Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда ел тағдырына қатысты маңызы зор мәселелер мен міндеттері талқыға салынды. Елдіктің жауапты кезеңінде бірлік пен байыптылықтың маңызды екенін, сондай-ақ ол саяси жаңғырудың басты мақсаты – Қазақстанның әлеуетін арттыру және мемлекетіміздің қазіргі заманға сын-қатерлерге дайындығын күшейту екенін еске салды.

Құрылтайда мән берілген ең басты мәселенің бірі парламенттік реформа туралы айтылды. Мемлекет басшысы аталған реформа саяси жаңғырудың жаңа кезеңіндегі өзгерістердің негізі екенін айтты. Осыған байланысты Президент жаңа бір палаталы Парламентті құрылтай деп атауды ұсынды. Осы атаудың заманауи мазмұнда жаңғыруын тарих әділеттіктің белгісі деп қабылдаймыз.
Парламент – демократияның өзегі. Ал құрылтай қазақ халқы үшін ежелден дала даналығы мен әділеттіліктің нышаны, ел тағдыры бірлесе шешілетін жер болған.
Қазақстан Парламенттік құрылтайы деп атау ата-баба тарихына құрмет көрсету және дәстүр сабақтастығына сақтау деп есептеймін. Қазақстанның халық кеңесін құру өте дұрыс шешім дегім келеді, ол мемлекеттіміздің жоғары консультативтік құрылымы мәртебесіне ие болады. Жасыратыны жоқ, Қазақстан халқы ассамблеясы соңғы кездерде мейрамдарда концерт қойғандары болмаса, ешқандай атқарып жатқан істері көрінген жоқ, көп нәрсе қағаз жүзінде болып кетті. Мысалы біздің облысымызда 4-5 жанұя ұйғырлар, 2-3 дүнгендер жанұясы бар. Біз мұны ауыз толтырып, ассамблеяда көптеген ұлт бар деп есеп береміз.
Мемлекеттің есебінен қос қабатты ғимарат Достық үйін ұстау үшін 40-қа жуық штатта адамдар жұмыс істейді. Енді халық кеңесі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту үшін, ішкі саясатты жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу жаңа құрылымның негізгі міндетінің бірі болып табылады. Сондай-ақ Президент әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көптеген жалған деректер ұсынылып, өтірік мәліметтер енгізілгеніне тоқталды. Құқық қорғау құрылымдарына сыбайлас жемқорлықтың амалайласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтауды тапсырды. «Көп адам адал еңбекпен тапқан табысынан айырылып отыр. Алдауға сеніп, қылмыстық қаржы операцияларының қақпанына түсіп жатыр. Экономикалық немесе әлеуметтік саладағы алаяқтық қылмыстарға қарсы күресті күшейту қажет. Бұл – өзекті әрі ең басты міндеттердің бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында айтылған экономиканың өсім көрсеткіштерімен қатар, заң шығару ісіндегі құрылтайдың рөлі, мәдениет пен руханиятты жаңғырту, жастарды қолдау, ғылым мен цифрландыруды дамыту сияқты ұсыныстарын біз, Батыс Қазақстан облысының ардагерлері, қолдаймыз және ел бірлігі үшін еңбектенеміз деп толық сеніммен айта аламын.
Мемлекет басшысы шынайы патриотизм ел тарихын білумен, мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезінумен және қоғамға пайдалы болуға сүйіспеншілікпен, адал еңбекпен, заңға құрметпен және туған жерге жанашырлықпен көрінуі міндет деп шегелеп айтқаны да, көкейімізге мықтап ұялады.
Мақсот Берген,
БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы