Орал қаласында «Атамекен» өнер ордасының мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Батыс Қазақстан облысының топонимикасы: ұлттық ономастика – ұлт айнасы, ұлттық таным мен болмыстың көрінісі» атты облыстық семинар өтті. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – Батыс Қазақстан облысының топонимикалық атауларын зерттеу арқылы ұлттық ономастиканың тарихи, мәдени және тілдік құндылықтарын анықтап, олардың ұлттық таным мен болмыстың көрінісі ретіндегі маңызын талқылау болды.
Семинарға облыстық ономастикалық комиссия мүшелері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында ұлттық ономастика саласының өзекті мәселелеріне арналған мазмұнды баяндамалар тыңдалды.
Атап айтқанда, Света Ғаниева «Батыс Қазақстан облысындағы ономастикалық жұмыстар туралы» баяндамасын ұсынса, Ғабит Хасанов «Батыс Қазақстан топонимикасының өзекті мәселелері және Р.Досжанның «Батыс Қазақстан облысының жер-су атаулары» кітабына көзқарас» тақырыбында ой бөлісті. Ұлдай Ержанова «Батыс Қазақстан облысының топонимикасы: өңірлік ерекшеліктер» тақырыбында сөз сөйлесе, Марат Ажғалиев «Батыс Қазақстан облысы топонимикалық атауларының этнолингвистикалық және саяси аспектілері» туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, Райхан Досжан «Батыс Қазақстан облысы трансшекаралық аймағындағы топонимдердің этимологиялық негіздері» тақырыбында тың ақпараттар ұсынды.
Семинар аясында Батыс Қазақстан облысының топонимикасына арналған екі маңызды ғылыми еңбек таныстырылды. Олар – Райхан Досжанның «Батыс Қазақстан облысының жер-су атаулары» атты монографиясы және Ұлжай Ержанованың «Ақжайық өңірінің топонимикасы» атты ғылыми зерттеу кітабы. Бұл еңбектер өңірдің тарихи, мәдени және тілдік мұрасын сақтау мен зерттеуге зор үлес қосатын бірегей еңбектер ретінде жоғары бағаланды.
Семинардың қорытындысында қатысушылар өңір топонимикасын зерттеу мен насихаттаудағы өзекті мәселелерді талқылап, бірқатар ұсыныстар мен пікірлер білдірді.