29.01.2026, 15:00
Оқылды: 9

Ұлттық тарих пен мәдениетті цифрландыру: жаһандық кеңістікке қадам

Президенттің құрылтайда сөйлеген сөзі қоғамда кең талқыланып, әр азамат көзқарасын білдіруде. Музей директоры ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасындағы музей ісіне қатысты ой-пікірлеріне ерекше назар аударуды жөн  көрдім.

WhatsApp Image 2026-01-29 at 14.43.39

Президент өз сөзінде былай деді: «Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде музейді аралап көрдім. Заман талабына сай салынған бұл орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады». Бұл пікір биыл 190 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі үшін айрықша маңызға ие. Музей орналасқан ғимарат тарихи тұрғыдан құнды болғанымен, уақыт талабына толық жауап бере бермейтін ескі нысан екені белгілі. Осы тұрғыда облыс әкіміне ұсыныс айтылып, мәселені шешудің  жолдары  қарастырылуда.

Қызылорда облысында заманауи талаптарға толық жауап беретін жаңа музей ғимараты бой көтеріп, мазмұны мен мүмкіндігі жағынан тың серпін әкелгені қуантады. Мемлекет басшысының бұл бастаманы жоғары бағалауы музей саласына деген мемлекеттік деңгейдегі қолдаудың  нақты  көрінісі  деп  білемін.

Мемлекет басшысының төл тарихымыз мен мәдениетімізді электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосу жөніндегі ойын құптаймын.

Біз күні бүгінге дейін жасаған жұмыстың бәрін арнайы жасақтаған сайтқа енгізіп, шығарылған кітаптарға QR кодтар қойып, көпшілік пайдалануға қолайлы еттік.

Мақсатымыз – тарихымызды, мәдени мұрамызды цифрландырып, кейінгі ұрпаққа  қолжетімді ету.

Музей директоры қызметіне кіріскеніме бес айға жуық уақыт болды. Осы кезеңде салада жинақталған мәселелерді жүйелеп, оларды кезең-кезеңімен шешуге бағытталған нақты жұмыс жоспары әзірленді. Алдағы уақытта атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар туралы жұртшылықты тұрақты түрде хабардар етеміз. Ең бастысы – музей ісін жаңа мазмұнмен дамытып, заманауи тәсілдерді енгізуге деген сенім мен үміт  нығая  түсті.

Жантас Сафуллин,

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале