9.04.2026, 11:15
Оқылды: 11

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары «Батыс» өңіріне жұмыс сапарымен келді

f9141565-d405-4a44-948f-3ba8fb4b878e

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары полковник Ербол Құмарбекұлы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қызметтік іс-сапармен келді.

Жұмыс сапары барысында ол өңірлік қолбасшылыққа қарасты 6655, 5517 және 5546 әскери бөлімдерінің қызметімен танысты. Сапардың негізгі мақсаты – бөлімшелердің жауынгерлік мүмкіндіктерін бағалау, материалдық-техникалық базасының жай-күйін зерделеу, сондай-ақ жеке құраммен кездесу болды.

Іс-сапар аясында полковник Ербол Құмарбекұлы әскери инфрақұрылым нысандарын аралап, бөлімдердің қару-жарақ және техникамен қамтамасыз етілу деңгейін тексерді. Сонымен қатар әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығы мен кәсіби машығына ерекше назар аударылды.

cb9907e2-7845-4de3-b6da-f8381b38f294

Сондай-ақ сапар барысында Орал және Атырау қалаларында сарбаздарға арналған казармалардың құрылысы қаралды. Жеке құрамды заманауи әрі қолайлы жағдаймен қамтамасыз ету әскери инфрақұрылымды дамытудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Жұмыс сапары кезінде әскери қызметшілермен кездесу ұйымдастырылып, онда қызметтің өзекті мәселелері, алға қойылған міндеттер және бөлімшелерді одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Полковник Ербол Құмарбекұлы өз сөзінде жеке құрамның дайындығын жоғары бағалап, олардың алдағы уақытта да қызметтік-жауынгерлік міндеттерді табысты орындайтынына сенім білдірді.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале