Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекетіміздің қорғанысын күшейту және шекарамызды бекіту мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы бүгінде 32 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның Ішкі әскері құрылды. Сол Ішкі әскер 2015 жылдың 10 қаңтарында Ұлттық ұлан әскері болып қайта қалыптасты. Сол кезден бастап Ұлттық ұлан жауынгерлері ел тыныштығын қамтамасыз етіп, өздеріне жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды абыроймен атқарып келеді.
Бүгін Орал қаласында орналасқан Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы өздерінің отыз екі жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті.
Мерекелік іс-шара әскери оркестірдің сүйемелдеуімен, Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқаумен басталды. Іс-шара барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Бекайдар Қазкеев, лауазымдық міндеттерін абыроймен атқарған әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және өз атынан арнайы төс белгілер мен марапаттар табыстады.
Бұдан кейін өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы Бекайдар Маратұлы сөз алып Ұлттық ұланның құрылу тарихына көз жүгіртіп, әскердің дамуы мен дұрыс қалыптасуына үлестерін қосқан әскери қызметшілер мен ардагерлерге құрмет көрсетті.
Айта кетейік, аталмыш шараға бірлесіп іс-қимыл жасайтын құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, ұландықтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап ізгі ниеттерін білдірді.
Салтанатты іс-шара “Атамекен” өнер ордасының талантты жастарының концерттік бағдарламасымен өз жалғасын тапты.
ҚР ҰҰ "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі