«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық ғылыми-танымдық экспедиция 5-7 сәуір аралығында Батыс Қазақстан облысында болды. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов бастаған экспедиция мүшелерін Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин әуежайдан қарсылады.
Әрине, «Орал өңірі» оқырмандарының Қазақстан Жазушылар одағына аты қанық. Ал әрі баспагер, әрі қаламгер һәм этнограф Зейнолла Сәнік жөніндегі дерек-дәйегі, таным-түсінігі там-тұм болуы ықтимал. Сол себепті мына мәліметтерді көптің назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында өмірге келген. Пекин қаласындағы Орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып, 40 жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» қуғын-сүргініне ұшырап, жеті жыл өмірін Қытай түрмесінде өткізеді. Бертін келе қажырлы қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман-повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Қазақстанда «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай», «Баспай» атты кітаптары мен еңбектері жарияланған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабаевтың айтуына қарағанда, Зейнолла Мүбәракұлы қазақ этнографиясына қатысты дерек-дәйек, мәлімет-мағлұматтарды Қытайдың қазақ қалың қоныстанған елді мекендерін аяқтай аралап, көнекөз қариялармен көзбе-көз көрісіп, жүзбе-жүз жүздесіп жүріп жиып-терген. 2001 жылы Қазақстанға көшіп келгесін осы бағыттағы қажырлы ізденісін жалғастырып, болашақ ғылыми-танымдық еңбегінің көкжиегін кеңейте түскен. Соның нәтижесінде Зейнолла Сәніктің соңында әдеби шығармаларына қоса, «Қазақ этно-графиясы» атты энциклопедиялық дәреже-деңгейдегі құнды еңбек қалды.
З. Сәнік 2013 жылдың қыркүйек айында дүние салды.
Шығармашылық топтың Оралдағы жұмысы бесінші сәуір күні М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіндегі жиыннан басталды. Аталған университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мерген Сүлейменов қазақы игі дәстүрмен құрметті меймандарға төр ұсынып, қонақжайлылық танытты. Іс-шара тізгінін ұстаған Бауыржан Файзоллаұлы Маңғыстау, Атырау облыстарында сәтті жұмыс жүргізіп, Ақ Жайық өңіріне ат басын бұрған экспедицияның мақсат-мұратына тоқталды. Оған қоса осы жиынды ұйымдастырған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің басшылығы мен филология факультетіне ризашылығын білдірді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов ұлттық рух пен тарихи мұра, Зейнолла Сәнік еңбектері жайында әңгіме өрбітті.
– Ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған арнайы экспедиция –ұлттық мәдениетіміздің діңгегі саналатын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақ этнографиясын дәріптеу, ұлт жадысын жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің идеясымен басталған бұл ауқымды жоба барысында тарихи орындармен танысу, музейлердегі құнды жәдігерлердің қыр-сырына үңілу, рухани құндылықтарды дәріптеу секілді маңызды істер атқарылмақ. Жергілікті өлкетанушы, этнографтармен кездесіп, олардың еңбектерін жинап, кітап шығару жоспарлануда. Деректі фильмге материалдар жинақталуда. Экспедиция жұмысына Жазушылар одағының мүшелері кеңінен тартылмақ. Бүгінде этнография – жай өткен күннің елесі ғана емес, ол – ұлттың тамыры. Біз өткенімізге үңілмей, болашағымызды баянды ете алмаймыз. Облыс орталықтарында, аудандарда тұратын ақын-жазушылармен, өлкетанушы мамандармен, халық ауыз әдебиетін жинаушы көнекөз қариялармен, шежірешілермен жүздесеміз. Осының бәрі ұлтты бірегейлендіруге, тұтастандыруға, этнографиялық мұрамызды түгендеп, рухани қазынамызды бағалауға жұмылдыратын тың бастама, – дей келе, Қасымхан Сейітханұлы осы экспедицияға қатысты жазылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің хатын оқыды. Хатта: «Биыл қазақ руханиятының дамуына мол үлес қосқан қаламгер, этнограф, баспагер, аудармашы Зейнолла Сәніктің 90 жылдығы. 2018 жылы құрылған Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, жан-жақты дәріптелуіне демеушілік жасап келеді. Қазақстан Жазушылар одағы биыл көрнекті қаламгердің 90 жылдық мерейтойын Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорымен бірлесе отырып, ауқымды жоба аясында атап өтпек. Батыс өңірінен бастау алатын сапар еліміздің барлық аймағын қамтиды. Мәдениеттанушы ғалымдар, этнографтар, ақын-жазушылар мен журналистерден құралған экспедицияның мақсаты – жазушының ұшан-теңіз еңбегін елге кең көлемде насихаттау. Ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты дәріптеп, ел арасындағы халық қазынасын, яғни рухани мұраны заман талабына сай жаңғыртып, өңірлердегі тарихи орындардың қазіргі жай-күйімен танысу. Этнографтың мерейтойы аясында келер ұрпаққа өнеге, қазіргі қоғамға қажетті дүниені қолға алған қор мүшелеріне, Қазақстан Жазушылар одағының ұжымына алғыс айтамын. Экспедиция мүшелеріне сәттілік тілеймін!» делінген.
Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай, ҚЖО төрағасының кеңесшісі, қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосан, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев осы ауқымды жоба аясында жүйелі жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етіп, ұлттық құндылықтар туралы әңгімеледі. Бұл жиынға Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының құрылтайшысы, ҚЖО төрағасының кеңесшісі, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы да қатысты.
Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, ақындар Айтқали Нәріков пен Қазыбек Құттымұратұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев ой-пікірлерін ортаға салып, экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.
Жас буынды қолдау мақсатында Зейнолла Сәнік қоры тағайындаған аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов атындағы шәкірт-ақыны Қасымхан Бегманов пен Серік Қалиев Махамбет атындағы БҚУ филология факультетінің студенті Нұрдана Темірге тапсырды. Сондай-ақ жиын қатысушыларының біразына Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» атты кітабы берілді. Бұл кітап ұлттық болмыс пен мінезді ғана емес, бүкіл қазақ халқының шығу тегінен бастап өмірінің барлық саласын толық қамтиды.
Жиын аяқталған соң экспедиция мүшелері облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығын аралады.
* * *
«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедициясының мүшелері алтыншы сәуір күні Теректі ауданының Шалқар ауылдық округі мен Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылына арнайы ат басын бұрды.
Экспедиция мүшелері Шалқар ауыл-аймағының орталығы Сарыөмір ауылындағы Х. Есенжанов атындағы мектептегі музейде болды. Олар бұл білім ошағында аталмыш ауылдық округтің тарихына қоса, жиырма жылға жуық қуғын-сүргіннің азабын тартқан көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамза Есенжановтың қасіретті тағдырымен жақынырақ танысты. Алматылық ақын-жазушыларды Баянсұлу Шайхаден, Еркеназ Бақытжан, Меңдігүл Төлеген, Аружан Талапова сынды мектеп шәкірттері өз туған жерлерінің тарихын, сондай-ақ осы ауыл-аймақтан шыққан танымал тұлғалардың тағдыры мен олардың еңбектерін тыңғылықты білетіндіктерімен сүйсінтті.
Дариян ауылындағы Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Михаил Шолохов атындағы мемориалдық мұражайына келген экспедиция мүшелеріне аталмыш музейдің меңгерушісі Мәдина Мұсина дүние жүзіне аты мәшһүр қаламгер қақында танымдық сипаттағы тартымды әңгіме өрбітті. Алатау баурайынан келген ақын-жазушылар Шолоховқа тікелей қатысты әр жәдігерге үңіле қарап, олардың мұражайға қойылу тарихына қатысты біраз сұрақ қойды. Ал музей меңгерушісі әр сауалға ықыласты жауап берді.
Сарыөмірде де, Дариянда да, ертеңіне Жымпиты ауылында да З. Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры, белгілі ақын, ұстаз Серік Қалиев Зейнолла Сәніктің этнографиялық еңбегін ауылдық әкімдік пен жергілікті білім және мәдениет ошақтарына табыстады.
Ұлттық бірегейлікті, ұлттық тұтастықты мақсат тұтқан экспедиция мүшелерін Алашорданың батыстағы астанасы болған Жымпиты кентіне ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин бастап келді. Олар Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейімен танысып, жақында ашылған ардагер-ұстаз Марат Қадыров атындағы оқу-ағарту залында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен әңгіме-дүкен құрды. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов Жазушылар одағының өкілдері алдында Қадыр Мырза Әлидің шабытты шақтары, тұтас шығармашылық дәуірі өткен Алматы қаласынан ақынның атына мектеп беру мәселесін көтерді.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Күнбатыс Алаш орданың кеңсесі болған, ал 2007 жылы әрі би, әрі батыр, сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының ұлт азаттығы жолындағы көтерілісінен сыр шертер музейге айналған ғимарат 1867 жылы бой көтерген екен. Ағаштан салынған бұл нысан бастапқыда Тараканов деген көпестің баспанасы болған көрінеді. 2012 жылдан бері үшбу үй Күнбатыс Алашорда музейі. Музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның тарихи дерек-дәйекке бай әңгімесі экспедиция мүшелерін тарих қойнауына жетелей жөнелді. Ақ қашып, қызыл қуған заманда қазақ халқының көсегесін көгертіп, өз алдына дербес ел қылуды көксеген Алаш қайраткерлерінің арман-мұңы, мұрат-мақсаты олардың жазысқан хаттары мен тұтынған бұйымдары, тіпті, табандарының ізі қалған ағаш баспалдақтар арқылы көз алдымызға келгендей болды...
– Этнограф жазушы Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойы аясында ұлттық рухты қолдап, ұлт тарихын жаңғыртуға бағытталған арнайы экспедиция халқымыздың жасампаз салт-дәстүрі мен қазақ этнографиясын дәріптеп, жаңғырту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің идеясымен қолға алынған бұл ауқымды жоба 31 наурыз күні Маңғыстаудағы киелі мекен -Шопан ата мен Бекет ата кесенелеріне зиярат етуден басталды.
Кең байтақ Қазақ елінің әр өлке-өңірінің тарихын, салт-дәстүрін зерттеп жүрген этнограф-ғалымдар және зиялы қауымның қатысуымен мәнді-мағыналы кездесулер өтуде. Экспедиция барысында жергілікті өлкетанушы, этнографтармен кездесіп, олардың жарияланбаған қолжазбаларын жинап, алдағы уақытта бірнеше том кітап шығару және айтқан әңгімелері мен жүргізілген сұхбаттар негізінде деректі фильм түсіруді жоспарлап отырмыз, – деді экспедиция жетекшісі Қасымхан Бегманов Күнбатыс Алашорданың кеңсе-музейінің ішінде тұрып. Ал біз «Сапарларыңыз сәтті, бастамаларыңыз баянды болсын!» дедік.
Түс ауа ел ішінде ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттау арқылы халқымыздың бірлігін бекемдеп, ынтымағын нығайтуды көздеген экспедиция арайлы Ақтөбеге жол тартты...
Бақытжан Ғабдуллин,
Мәрлен Ғилымхан,
Сәкен Мұратұлы,
Бауыржан Ширмедин
Әміржан Қосанов,
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының кеңесшісі, қоғам қайраткері, ақын, журналист:
– Жаһандану, глобализация белең алып тұрған мына заманда ұлттың бірегейлігін бекемдемесе болмайды. Мұндай ұлы мұрат-мақсатқа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, асқақтату және ұлттық құндылықтарымызды, өміршең салт-дәстүрімізді қазақы қалың бұқараның санасына біржола сіңіру арқылы қол жеткізуге болады.
Маған қазіргі мемлекет басшылығының ұлттық құндылықтарымызға ұдайы көңіл бөлуі ұнайды. Бұл жолда біз көздеген мақсатымызға халық пен биліктің бірлігі, қандастарымыз бен отандастарымыздың бір атаның баласындай ұйымшылдығы арқылы жетеміз.