6.01.2023, 12:30
Оқылды: 89

Ұлттық ұлан әскерінің құрылғанына – 31 жыл

Бүгінгі таңда Тәуелсіз жаңа Қазақстанның нарықтық экономикасы қарқынды дамып келеді. Мемлекетіміз саяси жүйесі мен дамыған азаматтық қоғамы бар, үнемі халықтың әл-әуқатын арттыруды мақсатқа қойған ел болып табылады.

8

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытының арқасында мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар негізінде Тәуелсіз мемлекетіміз жыл сайын көркейіп өркендеп келеді.

Мемлекетіміз жаңа құрылған кезде еліміздің Тұңғыш Президенті Қарулы күштерді, соның ішінде бұрынғы Ішкі әскерлер, қазіргі Ұлттық ұланды  құру туралы маңызды шешім қабылдады. Еліміз тәуелсіз ел болып жарияланған соң 1992 жылы 10 қаңтарда алғашқы болып Құқықтық тәртіп әскері құрылды.

1992 жылғы 23 маусымда «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Бұл құжат ішкі әскерлердің қызметтік-жауынгерлік әрекетінің   негізгі құжаты болып табылады, мұнда ішкі әскерлер әрекетінің барлық жайлары қарастырылған және халықаралық нормаларға сәйкес келеді.

Сонымен бірге 2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген жаңа әскери доктринаға сәйкес Ішкі әскерге экономика мен инфрақұрылымның маңызды стратегиялық объектілерін, соның ішінде мұнай операциялары объектілерін  күзету, аса қауіпті құқықбұзушылықтардың, диверсиялар мен террористік актілердің алдын алу, заңсыз қарулы құралымдармен күресу сияқты жаңа міндеттер жүктелді.

Мемлекет басшысының аса назарының арқасында бүгінгі таңда Ұлттық ұлан әскері  жедел әрекет ете алатын,  жақсы жабдықталған қуатты әскерге айналды.
2014 жылдың  21 сәуірде еліміздің Тұңғыш Президенті  Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлерін Ұлттық ұлан болып қайта құру туралы Жарлыққа қол қойса, ал 2015 жылдың 10 қаңтарында  «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заңға қол қойды.

Бұл заң, аға буын сабақтастығын білдіріп, Ұлттық ұланның азаматты, қоғамды, оның құқықтары мен бостандығын қылмыстық және басқа да құқыққа қарсы қол сұғынулардан қорғау үшін мақсатталған Ішкі әскерлердің даңқты дәстүрлерін  жалғастырушысы екендігін білдіреді.

Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан жауынгерлері күн сайын қырағылық пен шешімділік білдіре отырып,  азаматтардың тыныштығын күзету бойынша қызмет атқарып келеді, қиын жағдайға түскен азаматтарға қол ұшын созып, соның ішінде дүлей  зілзала, өрт және апат кезінде халыққа уақытылы көмек көрсетеді.

Ұлттық ұлан әскер қатарында жауынгерлік қызметті абыроймен атқарып, өзінің өмірін қауып қатерге тігіп ерліктің үлгісін көрсеткен офицерлерімізде аз емес. Олар бүгінгі бейбіт күннің  батырлары:  Халық қаһарманы полковник  Қайрат Умбетов, ІІІ-дәрежелі «Айбын» ордені және  жауынгерлік ерлігі үшін медалінің иегері капитан Отарбаев Ербол, Дильшат Ашимов, Салауат Умбеткалиев, Жандос Баянбаев, Нурасыл Мубараков, Денис Чернышов, Сырым Сундетов, Бактияр Каирбеков. Бұл азаматтардың барлығы да өздерінің ерлік іс-қимылдарымен өзгенің өміріне араша түскен бейбіт күннің батырлары.

2022 жылдың 5 қаңтарында – еліміз  қиын да қауіпті жағдайға тап болған еді. Осындай Күрделі жағдайда Ұлттық ұланның жеке құрамы еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктің  алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның конституциялық құрылысын, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын табандылықпен және батыл қорғап, барлық құқық қорғау органдарымен бірге мемлекетте заңдылық пен тәртіпті орнатты.

Расында, біздің әскерлердің әскери қызметшілері қарулы лаңкестермен күресте алдыңғы шепте тұрып, басты соққыны өздеріне алып, теңсіз жағдайда болғанына қарамастан бүлікшілердің шектен шығып, тонауы мен адам өлтіруіне жол бермеді. Өкінішке орай, жауынгерлік шығындар да болды. Лаңкестермен шайқаста мерзімді қызмет әскери қызметшілері қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров пен қатардағы жауынгер Айбат Аманов қаза тапты.

Жас жауынгерлер өз өмірін қиып, халықтың тыныштығы мен амандығы үшін берілген тапсырмаларды орындады. Қиын жағдайда қарамастан, әскери қызметшілер әскери антына адал болып, өздерінің отан алдындағы міндеттерін соңына дейін орындады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери және қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы мен адалдығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғаудағы ерліктері үшін қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Осы орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде, Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіп пен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін ерлікпен қорғады, осынау қиын-қыстау күндерде Ұлттық ұлан әскері қиындыққа мойымай қасқайып қарсы тұра білді.

Соғыс күшін сынаған сол бір қиын күндерде ұландықтар ерліктің, қайсарлықтың және жанқиярлықтың ауқымды үлгілерін көрсете отырып, Қазақстан халқына және Әскери антқа берік екендіктерін  дәлелдеді.

Төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Ұлттық ұланның 500-ден астам әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құқықтарымен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Батыс» өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілері «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды, бұлар 6655 әскери бөлімінің штаб бастығы полковник Джагипаров Дәурен Асылбекұлы және 6656 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальоны жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының аға механигі кіші сержант Кененбаев Нұрсұлтан Өмірәліұлы.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері игілікті, күрделі  және қауіпті қызмет атқарып келеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланын құқықтық тәртіп әскері деп бекер  айтпаған. Себебі Ұлттық ұлан әскері азаматтардың құқықтарын қорғап, әрдайым көмекке келуге әзір тұрады. Осы қасиеттері  үшін Ұлттық ұлан әскерін  еліміздің азаматтары бағалайды.

2022 жылдың 5 қаңтарында орын алған оқиға еліміздегі бейбітшілікті, достықты, келісімді бағалау қажет екендігін көрсетті.  Бейбітшілік пен тыныштық – еліміздің басты құндылығы екендігін біз Қазақстандықтар  ешқашан ұмытпауымыз керек.

Құрметті Ұлттық ұланның жауынгерлері!  Сіздерді,  Ұлттық ұлан әскерінің құрылғанына 31 жыл толуымен шын жүректен  құттықтаймын! Барлық жеке құрамға, ардагерлерге, отбасы мүшелеріне зор денсаулық, отбасылық береке Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін атқарып жатқан қызметтеріңізге табыс тілеймін!

Б.Алазов,

полковник, ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысының

тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары 

                                                   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале