Орал қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінің сарбаздары тағы да қырағылық танытты.

Ағымдағы жылдың 11-қараша күні сағат 17:30-дар шамасында Г. Жуков және Ә. Молдағұлова көшелерінің қиылысында патрульдік қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілер ата-анасының қарауынсыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған.
Жағдайға жедел әрі кәсіби тұрғыда әрекет еткен аға сержант Қуаныш Серіков баланың жеке басын анықтап, тиісті шараларды орындап, оны ата-анасына аман-есен табыстады.
Баласымен қайта қауышқан анасы Ұлттық ұлан сарбаздарына шексіз алғысын білдірді. Ол баласын 30 минут бойы іздеп жүргенін және енді құқық қорғау органдарынан көмек сұрағалы жатқанын айтқан.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі