дейін 7 «Алтын адам» табылды. Олардың үшеуі тоналмаған болып табылады. Сол үшеудің ішіндегі біздің өңірден табылған «Алтын ханшайым» ешқандай тонауға ұшырамаған болып саналады. Жалпы, Тақсай кешеніне кіретін бес обадан табылған жәдігерлер осы өңірдің, еліміздің көне тарихынан, мәдениетінен мол мағлұмат береді. Біздің өңірдің көне Иранмен, Батыс Арал өңірімен, Қара теңіз бойындағы скифтермен қарым-қатынасын дәлелдейтін артефактілер табылды. Осындай ұлы мәдениеттің 2500 жыл бойы тоналмай, қарақшының қолына түспей аман жетуі – ғажайып оқиға. Оның әлемдік өркениет үшін де маңызы зор, –деді Яна Амангелдіқызы.
Ұлттық сусын – саумал, қымыз өндіру ісі турасында «Саба» этнокешенінің басшысы Ақылбек Ишанов әңгімелеп берді. «Осы бағыттағы шаруаларымыз бірыңғайланған соң, ұлттық ат спорты түрлерін қолға ала бастадым, – деді Ақылбек Миразатұлы. – Ұл балалар ер мінезді болып өсуі мақсатында былтырдан бастап ұлттық-танымды лагерь аштық. Онда балалар ат спорты түрлерін меңгерумен қатар, жеті ата, жеті қазына секілді құндылықтарды да біліп шығады. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қолдауымен биыл «Орал» спорт клубының ат спорты түрлері бөлімі біздің этнокешен базасында жұмыс істеуде. Онда өрендер көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақтың қыр-сырын меңгеруде. Осылайша ұлттық құндылықтарды дамытуға өз үлесімізді
қосудамыз».
Кеш қонағының бірі – жеке кәсіпкер Алма Жұмағалиева ұлттық киім туралы әңгімеледі. «Жанат Бақыт» сән үйінің Орал қаласындағы филиалы жетекшісі болып табылатын оның айтуынша, бүгінде батысқазақстандықтар, соның ішінде жастар ұлттық киімді жұмысқа, оқуға киетін болған. «Екі жыл бұрын осында келгенімде Оралда ұлттық киімге сұраныс төмен болатын шығар деп ойлаған едім, бүгінде қателескенімді түсіндім, – деді ол. – Ұлттық киім кигендерді тек Наурыз мерекесінде емес, қазір көшеде де, қонақта да кездестіруге болады. Олардың қатары жыл өткен сайын арта түсері анық».
Кеш соңында Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №5 кітапхана-филиалының кітапханашылары Гүлсім Ғабдушева мен Надира Мүфтиғалиева тәуелсіздік мерекесіне орай дайындаған кітап көрмесімен таныстырды.
Мәди Ықылас,
zhaikpress.kz